Алматыдан желтоқсанның екісі күні түнгі 23.30-да ұшып шыққан «Аir astana»-ға тиесілі ұшақ Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласының әуежайына таңғы 8.00-де келіп қонды.
Бұл кезде қазақ жұрты шырт ұйқыда. Ол жақта таңғы төрт. Қазақстанмен айырма — үш сағат. Аз-маз мәлімет бере кетейін. Инчхон — Оңтүстік Кореяның дамыған қалаларының бірі. Халық саны — 2,9 миллион. Бұл қала халық саны бойынша Сеул және Пусан қалаларынан кейінгі үшінші орында тұр. Бес сағаттан астам уақыт көкте қалықтаған біз қанша дегенмен шаршаңқы түстік. Жиі ұшып дағдыланбаған организмде қан қысымы көтеріліп кете ме, жоқ әлде елеңдеп ұйқы қаша ма, әйтеуір, өз басыма солай көрінді. Біздер деп отырғаным, қасымда КТК телеарнасының журналист қызы Катерина мен операторы Михайл бар. Жолымыз, мақсат-мүддеміз бір болғандықтан, әуежайда жақын таныстық. Бір-бірімізден жөн сұрасып, шүйіркелесіп алдық. Қайда баратынымызды бізді арнайы шақырған кореялық KHIDI институты ұйымдастырушылары жоспарлап та қойыпты. KHIDI Оңтүстік Кореядағы іргелі клиникалар мен жетекші ғылыми-зерттеу институттарын біріктіреді. Олардың негізгі жұмыс бағыттары денсаулық сақтау индустриясын жаңа медициналық технологиялармен қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қолдау көрсету, медицина саласында жаңа тұжырымдар жасап, мемлекеттік және халықаралық медициналық мекемелермен әріптестікті нығайту болып табылады. Қысқаша айтқанда, білетін мәліметтеріміз осылар ғана.
Үш күнге жоспарланған сапар қағазында қай жерге қай уақытта баратынымыз, қайда түстенетініміз, қандай пойызға мінетініміз, қанша уақыт сұхбат құратынымыз тайға таңба басқандай көрсетілген. Ауа жайылып кетуге, көшеде темекі шегуге (бұл жақта темекіні арнайы орында ғана тартуға рұқсат екен) болмайтыны сыпайылап ескертілді. Тәртіп деген қалай, ә?!
«Хрустальный қызға» жасалған күрделі отаның құны 50 мың доллар
Біздің Кореяға келуімізге басты себеп елімізде «хрусталь қыз» атанған павлодарлық Гүлзада Мақсұтова болатын. Ол жайлы көп жұрт хабардар. Оның аяғына 25 жыл ішінде (қазір 34-те) өз елімізде 17 мәрте ота жасалғанымен, еш нәтиже бермегені белгілі. Асқынған дертке америкалық дәрігерлер де дәрменсіздік танытып, кесуден басқа амал жоқ деп шешім шығарғаны да жадымызда. Шарасы таусылған Гүлзада мойымай, сырқатына ғаламтор арқылы дауа іздейді. Осылайша қайсар қазақ қызы кореялық емханалармен байланысқа шығады. Олардың ақыл-кеңесіне жүгіну үшін Оңтүстік Кореяның Пусан қаласына бірнеше рет келіп те кетеді. Арнайы тексеруден өткен Гүлзадаға «үмітіңізді үзбеңіз, аяғыңызға ота жасауға болады, дайындалыңыз» деген дәрігер мамандардың сөзі жігер бергенімен, қаржыдан қиналған қыз үн-түнсіз елге оралады. Басында мән-жайға түсінбеген кореялық доктор Канг Син Хек, кейін мәселеге терең бойлап (Гүлзаданың ақшасының жоқтығын естіп), аяғы ұшына бастаған қызға Пусан қаласындағы «Канг Донг» атындағы Ортопедиялық ауруханада қайырымдылық негізде ота жасауды ұйғарады. Құны 50 мың АҚШ доллары тұратын отадан кейін науқастың жағдайы жақсарып қалғанға ұқсайды.
Біздің мақсат — Гүлзаданы көзімізбен көріп, оған ота жасаған кәріс докторы Канг Син Хекпен сұхбаттасу. Уақытымыз артылып жатса, бас терісі мен шаш өсіруді шығыс емі арқылы қарайтын Ли Мун Вон емханасы, кореялық бел мен омыртқаларды емдеу медицина орталығы ЧАСЭН т.б. бірнеше емханаларға бас сұғу да ойымызда бар.
