Жаны жарты бала
Жаны жарты бала
9 жыл бұрын 3994
Абай ХАМЗА

Қазақта “Екі жарты бір бүтін” деген нақыл бар. Үстірт қарасаңыз жай бір сөз секілді. Шындығында мұнда тылсым сыр бар. Адамның генінде 46 хромосома  болатыны ғылымда дәлелденген. Яғни, хромосоманың осы саны адамның адамдық негізі деген сөз. Егер оның  біреуі кем я артық  болса ол басқа  жан-жануарға  айналып кетер еді. Міне осы 46 хромосоманың 23-і әкеден, 23-і шешеден келеді. Олай  болса  баланың  жаны да, тәні  де екі  жартыдан  біріккен бір бүтін екеніне  көз жеткіземіз.

Бірақ, бұл дүниеге келетін  баланың  таңдауымен  болмайды.  Бала үшін  әке де,  шеше де қымбат. Егер екеуінің ортасында өсіп ер жетсе... Әттең, кейде өмірде “ажырасу” деген қасірет кезігеді. Мұндайда баланың жаны екі жарылуға мәжбүр болады. Міне, ендігі әңгіме осы жөнінде.

Кінә кімнен болса да тағдыр ісімен ері мен әйелі ажырасса ең алдымен олар  дүние-мүліктен бұрын балаларының  тағдырын ойлауға  міндетті.

Қазіргі азаматтық құқық заңдарында ерлі-зайыптылар ресми ажырасқан  жағдайда бәлиғатқа  толмаған  балалар анасына  берілуге  тиіс. Ал әкесі балалары  кәмелетке  толғанша  оларға  тапқан  табысынан алимент деп аталатын ақшалай көмек  көрсетіп отыруға сот шешім шығарады. Алайда мұның бәрі ресми нәрселер.  Балалардың әлеуметтік жағдайы шешілгенмен оның жан дүниесін  жүдетпеу, тәрбиесін  ақсатпау, келешек тағдырын дұрыс жолға бағыттау... заңның  құзырындағы іс  емес. Ол ажырасқан екі  адамның ар-ұжданына аманат етілетін адами құндылықтар болып қалады. Сондықтан ажырасқан ерлі-зайыптылар өзара болған жеке бас  келіспеушіліктеріне балаларын араластырмауы жөн.

Бала анасының бауырында қалса да әкесін сағынбай тұрмайды. Осыны ұққан шеше баласына әкесі жөнінде жағымсыз нәрсе айтуға болмайды.  Баланың  әкесімен  кезігуіне, оның  әкелік  қамқорлығын сырттай  болса да  көрсетіп жүруіне барынша ықыласты  болуға міндетті.  Бұл — әйелдің  аналық  борышы. Егер ол олай істемесе баласын “жарты жанды” адам етіп  өсіргенін соңынан біліп терең  өкінішке  қалады.

Дәл солай әке де балама ақшалай көмек бергенім жетеді деп, өзінің әкелік махаббатынан баласын мақұрым қалдырса ұрпағының жанына жазылмас жара салған  болып шығады.

Сондықтан  ажырасқан  кінәлілер — кінәсіз  балалары  үшін  әр  кез  жауапкер  екенін ұмытмасын.

0 пікір