Шағбан айына қатысты айтылған хадистер
Шағбан айына қатысты айтылған хадистер
7 жыл бұрын 15858
Абдусамат Қасым

1) Айша анамыз былай дейді:
«Пайғамбарымыз кейде (көп) ораза ұстайтыны соншалықты, мүлдем ауыз ашпайтын шығар дейтінбіз. Ал, кейде мүлдем ауыз бекітпей жүретіні соншалықты, ораза ұстамайтын шығар дейтінбіз. Мен Пайғамбарымыздың Рамазан айынан басқа әлдебір айды толық оразамен өткізгенін көрмедім. Және оның басқа айларда Шағбан айындағыдай көп ораза ұстағанын көрмедім (яғни, Шағбан айында өзге айлардан қарағанда көбірек ораза ұстайтын)». (Бұхари. Мүслім).

2) Басқа бир риуаятта Айша айнамыз былай дейді: «Оның (с.а.у.) Шағбан айын толығымен оразамен өткізген кезі болды. (Әйтсе де) Шағбан айында аз ғана күн ораза ұстаған кезі де болды». (Бұхари. Мүслім).

3) Әнәс ибн Мәликтен жеткен хадисте былай делінеді: «Пайғамбарымыздан: «Рамазан айынан басқа қай айдағы ораза артық? - деп сұралғанда Ол (с.а.у.): «Рамазан оразасын ұлықтағаны үшін (немесе Рамазан оразасына дайындық үшін) ұсталатын Шағбандағы ораза», - деп айтты. Және «Қандай садақа артық?», - делінгенде, Ол: «Рамазан айында берілген садақа артық», - деді». (Имам Тирмизидің хадистер жинағы).

4) Үсама ибн Зәйд былай дейді: «Мен Алла елшісіне: «Я, Расулаллаһ! Сенің өзге айлардың бір де бірінде Шағбан айындағыдай (көп) ораза ұстағаныңды көрмеймін», - дегенімде Ол (с.а.у.): «Ражап пен Рамазан екеуінің ортасында келетін бұл ай хақында адамдар хабарсыз. Бұл айда барлық істер әлемдердің Раббысына көтеріледі. Менің де істерім Алланың құзырына аузым берік болған күйде көтерілуін қалаймын», - деп жауап берді». (Имам Нәсәи. сахих.).  

5) Сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді: «Шағбан деп аталуының себебі, бұл айда ораза ұстаушыға көптеген жақсылықтар бөлініп тұрады, пейішке кіргенге шейін». (Сүюти. Әл-Жәмиғус Сағир.).

6) «Шағбан айының ортасындағы түнде Алла Тағала жердегі халықтарға кешірім етеді (күнәларына). Бірақ, серік қосушылар мен мұсылмандарға дұшпандық еткендерге емес». (Табарани. Ибн Мәжә. хасан хадис).

7) Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді: «Шағбан айының ортасына келгенде (одан кейінгі күндерде) ораза ұстамаңдар». (Әбу Дәуід. Тирмизи).

8) Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі былай деді: «Рамазаннан алдыңғы (қалған) бір-екі күнді оразамен өткізбеңдер. Алайда, бұрынан ораза ұстап жүрген кісі болса, ол ұстай берсін». (Сахих Мүслім).

9) Үмму сәләмә (р.анһә) былай дейді: «Мен Шағбан мен Рамазаннан басқа, Пайғамбарымыздың қатарынан екі ай ораза ұстағанын көрмедім». (Әбу Дәуід. Тирмизи).

10) Айша анамыздан жетті делінген бір хадисте былай делінген: «Рамазан айы – Алланың айы. Шағбан айы – менің айым. Шағбан – тазартушы ай. Рамазан – күнәні жуып-шаюшы ай». (Әлсіз хадис. «Жалған хадис» дегендер де бар).

11) Әли ибн Әбу Талиб былай дейді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Шағбан айының ортасы болғанда түнін ғибадатпен, ал күндізін оразамен өткізіңдер. Алла Тағала сол күні күн батқанда дүние аспанына түседі де былай дейді: «Менен кешірім тілейтін пенде бар ма, кешірім етейін? Менен ризық-несібе тілейтін пенде бар ма, ризығын арттырайын? Ауру-сырқауға шалдыққан бар ма, саулық берейін?» т.б. осылай таң атқанша жалғасады». (Ибн Мәжә. Сүнән. әлсіз).

12) Хадисші Мүбәрәкфури былай дейді: «Біліп қойғын. Шағбан айының ортасындағы түннің артықшылығы жайында (бараат түні) көптеген риуаяттар келген. Ол риуяттардың жиынтығы – ол түннің негізі бар екендігіне айғақ... Және осы хадистердің бәрі қосылып «Шағбанның ортасындағы түннің артықшылығына қатысты негіз жоқ» деп ойлайтындарға қарсы дәлел болмақ. Ең дұрысы – Аллаға мәлім». (Түхфәтуль Әхуизи. №739 хадис түсіндірмесі).

0 пікір