Кәрістер орыс тілін үйреніп жатыр
Бізді Инчхон әуежайында Миша деген кәріс жігіті күтіп алды. Орысшасы тәп-тәуір өзінің. Ресейде бір жылдай қызмет істегенде қажеттіліктен үйренгенін сөз арасында жасырмай айтып қалды. Сол сәтте менің есіме Қазақстанда туып, ұрпақ өрбітіп отырған кей халықтардың әлі күнге қазақ тіліне немкеттілігі оралды. Шынымен, біздің елде қазақ тіліне қажеттілік жоқ па деген ой көпке дейін маза бермеді. Мемлекеттің қазақ тілінің дамуы үшін бөліп жатқан қаржысы аз емес. Тек соның игерілуі ғана солқылдап тұрғандай. Сосын, бізден басқа қандай мемлекет иен байтақ жердің егесі болған ата-бабасының тілін ақша төлеп оқытып жатыр десеңізші?!
Алдымда тұрған жап-жас кәріс жігіті орыс тілінің арқасында өз елінде нәпақасын айырып жүр. Қазақстанға келсе де, бұл тіл оны өлтірмейтінін несін жасырамыз? Ресей мен Қазақстаннан ағылған туристер мен кәсіпкерлердің, басқа да «тілге мұқтаж» халықтың Кореяда жүріп-тұруын қамтамасыз етуге машықтанып алғаны байқалады. Себебі орыс тілі түгілі, ағылшын тіліне «иіле» қоймайтын кәрістер «Заманы түлкі болғасын, тазы болып шалуға» көшкен сияқты. Бұл құптарлық нәрсе, әрине. Осы орайда, Кореяда орыс тілі курстарына жазылып, оқып жатқан кәріс жастары да аз емес екендігін айта кеткен жөн.
Ұлтарақтай жерімен әлемге танылған халық
Инчхон қаласынан Сеулге дейін 50 шақырым. Тақтайдай түзу жол. Қалықтап келеміз. Екі қапталда тау сілімдері, кішігірім аралдар қалып барады. Суы тартылған көлшіктердің үстінде құрылыстар қызу жүріп жатқаны байқалды. Тал-терек көзге көп шалынбайды. Есесіне Сеулдің ортасын тіліп ағатын Хан өзені күре тамырдай білеуленіп көзге шалынады. Жобамен әр 500 метр сайын аспалы көпірлер қарауытады. Олар өзеннің екі жағына қатынайтын көлік қозғалысын ретке келтіріп тұр. Алыстан қараған адамға жағасы жатаған Хан өзенінің үстінде сансыз кемпірқосақтар ілініп тұрғандай әсерге бөлейді. Ұлтарақтай жерге қолы тисе, түрлентіп жіберетін кәріс халқы тығыз жердің өзінен көл-көсір пайда көруде. Жер көлемі аз демесең, ой-қиялдары шартарапта жүр. Әлемді өздерінің заманауи техникаларымен жаулап алғалы қашан?! Жер асты қазба байлығы болмаса да, қазба байлықтың үстінде жалаңаш отырған кей мемлекеттерден тұрмыстары көш ілгері.
Сеулге барар жолдың күнгей беткейіндегі жоталардың төбесінен маңғаз кейіптегі 20-30-дай 100 қабатты ғимараттар сап түзепті. Негізі, кәрістер әлемге жар салмай-ақ, жаңа қала салуды бастап кеткен секілді. Жерінің аздығынан салып жатқан ғимараттары аспанға «өрмелеп» барады. Өйткені бұл мемлекетте ең алдымен халықты баспанамен қамтуға деген құлшыныс күшті.
Тілмаш жігітке сұрақты жиі қойып келеміз. Ол да тәптіштеп түсіндіруден жалығар емес. Оңтүстік Кореяда 50 млн. халық тұратынын, олардың тұрмыс-тіршілігіне өкпелі емесін, салт-дәстүрлерін құрметтейтінін, азиялықтарға тән мінез-құлықтарын ұғынықты қылып таратып айтып отырды. Осыншалықты дамыған, сабырлы, еңбекқор халықтың екіге бөлініп кеткенін түсіну қиын алайда. Не жетпеді екен бұларға?! Мұны айтудың да реті келді. Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяның арасын ала мысық кесіп өтуіне түрлі саяси оқиғалар себеп болыпты. Мәселенің әбден ушыққаны сондай, бауырлас екі ел соғысқан. Оны тарихтан білеміз. Кейін бітімге келіпті. Бірақ жағдай әлі мәз емес көрінеді. Бүгіндері екі елдің шекарасы жабық. Екі жақта қалған ағайындылар бір-біріне бармақ түгілі, бір көруге зар. Алайда тілі мен діні бір. Салт-дәстүрлері де ортақ. Кәріс жігіті бұл әңгімені мұңлы жүзбен жеткізіп, өкінетінін білдірді.
