Құрбан болған дәрігерлер
Құрбан болған дәрігерлер
4 жыл бұрын 3226
Данияр Асылбеков

Жалпы тарихқа үңілер болсақ, ғылым үшін, өркениет пен цивилизацияны дамыту үшін небір ғалымдар қандай қауіп-қатерге бастарын тікті? Физиктер радиоактивті заттарды жалаңаш қолдарымен ұстап, химиктер зиянды заттарды ішіп, астрономдар ауада қалықтаймын деп жандарын қаншама рет шүберекке түйді, зерттеушілер мен лаборанттар талай қауіпті заттарды алаңсыз ағзасына сынақ қылып жүргізді.

Соның ішінде орны ойып алар дәрігерлер де назардан тыс қалар емес. Мысалға алар болсақ, австралиялық дәрігер Helicobacter pylori бактериясының дақылы асқазан жарасын тудыратынын дәлелдеу үшін оны ішіп қойған. Дәрігер Сиаббинс Фирс сары безгек – инфекциялық ауру емес екендігін дәлелдемек болып, өз пациенттерінің құсығын ішіп, сонымен қоймай оны қолдың сырылған жерлеріне жағып, көзіне тамызған. Неміс хирургы тұңғыш рет пациентті медикаментозбен ұйықтатуды қажет етпейтін анестезия техникасының дамыған түрін пайдаланды. Ол жұлынды қоршап тұратын торлы қабық астылық кеңістікке кокаин енгізу, сезімталдықты хирургиялық ота жасауға болатындай төмендетеді деп болжап, осы әсерді тәжірибеден өткізу үшін өзіне бірнеше қатал тәсілдерді қолданған. Генри Хэд жүйкенің қалай жұмыс істейтінін білу үшін өз жүйкесін кеседі.

Кейде тәжірибе мен сынақ соңы өте қайғылы жағдайлармен де аяқталған. Көрші орыстың физиолог-дәрігері Александр Богданов қан құйумен өз-өзіне тәжірибелер жүргізген, алайда кезекті процедурасы ажалмен аяқталады. Резус-сәйкессіздіктен ағзада алапат өзгерістер пайда болып, артынан 3 күннен кейін қайтыс болады.

Санай берсең тізім аяқталар емес. Тарихқа қарасақ, небір зұлматтар мен зобалаңдар, қойдай қырған оба секілді аса қауіпті инфекциялар, сан түрлі сырқаттар мен кеселдер халықты талан-таражға салды. Табиғат өзінің осындай жойқын күшін тағы бір тажалмен дәлелдеді. Оған мысалы, өзіміз куә болған – коронавирус. Ел демей, жер демей, ешкімді бөліп жармастан жер-жаһанды жалмап өтті. Ақсың, қарасың, кәрісің, жассың демеді. Енді, осындай сырғалаң сын кезде коронавирус халықты зәр иманын алып, шошытқанын қоймай, халықтың емшісі болған дәрігерлерді де жалмап өтті. Оған мысалы ретінде бір Қазақстанның өзінде 180-ге жуық мед.персоналдар бақиға аттаныпты. «Ет бұзылса тұз себер, тұз бұзылса не себесің», дегендей, дәрігердің өзі өліп жатса, ол қалай халықты емдемек? Қарап отырсақ, бейбіт заманның батыры десек те болады осы дәрігерлерді. Жанын шүберекке түйіп, тәжтажалмен қарусыз соғыста өмірлерін пида етті. 

Сондықтан төбеде айтқандай ғылым үшін, халық үшін марқұм дәрігерлерді осы бір ғылым мен денсаулық жолында қайтыс болған қаһармандар қатарына қосар едім. Сол себепті «ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын» дегендей, біздің дәрігерлерді халық бағаласа екен.

0 пікір