Сахабалардың әзіл-қалжыңы
Сахабалардың әзіл-қалжыңы
8 жыл бұрын 5856
Ауф ибн Мәліктің Пайғамбарымызбен әзілдесуі


Ауф ибн Мәлік әл-Әшжаи (р.а.) былай әңгімелейді: «Тәбук шайқасында Расулаллаһта әлдебір шаруам болып, ол отырған шатырға келдім. Сәлем бердім, Ол сәлемімді алды да: «Ішке кір!» – деді. Шатыр құрқылтайдың ұясындай шағын болғандықтан: «Уа, Расулаллаһ, барлық денеммен кірейін бе?» – дедім. Ол: «Барлық денеңмен кір!» – деді».


Нұғайманның Суәйбитті әзілдеп құл ретінде сатып жіберуі

Үмм Сәләма (р.а.) былай әңгімелейді: «Хазірет Әбу Бәкір (р.а.) сауда жасау мақсатымен сапарға шыққан болатын. Нұғайман мен Суәйбитті де қасына ертіп алды. Екеуі де Бәдір соғысына қатысқан. Жол азығы Суәйбитте болғандықтан, Нұғайман:

- Қарным шұрқырап кетті», – деді. Суәйбит:

- Әбу Бәкір келсін, сосын тамақтанамыз, – деді. Нұғайман әзілқой адам болатын. Далада мал бағып жүрген малшыларға барып:

- Менің күш-қайраты бойына сыймаған бір құлым бар, аласыңдар ма? – деді. Малшы:

- Иә, аламыз, – деді. Нұғайман:

- Бірақ ол сөзге мерген, сендерге құл емеспін деуі әбден мүмкін. Егер оған сеніп, өзін босатып жіберетін болсаңдар, қазірден бас тартыңдар, – деді. Малшылар:

- Жарайды, алдық, – деді. Нұғайман Суәйбитті он інгенге сатты. Ойда-жоқта олжаға кенелген Нұғайман он інгенді алдына салып, айдап алып кетті. Малшыларға Суәйбитті көрсетіп:

- Міне, мынау манағы айтқан құл, алып кетіңдер, – деді. Суәйбит:
- Оған сенбеңдер, жалған айтып тұр. Мен құл емеспін! – десе де, малшылар:

- Біз сен туралы естідік, осылай айтатыныңды біліп едік, – деді де, екі сөзге келмей байлап-матап алып кетті.
Әжептәуір уақыт өткен соң Әбу Бәкір (р.а.) болған жайды естіп достарымен бірге малшыларға барып, түйелерді иесіне қайтарды да, Суәйбитті босатып алды. Олар Мәдинаға келгенде, болған оқиғаны Алланың елшісіне (с.а.у.) айтып берді. Бұны естіген Расулаллаһ пен сахабалар көпке дейін күлкісін тия алмады. Тіпті бір жыл бойы осы оқиғаны ұмыта алмай, еске түсірген сайын күлісіп алатын.

0 пікір