Халқы қартайып барады
Халықтың демографиялық өсімінің жылдан-жылға төмендеп бара жатқанын да жасырмады. «Бізде қартаю процесі басталды. Кәрістер негізі бір-екі бала ғана туады. Себебі бала оқыту бізде қиын. Бір баланы аяққа тұрғызу үшін 100 мыңдай АҚШ доллары керек. Баланы дүниеге әкеліп, оны қатарынан кем қылып өсіру кәрістер үшін үлкен айып саналады», — деп ағынан жарылды. Қыз-жігіттері бар жағдайла-рын жасап алмайынша отау құруға асықпайды екен. Осының салдарынан отыз-қырық жаста үйлену кең етек алыпты. Осы тұста ойыма 4-5 баласымен пәтер жалдап жүрген қазақтың қыз-жігіттері оралды. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» деген бабалар неткен әулие еді десеңізші?! «Бір қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады» деп күнелтіп келе жатқан ұлтымыздың шыдамдылығы артықшылығы ма, әлде кемшілігі ме? Осы ой бір бүйірімде солқылдап тұрып алғанын несін жасырайын? Дархан пейіліне далитып кең даланы берген қазаққа, Жаратушы иеміздің жомарттық танытып, әлі талай жетістікке жеткізері анық, әрине.
Сөз орайында корей халқының өте бауырмал екенін айта кеткеніміз дұрыс-ау шамасы. Кеңес үкіметі тарап, әркім өз Отанына бас сауғалап жатқанда Оңтүстік Корея өз бауырларын құшақ жая қарсы алыпты. Виза мәселесін де оңтайлы шешіпті. Шеттен келген 30 мың оралман кәрісті алаламай, бас-басына тегін үй беріп, қарттарын зейнеткерлікке шығарып, жастарына жұмыс беріпті. Бүгінде олардан өрбіген ұрпақ халық санының молаюына зор септігін тигізгенін мақтанышпен айтады өздері. Сондай-ақ, бұл жақта мұғалімдер мен дәрігерлердің айлықтары өте жоғары болып шықты. 10 мың долларға таяу. Бұл халықтың денсаулығы мен ұрпақ қамын ойлаған елдің дамуының бір қыры болса керек.
«Үй жоқ болса, халық қайда тұрады?» - деп сұрады менен бір кәріс
Оңтүстік Корея. Инчхон, Сеул, Пусан. Өмір сүруге ең қолайлы аймақтар секілді көріне берді маған. Себебі бұл жақта баспанасыз адам жоқ. Адам игілігі үшін барлық жағдай жасалған. Бір ғана Сеул қаласында 10 млн. халық тұрады. Маңайындағы елді мекенде тағы 10 млн. тұрғын бар көрінеді. Барлығы 20 млн. Негізі Оңтүстік Кореяда 50 млн. адам бар санақ бойынша. Кәрістердің бәрінің астында жеңіл көлік. Мерзіміне дейін пайдаланып, кейін өткізеді. Өзіне тиесілі қаржыны алады. Ең басты ұстаным — ауаны ластауға болмайды. Қажет болса, несиеге ала салады. Жылына екі пайызбен. Сөйте тұра көшесінде көлік тығыны аз. Тау мен тастың арасын жымдастырған олар, теңіздің үстіне де айқұш-ұйқыш көпір салып тастаған. Иә, көшелері өте тар. Жер аз ғой. Сондықтан да аралдарға тығылып отыр. Кей аралдардың суын сорып, алдағы уақытта кәдеге жарату ойларында бар екен. Қазба байлығы мен мұнайы жоқ болса да, жердің төсіне жармасқан кәрістер біздің астымыздағы көлігіміз бен үйдегі теледидардың, қолымыздағы ұялы телефонның, ет сақтайтын тоңазытқышымыздың да “иесі”. Бай-бақуатты кәрістердің жүздері жарқын. Көңілді жүреді. Енді ше, жұмыссыздық мүлде жоқ. Айлықтары да қомақты. Түстікті асханалардан таңдап жүріп ішеді. Кешке өз үйі өлең төсегіне барып құлайды. Пәтерсіз қалғандары болса, билік 20 жылға ең төменгі пайызбен пәтер береді. Үй кезегі дегенді білмейді.
Бізге аңтарыла қарап: «Үйі жоқ болса, адамдар қайда тұрады?» — деп таңданыстарын жасырмады. Не дейміз, жерге қарай бердік. Астана мен Алматыда жергілікті халықтың көбі жертөлелерді паналайтынын білсе, бұлар бізден түңіліп кетер деп қорықтық расы. Бұл жақта мемлекет басты кұндылық адам екенін естен мүлде шығармайды екен, шығарып алып жатса, халық ұйкысынан шошытып оятады. Талап етеді… Иен байлықтары болмаса да, аздың өзін ұқсатып отыр. Адам баласы барған жерінен өзінде жоғын іздейді емес пе? Менің кейпім соған келеді. Айтпақшы, көшелерінде темекі шегуге қатаң тыйым салынған. Теңіздің жағасында мүлдем талап қатал. Бұзсаң, айыппұл төлейсің. Арнайы орындарда ғана темекі шегуге рұқсат. Содан кейін корейлердің өзімшілдігі керемет. Өздерінің көліктерін мінеді, өздерінің киім-кешектерін сатып алады, өздерінен шыққан өнімдерді пайдаланады. Неге десең, оған жауаптары дайын. Қаржы өз елімізде қалуы керек. Міне, бұдан асқан қандай патриотизм керек. Жанжалдасып жатқан біреуін көрмейсің. Бір-біріне иіліп тұрады. Кешірімшіл. Өмірлеріне дән риза халық — кәрістер.
