Уаһб ибн Мүнәббиһ деген атақты табиғин мынадай риуаят жеткізген. Оның айтысына қарағанды Алла Тағала Ібіліске Мұхаммед пайғамбарға барып, оның сауалдарына жауап бер деп жіберген екен. Сонда Ібіліс қолында аса таяғы бар қарт адамның бейнесінде келіпті. Пайғамбар оған: «Сен кімсің?» - дегенде, ол: «Мен Ібіліспін» деп жауап береді. «Не үшін келдің?» деп сұрағанда, Ол: «Мен Алланың бұйрығымен келіп отырмын, Ол маған сенің бүкіл сұрақтарыңа жауап беруімді әмір етті» дейді. Сонда Пайғамбар оған: «Ей, Алланың қарғысына ұшыраушы! Олай болса айтшы! Менің үмбетімнің ішінде қанша дұшпаның бар?» деп сұрайды. «Он бес дұшпаным бар» дейді де он бесін былай сайып өтеді:
- Ең бірінші дұшпаным - сенсің.
- Екіншісі - әділ басшы (патша).
- Үшіншісі - кішіпейлі бай.
- Төртіншісі - шыншыл адал саудагер.
- Бесіншісі - Құдайдан қорқатын ғалым.
- Алтыншысы - айналасына жақсы мәмілелі мүмін.
- Жетіншісі - жүрегі жұмсақ мүмін.
- Сегізіншісі - тәубәкар әрі тәубесінде берік мұсылман.
- Тоғызыншысы - харам нәрселерден бойын аулақ ұстаушы тақуа.
- Оныншысы - көркем мінезді, әдепті мұсылман.
- Он біріншісі - көп садақа беретін мүмін.
- Он екіншісі - әрдайым таза жүретін мүмін.
- Он үшіншісі - адамдарға пайдасы тиетін мұсылман.
- Он төртіншісі - Құранды үнемі оқып жүретін Құран жаттаған қари.
- Он бесіншісі - түн ортасында адамдар ұйқыда жатқанда тұрып намаз оқушылар» - деген екен.
Сонда Пайғамбар оған: «Менің үмбетімнің ішінен достарың кім?» деп сұрапты. Ол: «достарым он» деп те, былай жеке-жеке сайып өтіпті:
- Біріншісі, залым әділетсіз патша.
- Тәкәппар бай.
- Қиянатшыл саудагер.
- Арақ ішкіш.
- Жала жапқыш, өсекшіл суайыт.
- Зинашы.
- Жетімнің малын жеуші.
- Намаздарына немқұрайлы қараушы.
- Зекетті бермейтін адам.
- Дүниені жақсы көретін, ақыретін ұмытқан адам. Осылар менің достарым, һәм, бауырларым» - деп жауап берген екен1.
1 Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Тәнбиһуль Ғофилин». Шайтанның дұшпандығы.