Сәлемдесу сыйластықты күшейтеді
Сәлемдесу сыйластықты күшейтеді
9 жыл бұрын 7330
Бердібек Мәсенов
Біз еліміздегі баршаны өзімізге бауыр ретінде қабылдап, бір-бірімізбен жылы сәлемдесуді де өзімізге міндет деп білеміз. Өйткені сәлемдесу сыйластықты күшейтуде айтарлықтай маңызға ие. 
Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм): «Бір-біріңе деген сүйіспеншілікті арттыратын істі айтайын ба?» деп сұрап, сахабалары «Айтыңызшы, уа, расулалла» дегенде: 
– Өзара сәлемдесуді жайыңдар, танысаңдар да, танымасаңдар да баршаға сәлем беріңдер, ешкімді сәлем дұғаларыңнан мақұрым етпеңдер» деп ескерткен.
Аят пен хадистердегі осы секілді ескертулер себепті кездескен бауырларымызға алғашқы сөзіміз «әуелі сәлем, артынан кәлам (сөз)» болып, еш танымаған адамдарға да әуелі сәлем беру арқылы танысып, бауырластыққа жол ашамыз. 
Қайырлы таң, қайырлы күн сөздері Құранда кездесетін «Сәламун алайкум!» деген дұғаның орнын баса алмайды. Өйткені сәлемде қамтылған мағынаның аясы кең. 
Бірде ғалым кісі сәлем бермей жатып сөйлеп кеткен жанындағы адамға мынандай ескерту жасаған: 
– Сөзіңді алдымен сәлем беріп барып бастағаныңда, он сауапқа кенелер едің, мен де сәлем дұғаңды алу арқылы он сауап алар едім. Сөйтіп жиырма сауапты дұғамен әңгімемізді бастар едік. Онда нәтижесі әлдеқайда қайырлы әрі берекелі болар еді. 
Осы себепті мұсылмандардың бір-біріне деген осы сәлем дұғасы өмір бойы жалғасады. Оған болмашы сылтаулармен көз жұма қарауға болмайды. Сүннет ретінде сәлем береді, парыз ретінде сәлем алады. 
– Жұмақ тұрғындарының өзі осы қасиетті сөзбен сәлемдесіп, өзара бір біріне дұға жаудырады.
– Сәлемдесудегі кезек әуелі жасы кішілер жасы үлкендерге, жүргендер отырғандарға, арт жақтан келе жатқандар алда кетіп бара жатқандарға сәлем беруі құптарлық. 
Алайда бұл кезекке қарамастан сәлем беруде алдымен ыңғай танытқандар сауапта да алда жүреді. Ең көп сауапты бірінші болып сәлем берген адам алады. Бұдан бөлек, ренжіскендер арасында да алдымен сәлем беріп, татуласу үшін бірінші болып қол созғандар, мақтауға лайық нағыз ер болып саналады. 
– Көпшілікке бір кісі сәлем бергенде, сол көпшілік ішінде отырғандардан бір кісінің сәлем алуы жеткілікті...
– Ер кісілер кәрі жастағы әйелдерге сәлем бере алады...
– Үйге келген әлдекімнің отбасы мүшелеріне алғашқы айтар сөзі «Әссәләму алайкум!» болуы тиіс. 
– Қоғам ішінде бізді бір-бірімізбен араластыратын әдет сәлемдесу және қол алысу. Бұл да сүннет. Қол алысқан адамдар өзара сүйіспеншілікті арттырып, сауап алып қана қоймай, сыйластықпен алысқан қолдар бір-бірінен ажырағанда, иесі кішігірім күнәларынан арылады.  
Демек, сәлемдесу арқылы өмірде достығымызды, бауырмашылдығымызды, бірлігімізді нығайтамыз. Ол ақыретте күнәларымыздан арылтып, сауабымыздың көбейе түсуіне себеп болады. 
Сәлемдесу сүннетіне мән бермегендер осы жалпы дұғадан мақұрым болумен қатар қоғамға, араласқан ортаға салқын қарап, бірте-бірте жатбауыр тартады. Өмірде бұндайлардың ұтары жоқ, ұтылары көп. 
Осы себепті былай дегіміз келеді: 
Әй, естілер, арамызда сәлемдесуді жаяйық!
0 пікір