Кореялықтар ана тілімізден бейхабар
Біз Сеулге қонған күні қар жауып тұрды. Күтіп алған кәрістер: “Қысты сендер әкелдіңдер”, — деп әзілдеп жатты. Түрлері мен кейбір қылықтары, шығыстық қалыптары мен ілмешек сөздері қазақтардан аумайтынын қайтерсің. Бір шындыққа көзім жеткендей болды, ол қарапайым кәрістердің көбінің Қазақстан туралы түсініктерінің тым аздығы. Бәлкім, жердің шалғайлығы, болмаса кешегі кеңестік кезеңдегі көрініс көңілдерінен өшпеген секілді. Бұл менің аздап намысыма тиді. Алысқа бармай-ақ, Азиядағы көршілеріміз бізді дұрыс танымай жатса, не шара?! Қазақстандық журналистер келеді деп, бар мәліметті Ресейдің тілінде дайындағандары қызық болды. Тым құрыса, өзіміздегідей екі тілде әзірлесе қайтер еді? Тілмаштары да орысшаға судай. Әрине, бәріне кінәлі өзіміз ғой, өзіміз. Бір кәріс журналисі менен телевидениеге сұхбат алды. Алғашқы қойған сауалы Қазақстан қай тілде сөйлейді дегенге сайды. Менің орныма өзіңізді қойып көріңізші? Не дер едіңіз? Мен өзімді сабырға шақырып, мемлекеттік тіл қазақ тілі екенін жеткіздім. Түркі тектес ел екенімізді, далиған кең даланың егелері қазақтар деп шама-шарқым жеткенше жауап бердім. Мұндай сұрақ күтпеген едім, сасып қалғанымды несін жасырайын. Тіліміздің дамып келе жатқанын айта бастап едім, кәріс журналист жымиып қойды. Тілмаш дұрыс аудармады ма, әлде менің елде үйреніп қалған “даму” сөзім сұрықсыз шықты ма, анығын білмедім. Сөздің тоқ етері кәрістерге қазақтың ғажап тілі қызық емес секілді. Егер тілімізді ардақтап, аялап жүрсек, бәлкім, қызығушылықтары артар ма еді, кім білсін?! Олар қазір аударма курстарында түрік, орыс, өзбек тілдерін оқытуда. Артта “дамымай” қалған, халқы Ресей мен Қазақстанда қара жұмысқа жегілген өзбектердің тілі дамып барады осылайша. Оған себеп Өзбекстанға барған кәрістер орыс тіліне пысқырмаған акаларға іш тартып қалған сияқты. Сөйтіп, келешекте сауда-саттық барысында қажеттілік туатынын ескеріп, тіл курсына енгізген. Біздің қасиетті тіліміз жайлы бұл жақ бейхабар… Көңілім қоңылтақсып, жүрегім ауырып кетті…
Миша дос Тәңірге табынады
Айтпақшы, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде жалғыз ғана мешіт бар екен. Онда мұсылман дініне мойынсұнған кәрістер, өзге де ұлт өкілдері құлшылық жасайды. Оны маған тілмәшымыз Миша айтып берді. Оның сөзіне сенсек, мұсылмандардың қарасы мыңға тарта көрінеді. Барғым келіп еді, сағатына дейін белгілеп қойған жоспар босатпады. Менің білгенім, кәрістердің көбі әлі күнге шаманизм соңында жүр. Хрестиян діні, буддизм, протестанттық ағымдар да мол көрінеді. «Құдайға сенбейтіндер — халықтың 20 пайызы», — деді Миша. «Өзің қай дінге құлшылық етесің?» — деп едім, Миша маған күле қарап, көкті көрсетті. Тәңірге… Менің кім екенімді сезген болуы керек, дым демеді… Иә, мен де жалғыз Аллаға сыйынамын. Бірақ Жаратқанның мекені маған белгісіз…
Канг Донг атындағы ортопедиялық аурухана әлемге танымал
Сеул мен Пусан қалаларының арасы 450 шақырым. Жүйткіген жүрдек пойыз әне-міне дегенше (2 сағаттай уақытта) межелі жерге алып жетті. Жүрісі білінбейді, не дауысы шықпайды. Ұрғылап, діңкелетіп шаршатпайды. Тарсыл-гүрсіл атымен жоқ. Ұшқырлығына көз талады. Вагон іші тап-тұйнақтай. Адамдардың бәрі өз орындарында. Артық-ауыс жүрген жан баласы көзге шалынбайды. Дабырлап сөйлеп жатқандарды да көзіміз шалмады. Қоғамдық көлік пен қызмет көрсететін барлық жерде WI-FI орналасқан. Барлық нәрсеге қолжетімді. Халық еркін жүреді. Өйткені барлық мүйіс пен қиысты камера бақылап тұр.
