Өткенде радиодан хабарландыру беріп жатыр екен. Ол хабарландыруда: «Қаржы полициясы адал, ар-ұятты сақтаған азаматтарды жұмысқа шақырады», - деп айтылып жатты. Сонда адал адамдар таңдаулылардың қатарына кіріп кеткен бе? деген ойға қалдым. Неге барлық адам бірдей адал болмайды деген ой ғой.
Адал адам – сенімді, өтірік айтпайтын, өз ісіне тиянақты, жауапты, арам ойы жоқ, сөзіне берік, әрбір істе қара қылды қақ жаратын әділ, жасағанын міндетсінбейтін жан. «Осы біз тамақ жемесек баяғыда байып кетер едік» деген екен бір кісі. Сол секілді мына біз өмір сүріп жатқан қоғамдағы адамның барлығы адал болса, дамудың биігіне сонда шығып, өмір сүру әлдеқайда жеңіл болар ма еді?! Адамның өзін-өзі жақсылыққа жетелеп, адал болуға тырысуы, өзге адамдар үшін пайдалы көрінгенмен, өзі үшін мол иігіліктері бар. Себебі, бергенің қалай болса, аларың да солай болмақ. Адамның күні адаммен екенін де ұмытпау керек.
Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінің соңына дейін әділдікті, адалдықты насихаттап, басқаларға іс жүзінде үлгі болып кетті. Алла елшісінен (с.а.у.) тәлім-тәрбие, үлгі алған саңлақ сахабалардың өмірі де тұнып тұрған әділдік пен адалдық. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне пайғамбарлық уәзипа келмей жатып, ел ішінде адал, сенімді адам ретінде танылған болатын. Адалдығына шек келтірмейтін жұрт, бір жерге баратын болса өздерінің қымбат заттарын Пайғамбарымызға (с.а.у.) тастап кете беретін. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) жақын досы Омар (р.а.) халифа болып тұрған шағында да адалдықтың, әділдіктің қас үлгісін көрсетіп үлгі болған еді. Бір күні алдына жеке шаруаларымен келген кісіні қабылдап, жеке жұмысы болғандықтан мемлекеттің майшамын өшіріп, өзінің жеке майшамын жаққан болатын. Сондықтан әрбір мекеме қызметкерлері қызметтік көлікті жеке басының шаруасы үшін мінуге, кеңсе телефонын қызмет бабынан тыс мақсаттарға пайдалануға, ақ қағаздың өзін бас пайдасына асырудан сақтанғаны дұрыс. Дана халқымыздың: «Судың да сұрауы бар», - деуі тегін айтылмаса керекті.
Қайсыбір мекеме қызметкері болмасын, өзіне сеніп тапсырылған дүниелерге үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Жұмыс орнының мүлкіне аманат есебінде қарап, оған қиянат жасамай, кісі ақысын жемей, ысырап етпей, бүлдірмей ұқыпты ұстауы қажет. Өйткені аманатқа қиянат жасау, кісі ақысын жеу, әділетсіздік жасау, адал болмау – үлкен күнә.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Егер адамдар сенің бойыңдағы бір істі көруін қаламасаң, онда ол істі жеке қалғанда да жасама»,– деп тек адамнан ғана емес, Алладан да шынайы түрде ұялуға, адал болуға шақыратын және өзі де үлкен ұят иесі еді. Бұл аталған хадиске өмірден мысал келтірейік. Мысалға, бастығыңыз бір жұмысты тапсырып кетті делік. Сол жұмысты бастығыңыз жаныңызда бақылап тұрғандай жасасаңыз, міне, сол – адал жұмыс. Өйткені сіз ол жұмысты кем-кетіксіз жасайтыныңыз анық.
Парақорлық жайлаған, жемқорлық қанатын кеңге жайған мына заманда адалдық жайында мәселе қозғау өте қажет. Мемлекеттің қаржысына қол сұғып немесе бір мекеменің қорындағы ақшаны есебін тауып жымқыру адалдыққа әсте жатпайды. Бұл нағыз арсыздық деуге болатын шығар. Күнәсін айтпағанда.
«Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен», - деп М. Әуезов атамыз да санамыздан ойып тұрып орын алатын ойлы сөз айтқан.
В. Гюго: «Ұлыға бәрінен гөрі адалдық жақын тұр» десе, «Жер бетінде адал адамнан өткен тамаша ештеңе жоқ», - деп Р. Роллан да тамаша айтыпты.
М.И. Калининнің мына: «Адал өмір сүргеніңді білген кезде өмір өте жақсы және жеңіл көрінеді» дегеніне адамдар мән берсе және орындаса: «Рас, екен-ау» дейтіні анық.
«Адалдық – өмірден қымбат (Ф. Шиллер), Ғұмыр бойы бақытты болғың келсе – адал адам бол (Т. Фуллер), Асыл қасиет – адалдық, асыл мінез – адамдық (М. Горкий), Адал арың – ақ мамық жастығың (Г. Ибсен), Адал адам - жалпының игілігіне бола өмір сүреді, ортақ мүддеге бола жеке мүддені құрбан етеді (Н. П. Огарев)» деген афоризмдер адал болуға үндейтін сөздердің алды болса керек.