СӘЛЕМ САҒАН, РАСУЛАЛЛА!
СӘЛЕМ САҒАН, РАСУЛАЛЛА!
10 жыл бұрын 4774
Серік Тәжібаев

Әлемдердің раббысы Аллаға мың сан мадақ, сансыз шүкірлер! Ақырғы Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі!

Ислам діні жалпы хақ діні. Сол хақ діннің келуімен бұрын соңды тарихта болмаған ізгі төңкерістер орын алды, адамзат Хақты танып, оған дұрыс құлшылық жасап, ізгі амалдармен сараланды. Ал, сол сараланған сара жолда ертеде өркениетті тек қана тайпа мен ру ішіндегі тартыстарды шешумен өлшейтін адамдар Ислам мәдениетін тани түсті. Білімге ұмтылып, надандықты жеңіп, Ислам өркениетін, мәдениетін әлем халықтарына сауатты түрде таратты, яғни, Исламның келуіне дейін орын алған озбырлықты санадан жойды. Осындай істің бастауына арқау болған қандай күш?  Осы тұрғыдағы сұрақтың шешімін тарқатып көрелік.

Егер біз бір кісіге ол білмеген істі орындауды тапсырар болсақ, ол кісінің алғашқы сұрағы қандай болмақ? "Мен ол істі қалай істеймін, мен оның қалай жасалатынын білмеймін ғой?!" Осы кішкентай мысалдан қарапайым тұжырымдама шығарып жауап берсек, былай болар еді: "Мұндай жетістіктердің арғы жағында қалай деген сұрақтың жауабы жатыр. Біздің түсінігімізде ол жауапты бір сөзбен ғана идеал деп алуымызға әбден болады, және Ол идеал Мұхаммед (с.а.у.). Осы кісінің (с.а.у.) жетекшілігімен, адамдарға деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында адамзат баласы екі дүние бақытын тауып, оған өзгелерді де қауыштыруға болатынын ұғынды. Дәл осы ақиқат белгісіне (с.а.у.) қарап өмір кемелерін бағыттады.

Алдыңғы Алла Тағаланың тарапынан түскен үш кітап белгілі бір қоғам үшін, сол қоғамды азғындықтан, надандықтан тыю, Алланың жолына салу деп  келген болса, ал Құран Кәрім барша адамзатқа түскен. Мына сынаққа толы  өмірде  өзінің  "Кім үшін? Не үшін? Қандай мақсатпен жаратылдым? " деген көкейді тескен сұрақтар мен маза бермейтін ойларды айқындап беру үшін, харам мен халалдың ара-жігін ажырату, ақиқатқа деген сауатын ашу жолында   Сүйікті құлы Мұхаммедті (с.а.у.) Алла Тағала Өзі мен  пендесінің арасында Елші етіп қойған.

Ол (с.а.у.) Алланың рахым, мейірім нышаны. Адамзат баласына азғындықтан арылып игілік пен жақсылыққа ұмтылуына, құлшылықтарына, олардың жалпы өміріне жіберілген күн жарықта күлімдеген күн, ал қараңғыда нұр, сәуле, теңіз компасы іспетті. Үмметі үшін құлшылығын аямаған, олардың жасаған күнәлі әрекеттері үшін Алладан кешірім сұрап, күні бүгінге дейінгі үмметінің қамын жеп, қайғы мұңын арқалады. Қаншама көз жасын да төкті емес пе?! Армысың, РасулаАлла!

Бұл бір мәрте шырпыдай жанған, қайталанбас құбылыс па?  Әрине жоқ. Қоғам ішінде бір адамдар бар, өмір бойы ізденіспен жүретін, білсем көрсем танысам деп ұмтылатын, енді бір адамдар бар, дініне деген сүйіспеншілігі оны тек қана алға жетелейтін, үзілмейтін құлшылығы бағытын танытатын. Енді бірі,  қалауы бар, қолайы жоқ. Қауқары бар, бағыты жоқ. Міне, соларға Хақ Елшісін (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) таныту керек, дәріптеу керек. Өзін өзгенің бақытына жұмсай алған, анаңдай мейірленіп, әкеңдей қорғаған бұл тұлғамен таныстық көкірек көзін ашып, көңілін жібітер еді ғой. Хазреті Мұхаммедтің (с.а.у.)  асыл қасиеттеріне таңқалғандар мен таңырқағандар сөзсіз Алла Тағаланың теңі жоқ құдыреті шексіз екеніне көздері жетіп және  ұлықтап, Ислам дінін өз жолым, көп іздеген бақытым деп қабылдағандар қаншама десеңізші? Құранда бұл жайында: "Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің",- деп баяндалады («Қалам» сүресі, 4-аят). Сәлем Саған, РасулАлла!