Пусан сондай көрікті қала екен. Іргеде теңіз толқиды. Көкпеңбек әлемнің үстінде ақшаңқан үйлер қалықтап жүргендей болып көрінеді.
Теңізге емініп, тауға арқасын тіреген 100 қабатты үйлерге қарағанда басымыздағы тақиямыз жерге құлады. Мұнда да аспалы көпірлер қарасы көп. Түнге таман теңіз үсті шам жарығынан аппақ болып кетеді екен. Былтырғы жылы осы Пусан қаласында Sky walk атты теңіз үстінен салынған, шыныдан жасалған жол пайда болғанын айта кеткенді жөн көріп отырмын. Көшелеріндегі тазалық пен тұрғындарының мәдениеті де ерекше байқалады. Тас көшелердегі сауда үйлері мен мекемелердің орналасуы да сондай жарасымды. Сосын үйлердің салыну ыңғайына қарай ұлттық нақышқа қатты назар аударғандарын аңғармау мүмкін емес.
Пусан қаласындағы Канг Донг атындағы ортопедиялық ауруханадағы Гүлзада қарындасымыздың палатасына қадам бастық. Анасымен екеуі қатар жатады екен. Анасы қызының жүріп-тұруына жәрдем жасайды. Дәрі-дәрмегін алып беріп көмектеседі.
Жалпы медицинасы қарқынды дамып келе жатқан Оңтүстік Кореяда сырқат жандарға барлық жағдай қарастырылған. Палатаның ішінде күнделікті өмірге қажетті нәрселердің бәрі тұр. Теледидар, компьютер, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, душ, дәретхана т.б. Ақысын төле де, жата бер.
Бұл аурухана Кореяға кеңінен танымал. Оны айтасыз, әлемнің түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан адамдарда шек жоқ. Сапалы қызмет, жайлы төсек, соңғы технологиялардың жетістігі де өзіне тартатыны даусыз. Тек қана ақшаны қумай, жағдайы жоқ міскіндерге үнемі қайырымдылық көмек көрсетуден де бұл аурухананың аты озып тұрғаны шындық. «Батамен — ер, жауынмен жер көгерер» деген осы болар, бәлкім. Аяғына 17 мәрте ота жасатып, жүдеген Гүлзаданың шырқыраған жанының рахат тапқан жері де осы аурухана болғанын ризашылықпен айтуымыз керек-ақ.
Доктор Канг қойдың басынан неге шошыды?
Канг Донг атындағы ортопедиялық аурухана президенті, доктор Канг Син Хек бізді ерекше ілтипатпен қарсы алды. Гүлзада қарындасымызға қиын операция жасап, үміт отын жаққан осы кісі. Сондай қарапайым. Ауруханада әйелі мен баласы да дәрігер болып қызмет етеді екен. Аурухана дәрігерлерінің бәрі білікті мамандардан құралыпты. Жылына 500-дей күрделі ота жасалатынын естіп білдік. Сырқаттың деңгейіне қарай бағасы да өсіп отыратыны байқалады. Негізінен оталардың құны 5-10 мың доллардан жоғары. Әңгіме барысында әлемге танымал бұл ауруханаға Ресей мен Монғолиядан, соңғы уақыттары Қазақстаннан науқастар көптеп келетіні айтылды. 2014 жылы бұл ауруханаға Қазақстаннан бір мыңға тарта адам келіп емделген. Ең көп келетін аурулар қатарына асқынған обыр аурулары мен туа бітті сырқаттар жататыны белгілі болды.
Сөз арасында доктор Канг Син Хек білікті медицина өкілдерінің жиынында Қазақстанға жолы түскенін айта келіп, қонақжайлылығымызға ризашылығын білдірді. Аудармашыға мына сөзімді дұрыс аудар деген ыңғай білдірді. Біз де елең ете қалдық. Қазақстанда жүргенде кешкі асқа шақырған әріптесі алдына жаңа сойылған қойдың басын әкелгенде шошып кеткенін әңгімелегенде, бәріміз рақаттана күліп алдық. Аурухана дәрігерлері тіпті мәз. Оларға қызық көрінген нәрсенің біз үшін бағасы зор екенін олар қайдан білсін. Алайда Канг мырза күлкіге қарқ болған әріптестеріне келген қонаққа бас тарту қазақ халқының ата дәстүрі екенін шама-шарқынша айтып берді.
