Сақал өсірудің пайдасы
Сақал өсірудің пайдасы
5 жыл бұрын 12742

 

Сақал тері обырынан қорғайды

Күннен бөлінетін ультракүлгін сәуленің зиянды әсері - тері обырының (рак) дамуына алып келуі мүмкін, ал сақал болса, теріні күннен қорғайтын ерекшелікке ие. Сондықтан, сақалы бар адамдарда тері обырының даму қаупі айтарлықтай төмен, өйткені, сақал зиянды күн сәулелерінің 95% -ын теріге өткізбей, кедергі жасайды екен. Бұл көптеген зерттеулермен расталған факт. 

Сақал аллергияға және басқа ауруларға қарсы тұрады

Сақалдың ерекшеліктерін зерттеп-зерделей келе ғалымдар, оның аллергендер мен бактерияларға бөгет жасайтын «сүзгіштік» қызмет атқарады деген қорытындыға келді. Сақалдың арқасында аталмыш зиянды заттар өкпеге өтпей, астма, аллергия және бактериялық аурулардың алдын алған болады. Мектеп шағымызда мұрын ішіндегі кішкентай қылшықтардың не үшін қажет екендігі айтылған еді, сақал да сол рөлді атқарады.

Сақал жас болып қалуын қамтамасыз етеді

Сақалды адамдар сырт көзге үлкен болып көрінгенімен, шын мәнісіне келгенде, сақал жастықты сақтауға көмектеседі екен. Неге десеңіз, беттегі әжімдер мен терінің мерзімінен бұрын қартаюы күн сәулесінің әсерінен дамиды, сақал теріге күн сәулесінің тікелей түсуіне жол бермейді. 

Сақал тері инфекцияларынан қорғайды

Әркезде қырынып жүру - шаш фолликулаларының қабынуын, түктердің пайда болуын, безеуді және басқа да қабыну процестерін тудырады. Сақал өсіру арқылы, сіз бұл проблемалардан және өзге де қырынудан туындайтын келеңсіз нәтижелерді ұмытасыз. Себебі, ұстара теріні жарақаттайды. Оның әсерінен болған жарақаттарды көзбен көру қиын, бірақ ол жарақаттар бактерияларды тартатын жем болып табылады. Әсіресе қырудың нәтижесінде, тері бөртпелерге бейім болып келеді және де ескі безеулерді өршітіп, көптеген жаңа безеулердің пайда болуына әкеп соғады. 

Сақал ылғалды ұстауға көмектеседі

Үнемі қырынып жүрудің тағы бір кесірі, ол теріні құрғатып жібереді. Одан кейін, тері ыстық пен суыққа, күн мен желге шыдас бере алмайтындай күйге енеді. Ал, сақал болса, терідегі ылғалдың қажетті мөлшерде сақталуына көмектеседі және май бездерінің белсенділігінің бұзылуына жол бермейді, яғни үнемі терінің ылғады күйін ұстап тұрады. 

Сақал жылытады

Сақалды өсіріп көріңізші, оған көзіңіз жетеді. Мойындағы және беттегі шаштар шарф секілді жылуды сыртқа шығармай, сақтап тұрады. Әрине, бұл шарфты мүлдем тақпаса болады дегендік емес, шарфты да таққан дұрыс, сонда сақалмен бірге екі жақты қорғауды қамтамасыз еткен боласыз. 

Сақал – сексуалдылықтың белгісі

Бұның денсаулыққа қатысы жоқ, бірақ бұл аспект те маңызсыз емес. Дұрыс пішіндегі сақал ер адамды нағыз еркек қылып көрсетеді. Бұлай ойлайтындар тек нәзік жандылар ғана емес, жігіттердің өздері де осындай пікірде. Американдық зерттеушілер кең көлемді сауалнама жүргізген екен. Сауалнамаға қатысушы ер адамдардың 53% -ы сақалмен өздерін әлдеқайда тартымды сезінетіндіктерін білдірген, сонымен қатар олар көбінесе сақалдарына байланысты комплименттер алатындықтарын атап өткен.

 Орыс тілінен аударған: islam.kz 

0 пікір