Қайсібіріміз түн ұйқымызды төрт бөліп, уайым кешіп, мұсылмандар халін ойлай алсақ, артынан ергеніміз. "Ертең сенің кім боларыңды оқып жатқан кітабың мен ортаң шешеді" деген даналық сөзге арқау бола алдық па? Біз, үмметі атынан, оның қалдырған дін аманатын, дін қазынасын өзгелерге тиісті деңгейде жеткізе алып жатырмыз ба? Оның (с.а.у.) жүріп өткен жолындағы қиыншылықты бір мезгіл еске алып, дәріптеп жүрміз бе, өмірде соның деңгейінде дос болуға қаншалықты күш салып жатырмыз? Неге Пайғамбарымызды (с.а.у.) өзімізге үлгі қылмасқа? Бұл сұрақ әр мұсылманды мазалау керек.

Қасиетті Құран Кәрімде Хақ Тағала "Әнбия" сүресінің 107-ші аят жолында: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік», - делінеді. Солай келді де, рахым әкелді, тек рахым ғана. Әрбір істері соған дәлел болуға жарарлық.

Бұл керемет үлгі иесінің (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) тұла бойы өнегеге толы болатын. Кей адам жомарт болсада ысырапшылдыққа жол беріп қояр, қанағатшыл болсада аш көздікке салынып кетер, бірақ мұндай сипаттар Пайғамбардың (с.а.у.) бойынан табылған емес. Оның алдында болып қайтқан бір әйел: "Өмірімде мұнша таза адамды көрмедім",-десе, екінші біреулер: "Мынау жүзде алдау мүмкін емес",-деп дінін қабыл еткен.

Жанына ерген саңлақ сахабалары (Алла оларға разы болсын) оның әрбір қадамын аңдып, қажетін тосқызбайтынына қарамастан, ол менмендік пен тәкаппарлықтан алыс болып: "Мен құлмын, құлдар сияқты отырып тамақ ішемін", - дейтін.

Сахабалары адал серіктері өздері отырған орындарын ұсынғанда, ол оны қабыл алмайтын, өзін соншалық Алланың құлымын деп санайтын жан осы кісі, осы тұлға. Өмірде қанша жұмсақ болса, соғыстарда соншалықты адуынды, табанды да, һәм әрбір қасиеттің орнын білер дана да болатын.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) үмметі үшін, оларың дұрыс амалдары үшін, Алладан сауап жинаулары үшін сүннет салтын қалдырған. Сол қасиетті хадистердің кейбіріне тоқталғанымыз жөн болар.

Әбу Саид Мәлик ибн Синан әл-Худри (Оған Алла разы болсын): «Бірде Алла Ешісіне (с.а.у.) ансарлардан бір топ адам бұйымтайын айтып еді, сұрағандарын берді. Олар араға біраз уақыт салып тағы сұрады. Алла Елшісі (с.а.у.) бұл жолы да олардың бетін қайтармай, қолындағы барын ұстатты. Қолындағы дүниесі таусылған соң оларға: "Қолымдағы барымды сендерден аямаймын. (Бірақ айтарым) кімде-кім өзгеге қол жайып қайыр тілеуден арын сақтаса, Алла оны арлы, әрі абыройлы қылады. Кімде-кім ел-жұртқа зәрулік танытпаса, Алла оның күнін ешкімге қаратпайды. Ал кімде-кім сабырлы болуға тырысса, Алла оған түгесілмес сабыр береді. Ешбір жанға сабырлықтан да үлкен әрі қайырлы сый нәсіп етілмеген", - деген еді. (Бұхари, зәкәт 50; Муслим, зәкәт 124).

Әнәс (Оған Алла разы болсын): «Алла елшісінің (с.а.у.) алақаны дүриядан да, жібектен де жұмсақ болатын. Сондай-ақ, оның үстінен аңқыған  хош иістей иісті кезіктірмедім. Алла елшісіне  (с.а.у.) он жыл қызмет еттім. Маған бір рет те «түһ (сенен шаршадым)» деп көрген емес. Әрі қандай да бір ісіме мін тағып: «Неге олай істедің?» немесе бір істі істемесем: «Неге былай істемедің?» деп өмірі бір кейіген емес», - деген болатын. Және де зағип жандар оның Пайғамбар екенін осы жұпар аңқыған иісінен таныған екен (Бұхари, мәнақиб 23; Муслим, фадайл 82).

Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) бойында кездесетін ең керемет қасиет пен мінездердің бірі ол сабырлық еді және де осы сабырлық жайында көптеген хадистер жеткізілген. Сабырлық – Алладан адамға нәсіп етілген ең құдыретті қасиеттердің бірі болмақ.