Біздің келген шаруамызды асықпай тыңдап алған доктор Канг, сүйегі сынғыш қыз Гүлзадаға өте ауыр ота жасалғанын мәлімдеді. Отаға екі сағаттай уақыт кетіпті. Доктордың айтуынша, Гүлзаданың сырқаты өте жиі кездесетін ауруларға жатады. Бірақ «хрустальный» емес. Елімізде осы атаумен танымал болған Гүлзаданың сырқаты мүлде бөлек. Диагнозы дұрыс қойылмағанда, аурудың асқынып кету қаупі күшті екен. Қазақстанда он жеті ота жасалғанымен, одан ешбір пайда болмағаны соның айғағы секілді. Доктор Канг операциядан кейінгі процестерді сөз ете келе, Гүлзаданың аяғына күтім көп қажет болатынын жасырмады. Себебі Қазақстанда жіліншікті көп кескендіктен, оның табиғи жолмен өсуіне көп уақыт керек.
Гүлзаданың үміт шамы қалай жағылды?
Доктор Канг алыстан ат арытып келген бізбен сұхбаттасуға да уақыт тапты. Бізді салмақты мінезімен де баурап алғаны рас.
— Доктор Канг мырза, мысалы, өзіңіз айтқан Қазақстаннан келген 100 шақты емделушінің қанша пайызы сіздің ауруханадан сырқатына шипа тапты?
— 90 пайызы деп айтуға болады. Бұл енді сырқаттың түрі мен асқынуына байланысты нәрсе ғой. Егер ауырған адамдар дер уақытында келіп жатса, жазылу көрсеткіші ұлғая түседі. Қазақстандық Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан біздің ауруханаға жіберілетін ауыр сырқаттардың көбісіне пайдамыз тиді. Еміміз қонды. Бар мүмкіндікті пайдаланып, соңғы технологиялармен жабдықталған құрылғыларды іске қосып, дауасыз дерттердің өзін ауыздықтап жатқан жайымыз бар.
— Жинаған үлкен тәжірибелеріңізді қазақстандық әріптестеріңізбен неге бөліспеске?
— Егер Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан шақырту түсіп жатса, Қазақстанға барып, мастер-класс өткізуге дайынбыз, әрине. Бірақ біздегі соңғы үлгідегі аппараттарды ол жаққа апару қиынға түседі. Бұл да қол байлайтын шаруа. Алайда білгенімізді, көңілге түйгенімізді бөлісуге дайынбыз.
— Бізге қызық болып тұрғаны шалғай жатқан елде тұрып, Қазақстанда «хрустальный қыз» атанған Гүлзаданы қалай таптыңыз? Оған тегін ота жасауға не итермеледі?
— Шынын айтсам, мен оны алғаш теледидардан көрдім. Біздің аурухананың ғаламтор шолушылары ол жайлы таратылған сюжетті сайттан тауып алыпты. Менің қатерлі сырқаттарға көп жылдар бойы ота жасап жүргенімді білетін қыздар, «мынаған қараңыз» деп маған Гүлзада жайлы фильмді көрсетті. Аурудың тарихымен таныса келе шошып кеттім. Қазақстанда 17 рет ота жасалыпты. Америкалықтар да аяқты кесу керек деп қысқа қайырыпты. Мен ғаламтор арқылы Гүлзадамен байланысқа шығып, дәрігерлердің диагнозын, аяқты түсірген рентген көрсеткіштерін сұраттым. Асықпай танысып шығып, тәуекел етпекке бекіндім. Жап-жас қыздың тағдыры мені бей-жай қалдыра алмады. Біз оны «Канг Донг» ауруханасына шақырып, емделуге кеңес бердік. Сөйтсек, оның тек оң аяғы ғана емес, сол аяғында да кінәрат барын анықтадық. Үнемі күш сол аяққа түсе бергесін, өз зардабын тигізген. Оған да ем-дом керек.
— Біздің естуімізше, бірінші ота сәтті жасалған. Айтыңызшы, Гүлзадаға екінші ота жасала ма?
— Екінші ота жасала ма, жоқ па, оны қазір тап басып айту қиын. Ол емделушінің денсаулығына тікелей байланысты. Сүйектердің жетілуі мен олардың бекуі де ескеріледі. Сосын «хрустальный» деген диагноз дұрыс емес. Бұл туа бітті ауруға жатады. Мұның халықаралық атауы мүлде бөлек. Алғашқы жасаған күрделі отадан кейін біз аяқ сүйектерінің табиғи жолмен жетілуін күтудеміз. Сүйектер қабысуы керек. Бұл — кезең-кезеңмен жүретін процесс. Бұған дейін кесілген сүйектердің қалпына келуі ұзақ уақытты керек етеді. Қазір біз іріңдеу мен ісудің алдын алуға күш салудамыз. Екі сағатқа созылған күрделі отадан кейін оның аяғына арнайы аппарат орнатылды. Ол бәрін бақылап тұр.
— Гүлзаданың аяққа тұрып жүріп кетуіне мүмкіншілік бар ма?
