Қиямет, маһшар болғанда...
Қиямет, маһшар болғанда...
10 жыл бұрын 6040
Қ. Сабыржанұлы

«Таңда маһшар болғанда,

Таразыны аударар

Залымның қылған күнәсі». Бұл Шортанбай ақынның өлеңі. Осы жерде және басқа да бұрынғы ақындарымыздың өлеңдерінде, діни дастандарда өтетін «маһшар күні» және сол күнгі ұлы жиын туралы сөз етсек. Араб тілінің “ха-ша-ра» деген етістігінен туған бұл сөз жиналатын орынды білдіреді. Нақтырақ айтқанда, сұр екінші рет үрленгеннен кейін адамдардың барлығы тірілтіліп, қабірден тұрып, есепке тартылуы үшін жиналатын орын. Маһшарға «мауқиф» (есепке тарту үшін жиналатын орын, ал сол күнді «яумул хашр» (қайта тірілу күні) деп атайды. Айталық, сұр алғаш рет үрленгенде Алла қалуын қалаған періштелерден басқа тіршілік иелерінің бәрі өледі. Сөйтіп жер мен көктің жүйесі бұзылады. Кейіннен көктер мен кеңейтілген жердің жүйесі басқа кейіпте келтіріліп, екінші рет сұр үрленгенде әр адам мен жынның рухы тірілтілген денесімен табысады. Яғни денелерге жан кіреді. «Алғаш рет сұр үрленгенде, Алла қалағандардан басқалар көктегілер мен жердегілер түгел өледі. Кейіннен тағы бір рет үрленгенде, сол сәтте өлгендердің тіріліп, алақтап тұрғанын көресің» (әз-Зүмәр, 39/68). Барша тірілтілгеннен кейін «маһшар» деп аталатын орында жиналады. «...Сұр үрленіп қойды. Осы кейіпте бәрін маһшарда жинағанбыз» (әл-Кәһф 18/99). «Сол күні (һашыр күні) жер басқа жерге, көкте де (басқа көктерге) айналады. Адамдар (қабірлерінен тұрып) жалғыз әрі қаһһар Алланың құзырына жиналады» (Ибраһим 14/48). Тірілтілген мақлұқ атаулы жиналған «маһшар» мейлінше кең, тегіс, ғимаратсыз әрі кейіпсіз жаңа орын болады. Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) «Қиямет күні адамдар таза ұннан жасалған жайылған нан секілді бидай өңге жақын ақ түсті орынға жиналады» деген (Бұһари).

Әбу Хұрайра риуаят еткен бір хадистен білуімізше, адамдар маһшарға жаяу жүріп, көлікпен не оттан азап көріп үш топ болып барады (Бұхари). Тирмизидың басқа бір риуаяты бойынша, үшінші топ бетімен жер сүзе отырып сонда апарылады (әт-Tаж, V, 365).

Адамдар мен жындар маһшарда жиналғаннан кейін есепке тартылу үшін түрлі үрей мен қиындықтар көріп ұзақ уақыт күттіріледі. Осы уақыттың мың мен елу мың жыл арасын құрайтыны айтылады. Маһшар орнына пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) қолына «Лиаул хамд» деген ерекше ту беріледі. Хазірет Адам атадан бастап, бүкіл пайғамбарлар осы тудың астына жиналады (Tирмизи, әт-Tаж, V, 385).