Әбу һурайра (Оған Алла разы болсын): «Бір жолы бір бәдәуи мешіттің ішінде тұрып дәрет сындырды. Оны көрген мешіттегілер сазайын бермекке жалма-жан  орындарынан атып тұрды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) болса оларға: «Оған тиіспеңдер. Дәрет сындырған жеріне бір шелек су төгіңдер. Шынында, сендер (басқаларға) қиындық тудыру үшін емес жеңілдік жасау үшін жіберілдіңдер»,-деген (Бұхари, удуу 58/әдәд 80). Пайғамбарымыз (с.а.у.) әділеттілердің әділеттісі болған. Ол әр нәрсені сабырлықпен және өз орнымен шешетін. Оның ең басты қасиеті жұрт әйелін сеніп тапсыратындай аманатшыл болатын. Сыйлықтардан бас тартпайтын, бірақ садақа алмайтын. Арнайы мектеп оқымаса да, қысқа сөзбен көп ой жеткізе аларлық дәрежесі болатын.

Ол (с.а.у.) тек қана адам баласына ізеттілік көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар хайуандарға да, жан-жануарларға да аса құрметпен қараған. Хазреті  Омардың  ұлы  Абдуллаһ  (Алла екеуіне де разы болсын) жануарларға азап көрсеткендерге Пайғамбарымыздың  лағнет айтқанын жеткізген. Хақ Елшісі (с.а.у.)  адамдарға да, жануарларға да мейірім нұрын төккен. Тұла бойы тұнған мейірімге толы еді, адамдар оны көріп мейірім нұрын, шексіз мейірімділікті сезінетін бір көрген жан және бір көргісі келетін. Бір күні сүйікті жары Айша анамызға бір түйені беріп: "Ей, Айша, мынаны ал және (оған) мейірімді бол. Себебі, мейірім бір адамның жүрегіне ұяласа міндетті түрде оның көркін арттырады, ал егер жүрегінен ұшса міндетті түрде оны көріксіз етеді", – дейді.Тағы бір асыл мінезінің айғағы болған мына бір оқиға. Пайғамбарымыз (с.а.у.) отырған кезінде, мысық келіп шапанына жатып алған екен. Содан Пайғамбарымыз (с.а.у.)  мысықтың ұйқысын бұзғысы келмей, жәй ғана мейірлене қарап, шапанының мысық жатқан етегін кесіп тастап кеткен екен.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мақтау тек Аллаға ғана тән екендігін және өзінің тек "Алланың құлы және Елшісі" деп қана айтуларына рұқсат беретіндігін сахабаларына өсиет етіп қалдырған.

Әрбір бұйырған жақсылықты алдымен өзі жасайтын. Сөздерімізді Ол (с.а.у.) жайлы сұралғанда берген Айша анамыздың (Алла ол кісіні рахым етсін)  жауабымен тамамдаймыз.  Ол (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бослын) қандай еді деп сұрағанда Айша анамыз (Алла ол кісіге рахым етсін): "Сендер Құран оқымайсыңдар ма?! Ол кісінің (с.а.у.) мінезі Құран еді ғой!",- деген болатын.

Расында, Алла Тағала бізге  енді кезікпейтін бақты бір көрсеткендей. Бізге, яғни, пенделеріне жіберген ең керемет сыйы осы бір жан болатын. Ал, бұл жан Алла тарапынан келген өз миссиясын керемет, баға жетпестей етіп орындап, өзінің ізін жалғайтын үмметіне сүннет амалын сыйға тартты. Хақ дінімізді шексіз өмірден озғанынша дәріптеп, қаншама өзімшіл, дін білмеген тәкәппар көкіректі Мұсылман атандырды емес пе?! Ал, бұл адамзат тарихында бұрын соңды болмаған төңкеріс еді. Ол өмір сүген кезең, Исламның гүлденген дәуірі, белең тараған кейі еді. Исламды танымайтындар осы бір жанның білімпаздылығы мен сауаттылығының арқасында бек таныды. Құлшылықтың не екенін түсініп, ақырғы сәттеріне дейін құлшылығын үзбеді. Ал қазір қаншама ғасырлардан соң Исламның нақ гүлденер сәтінде оны танымай, адасып жүргеніміз қаншама?! Ой таразысы өткен мен қазіргі кездің адамдарының құлшылығын салыстыра да алмайтын дәрежеге жетті. Себебі, Исламды дәріптеудің орнына тәркілейтіндер де оны танымай жатып қаралайтындарда көптеп кетті. Бірақ, сондай өрескел жандардың арасында Хақ дінді әлі де насихатап үммет деген есімге ие болар ұрпақтың да шығарына сенімімізде жоқ емес. Ертең Исламды дәріптер ғалымның да шығарына сеніміміз мол. Сондықтан да біз өз ортамызға дінімізді сүйкімді етіп үйретуіміз қажет. Дініміз бізге Алла Тағаланың берген ең үлкен сыйы, мейірімі. Алла баршамызды сүйікті құлы, Пайғамбарымыздың  (с.а.у.)  лайықты үмметі етсін. Даналықты арттыруға мүмкіндік берсін, екі дүниені тең ойлар, ізгі амал жасар ұрпақ нәсіп етсін! Аллаһумма сәлли ала Мухаммад, уа Әлхамдулилләһи Рәббил-Аламин!

1 пікір