— Егер ота арқылы жалғанған сүйектер аяққа жақсы бекісе, Гүлзада жүріп кетеді. Ота барысында жалғанған сүйек орнына жатпаса, күтуге тура келеді.
— Бұл қашан белгілі болады?
— Оған әлі ерте. Қазір процестің беталысын бақылап отырамыз. Сүйек қалай ұзарады, жалғанған жерлер қалай бірігеді, солай белгілі болады.
— Оған қанша уақыт керек?
— Науқасқа 3 см сүйек біту үшін кемі 30 күн күтуге тура келді. Өйткені тәжірибе бойынша сүйектің бітуі 1 күнде 1 мм ғана.
— Бұл ауру өзі қалай пайда болады? Соны анықтап айтыңызшы.
— Тағы айтамын, туа бітті болатын ауру. Басқа ешбір себебі жоқ. Егер жүре келе туындаған сырқат болса, анықталар еді. Сіздер манкализмді білесіздер ме? Ол — адамды туа сала тез қартайта бастайтын ауру. Бірақ оның құпиясы әлі күнге ашылған жоқ. Сол секілді бұл да жұмбақ болып тұр…
Медицинасы қарқынды дамуға бет алған Оңтүстік Кореяның білікті дәрігері, Канг Донг атындағы ортопедиялық аурухана президенті, доктор Канг Син Хек сөзі мен ісі қатар жүретін азаматқа ұқсайды. Қайырымдылықтың ерен үлгісін көрсетіп, талайдың ақ батасын алған оған біз де қызыға қарадық.
Дәрігерге алғыс жаудырған ана
Мақсұтова Айман Нұрғалиқызы (анасы):
— Гүлзаданың жасы қазір 34-те. Қызым кішкентай кезінен ауырады. Балабақшада 5 жасында балалар тіркеуінен өтіп жатқанда оң аяғының сол аяғынан бір сантиметрдей кем екені алғаш білінді. Мен ол кезде дәрігерлермен келіскен жоқпын. Алайда олар «қазір ештеңе істеуге болмайды. Бала өссін, тек 14-15 жасында ғана операция жасалуға тиіс. Оған дейін медицина қауқарсыз» деп шығарып салды. Массаж, бассейнге барып жүрді. Жүргенде білінбейді, тек жүгіргенде қиқалаңдап қалатын. Есейе келе мектепте дене шынықтыру сабағынан босатылды. Себебі аяққа күш түсетіні байқалды. Сонда барып қызым: «Мама, аяғым ауырады», — деп жылай бастады. Осыдан кейін аурудың сергелдеңі басталды. Травматолог дәрігерден бастап, бармаған дәрігерім қалмады. Ота жасап, аппарат қойды, кейін гипс салды. Балдақпен жүргенде қызым балалықпен төсенішке оралып құлап, аяғын сындырды. Қайтадан шапқылау басталды. Ол қиын кезең еді ғой. Кеңес Одағы ыдырап, жұмыссыздық белең алған уақыт. Ресейдегі жақсы емханаға демеушілер табылғанымен, ол жаққа қаржы аудару мүмкін болмай қалды. Шарам таусылғасын, «Қызыл крест» ұйымына бардым. Үмітім зор еді. Өкінішке орай, олар: «Біз ештеңе істей алмаймыз, бізден көмек күтпеңіз, бізге де рұқсат бермей жатыр», — деп, бастарын ала қашты. Расын айтсам, кейде үміттеніп емші, бақсылардың алдына қызымды жетектеп апарып жүрдім. Сонымен не керек, қызымның аяғына (Кореяға келгенше) Астанада екі жылда бес операция жасалды. Қалған он екі операция Павлодар қаласында өтті.
— Қазақстандық дәрігерлердің қойған диагнозы қандай еді?
— Қойған диагноздары дұрыс. «Ложный сустав, дисплазия» деді. Біз жағдайымыз болмағасын, Кореяға көпке дейін келе алмадық. Квота алайық десек, «қызыңыздың ауруы квотаға жатпайды» деді. Осылайша шетелге шыға алмай, көп жүріп қалдық.
— Кореяда емделу үшін Қазақстан-нан рұқсат алдыңыздар ма?
— Рұқсат алған жоқпыз. Қызым ғаламтор арқылы тауып, Кореядағы емханадан сырттай ақыл-кеңес алады. Оған «өзіңіз келіп, толық тексеруден өткеніңіз дұрыс» деген хабар жетеді. Себебі кореялық дәрігерлердің босқа емексітпей, аяққа операция жасауға бола ма, болмай ма, соны білгісі келсе керек. Осылайша Қазақстандағы БАҚ-қа жағдайымызды айтып, елден көмек сұрадық. Обалы нешік, халық қаржы жағынан жақсы көмектесті. Соның арқасында қызым бірінші рет Кореяға жазда келіп, дәрігерлердің тексеруінен өтті. Тексеруден өтуге жарты күн ғана уақыт кетті. Нақты диагноз қойылды. «Қолымыздан келеді» деп уәде берді. «Жүз пайыз деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ қызыңыз аяғына тұрады» деп қуантып тастады. Құр отаның өзіне 24 мың доллар жұмсалды. Негізі палатасымен қоса есептегенде 34 мың болады. Бұл — бір отаның құны. Алда екінші ота тұр. Оған 30 мың доллар керек.