Mаһшарда адамдар тезірек есепке тартылу үшін хазірет Мұхаммед пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уә сәлләм) шапағат етеді. Бұл шапағаты «шапағаты ұзма» (үлкен шапағат) деп аталады. Осы биік дәрежесі «Махмұд дәрежесі» (мақамы махмуд) деп аталады. Маһшарда күн адамдарға қатты жақындатылады. Әркім шыдай алмайтындай дәрежеде қатты қиналады. Әрі үрей қысып, зәрелері ұшып көп күтеді. Осы жағдайлардан арылу үшін шапағат ететіндей әлдекімді іздеп сабылады. Кейбіреулер хазірет Адам атаға барып жолықсаңдаршы дейді. Хазірет Адам тыйым салынған жемісті жегенін есіне алып, оларды хазірет Нұһқа жібереді. Хазірет Нұһ оларды хазірет Ибраһимге жібереді. Хазірет Ибраһим хазірет Мұсаға жібереді. Хазірет Мұса хазірет Исаға жібереді. Хазірет Иса соңғы пайғамбар хазірет Мұхаммедке (с.а.у.) жібереді. Хазірет Мұхаммед (с.а.у.) сәждеге барып, көкейіне салынған ең жақсы мақтауларын жаудырып, Алладан тілек тілейді. Кейіннен Жаратушы ие оған: «Уа, Мұхаммед, басыңды көтер, міне, сұрағаның беріледі. Шапағат ет, шапағатың қабыл болады» дейді. Ол ұлы Жаратушы иеге дұға еткенде, дұғасы қабыл болады. Бұдан кейін құлдарды есепке тарту басталады. Үлкен әділетті сот құрылып, әркім дүниеде істеген барлық істерінен жауапқа тартылады. Амал дәптерлері беріліп, таразыға қойылады. Әркім күпірлік пен адасудағы немесе иман мен тура жолдағы жолбасшыларымен бірге шақырылады. Бұл мәселе турасында Құранда былай делінеді: «Сол күні адам қатарындағылардың әрбірін жолбасшыларымен (кімнің ізінен ерген болса) бірге шақырамыз. Кімнің кітабы (амал дәптері) оңынан берілсе, олар кітаптарын ешқандай әділетсіздікке ұшырамастан оқиды» (әл-Исра, 17/71). Әркімге «амал дәптеріңді оқы» делінеді (әл-Исра 17/14). Әр адам амал дәптерінде не жазылғанын түсінеді. «Ұлы Алла құлға осы күні куәгер ретінде нәпсісі және куәгерлер ретінде Кираман Катибин періштелері жеткілікті, дейді. Артынша аузы мөрленіп, дене мүшелері дүниеде не істегендерін айта бастайды» (Мүслимнен әт-Tаж, V, 372). «Сол күні олардың ауызын мөрлейміз. Не істеп, тапқандарын бізге қолдары айтады, аяқтары соған куә болады» (Ясин, 36/65).

Шәңгерей ақынның:

Қиямет, маһшар күн туса,

Өзім қайта «мен» болып,

Мен болармын қайтадан

Қайтадан жаным – қайта адам, – дегеніндей, қабірде денесі ыдырап кетсе де, анығында адам рухымен адам. Адамның рухы өзгермейді не өлмейді. Бұзылмайды да. Тіршілігінде саналы түрде істегендерінің барлығы оның рухында жатталып қалады. Алла тағала маһшарда адамның аузын мөрлеп, рухына мәлім істеген істерін аяқ, қол секілді мүшелеріне таңғажайып түрде айтқызады.

Маһшарда пайғамбарымызға (с.а.у.) барынша кең бір хауыз беріледі. Оның үлкендігі Мәдина мен Сана арасындай немесе Шамның бір ауданы Әйла мен Сана арасындағы аралықтай делінеді. Суы сүттен ақ, исі мисктен де әдемі әрі балдан тәтті. Одан бір ішкен адам қайта шөлдемейді. Сөйтіп мұсылмандар жұмаққа кірмей тұрып алдымен осы хауыздың суынан ішіп, маһшардың қорқынышынан туындаған ыстықтарын басады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде «Хауыздың басына келгендердің бірқатарын кері қайтарады. Мен «бұлар менің үмбетім» деймін. Сонда маған «олардың өзіңнен кейін не істегенін (дінін ауыстырғанын) білмейсің» делінеді. Мен де бұдан кейін діндерін ауыстырғандар оңбасын деймін» (Бұһари мен Мүслимнен, әт-Tаж, V, 379). Тағы бір жолы сахабалар ардақты пайғамбарымыздан өз үмбетін маһшар күні қалай танитындығын сұрағанда, ол: «Дәрет алған мүшелері нұр болып жарқырап тұрады»; «Сендер үйір-үйір жылқы арасынан маңдайы қасқаларын қалай танысаңдар, мен де өз үмбетімді солай жазбай танимын», деп жауап қатқан.

Mahшарда адамдардың есебі біткеннен кейін Маһшар мен Жұмақтың арасына тозақтың үстіне қылкөпір құрылады. Адамдар осы екеуіне еріксіз бөлініп кете бастайды.

 

2 пікір
  • Субханаллах!
    10 жыл бұрын
  • Ассаламагалейкум, бауырым, Сабыржанулы! Макала коптеген сурактар тудырды. Солардын бiрiне тусiнik берсенiз екен. Макалага тиек болган уакыт олшемдерI Куран аяттарында корсетiлген (22-47, 70-4), тапсiрлерI макала матiнiндегI болжамга уйлеспейдI. Иа, макаланы болжам ретiнде карастыру жон бе деймiн? Акикат жалгыз Жаратушы хузырында екенI баршага малiм.
    10 жыл бұрын