— Канг Донг ортопедиялық ауруханасы туралы не айтасыз?
— Мұнда бар жағдай жасалған. Күтімі де мықты. Аурухананың президенті, доктор Канг Син Хек қызымды бекер таңдамаған секілді. Мұндай шешімге келу үшін көп ойланып, көп толғанғаны анық. Аурудың атымен де жақсы қанық. Тәжірибесі мол маман. Мұнда ең мықты деген сайдың тасындай дәрігерлерді жинаған. Барын салып жатыр. Бірінші ота тегін жасалды. Көп күш жұмсады. Егер бір дәрігер жасаған отаны екіншісі дамытып, сүйекті кесіп тастамаса, Астанада жасалған оталар да сәтті болушы ма еді кім білсін деп ойлаймын кейде…
Жаны күйзелген ана бұдан асырып не айта алсын?..
Дәрігер атаулыдан жүрегі шайлыққан қыз
Гүлзада Мақсұтова:
- Қазақстанда маған 17 мәрте ота жасалды. Аяғымды 14 см-ге дейін ұзартты. Алайда сүйектерім сына берді. Дәл қазір қанша рет сынғаны есімде жоқ. Бірақ жиырмадан астам рет сынғаны рас. Жығылып қалсам да, біреу сумкасымен қатты қойып қалса да, бітті, аяғым сынады. Маған қойылған «хрустальный» деген диагноз нақты емес. Телеарналар жұрт тез түсіну үшін солай атады білем. Негізі, ауруымның аты «врожденный ложный сустав».
Отадан кейінгі жағдайымды қуана айтуға әлі ерте. Өзімді қанша жақсы сезініп жүрсем де, жүрегімде қалып қойған қорқыныш бұлтын сейілту қиын болып жүр. Бәлкім, бұл дәрігерлерден әбден тауымның шағылғанынан туындаған жайт шығар. Естуімше, сүйектің бітуі үшін, жалғанған сүйектердің орнығуы үшін көп уақыт керек. Доктор Канг Син Хек бар күшін салуда. Оған ризашылығым шексіз. Бар жағдайымды жасап қойды. Егер ол кісі көңіл бөлмесе, шақырмаса, мұнда келіп емделуге күшім жетпес еді. Қымбат қой бәрі…
Жанары жасаураған Гүлзаданың жүзінен болашаққа деген үміт сәулесін көргендей болдық. Жастық шағының денін төсекке таңылып өткізіп, сынған аяқтың зардабын тартып келгені де шындық. Тек, корей азаматының қолы жеңіл болып, Алла шипасын беріп, ауыртпашылықтың бәрі артта қалып, жүзі жадырап жүрсе екен. Біз қазақтың қаршадай қызына осыны тіледік.
СОҢҒЫ ДИНАСТИЯНЫҢ САРА ЖОЛЫ
Оңтүстік Корея. Инчхон қаласы. Өркениет шыңына шыққан корей халқы. Барған жұрттың бәрі қайран қалатын керемет мекен. Халықаралық әуежай. Сапырылысқан халық. Бейне бір араның ұясы секілді қыз-қыз қайнаған тіршілік. Кенет нөпір халықтың арасын тіліп, аспаннан түсе қалғандай соңғы династияның керуені пайда бола кетті. Мұздай қаруланған әскер. Қақ жарылған жұрт шегініп жол беріп жатыр. Біз де жолдан ығыстық. Дәл қасымыздан ежелгі кәріс ғұрпы мен салт-дәстүрін мығым ұстанған жастар, ата-баба жолымен неке қиюға бет алып барады. Жаһандану жайлаған ғаламда кәріс жастары ғылым мен білім шыңына бет алса да, қан арқылы жеткен ізгі мақсатқа жету жолында бәрін мансұқ етуге дайын секілді. Ол ізгі мақсат — ата-баба жолы. Бір қызығы, кәріс халқы қыз ұзату, келін түсіру тойларының алдында халық көп жүретін алаңдармен, әуежай, вокзалдарды бір айналып шығуды дәстүрге айналдырған екен. Бұл керуен көшті мемлекеттік полиция қызметі бақылап, жанамалай жүріп отырады. Егер тереңдеп үңілсең, билік басында жүрген адамдар салт-дәстүрдің жандануына қолдау көрсетіп отырғанын аңғару қиын емес. Міне, жаңа белестерді бағындырған корей халқы өткеніне де құрметін аямай отыр. Үлгі алатын-ақ нәрсе.
Астана — Алматы — Оңтүстік Корея