Қожа Ахмет Яссауи кесенесі қорының рухани қазынасы ислам мәдениеті тарихын зерттеуде аса маңызды орын алатыны анық. Әйтсе де, көне қолжазбалар мен жәдігерлердің өзге діни орталықтарға, тіпті, шетелдік қорлар мен мұражайларға таратылып кетуі мұрамызды кешенді түрде зерттеуде кедергісін келтіруде. Алайда, жоғалған жәдігерлеріміздің табылғаны туралы сүйінші хабарларға, әсіресе ғалымдар қауымы ерекше қуанышты. Бұл осыған дейін беймәлім болып келген жаңа дерек көздерін ашып, еліміздегі ислам тарихын жан-жақты талдап, саралауға мол мүмкіндік береді.
КУФИ-ҚҰРАН
Оның бір дәлелі, ҚР Ұлттық кітапханасында сақталатын, 1930 жылдардың басына дейін кесененің қорында болып келген көне Құрандардың үш нұсқасы. Ұлттық кітапхана 1931 жылы 12 наурызда ашылды. Алты жыл өткен соң кітапханаға Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен үш қолжазба Құран келіп түседі. Бұл күнде кітапхананың сирек кітаптар қорында 30 мыңға тарта сирек кітаптар мен қолжазбалар бар, оның 50 данасын Құран нұсқасы құрайды. Олардың ішіндегі ең көнесі – Куфи Құраны. Ефраттағы Куфа қаласының атымен аталатын, араб жазуының ең көнесі, бұл әріптермен Құранның алғашқы нұсқалары таңбаланған. Қолжазба кітапхана қорында №3903-46 ретпен тізімделген, ХІІ ғасырда жазылған, 667 парақтан тұратын қасиетті кітаптың көлемі 396х320 миллиметрлік пергаментте, Құран сүрелері қара, қою қызыл және алтын бояулармен жазылған. Әр парақ 17 жолдан тұрады. Әр беті сүйір өрнекпен әшекейленген. Қолжазба кейінірек түптелген болса керек. Соңғы бетінде кітап иесінің не дайындаушының мөрі болуы мүмкін. Мулла Қожа Абд ар-Рахмен деген жазу екі жерден түскен. Сонымен бірге, мынадай жазу бар: «Бұл кітап Әбу Усман Омар ибн Әби Бакр ибн Йусуф ал-Варрақ ал-Фараби қолымен ас-султан ал-А‘зам Малик ал-Ислам … Мас‘уд ибн Ибрахим билігі кезінде жазылған».
Қожа Ахмет Яссауидің тікелей ұрпағы Мұхаммад Али ал-Джуни Яссауи-зада хижра жыл есебімен 1352 жылы бірінші джумада айында кесенеге келген кезінде (1933 жылдың тамыз-қыркүйек айлары) бұл жазуларды қазіргі қалпынан да тәуір кезінде көрген болуы мүмкін, мынадай жазу қалдырыпты. Яғни, бұл жазба селжұқ сұлтаны Санжардың (1118-1157 жж) қарындасына үйленген Ғазневидтер әулетінің (963-1187 жж) билеушісі Мас‘уд ибн Ибрахим (1134-1152 жж) тұсында көшіріліп жазылған. Шынында да, көне қолжазбаларды зерттеуші мамандардың пікірлері бір арнада тоғысады. Бұл Құран жазылуы мен көркем безендірілуі жағынан Ауғанстан қолжазбаларына ұқсайды. Жәдігер Францияның Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған №6041 қолжазбамен салыстырылды. Франциялық баламасы Буст аумағында 1111-1112 жылдары куфи қарпімен таңбаланған. Бұл қолжазба 205х150 миллиметрлік, 125 парақтан тұрады. Тағы да куфи жазбаларының бір көрінісін Ғазнидегі осы кезеңдегі құлпытас жазуларына ұқсаттық. Осыған қарап, Қазақстандағы ислам өнерінің баға жетпес ескерткішінің шыққан аймағы мен уақытын дәл анықтап айта аламыз. Бұл – ХІІ ғасыр Газневидтер мемлекеті. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі куфи жазуымен жазылған көне құранның болуы яссауилық шайхтардың басқа да кіндіказиялық сопылық тариқаттардың «ең көнесі, ежелгісінің» бірі ретінде қарауға мүмкіндік береді. Орта ғасырларда нақшбандия, кубравийа, қадирия және ишқия сопылық тариқаттары арасында өз ықпалын асыру үшін тартыстың болғаны белгілі. Бәсекелес жақтар өздерінің түпкі исламмен ертедегі байланысын, өз бағытының «шынайылығын» нақтылау мақсатында түрлі жәдігерді дәлел ретінде ұсынады. Ол «суфра» – дәуріштер қалтасы, «кулах» – бас киімі, «хирқа» – киімі, «саджжада» – жайнамаз және басқалары. Жәдігерлердің арасындағы Құранның көне жазбалары маңызды рөл атқарған. Демек, куфи Құранның бірнеше ғасырлар бойы кесенеде сақталуы яссауи шайхтарының басқа тариқаттар арасында басымдық алғанын жоққа шығаруға болмайды.
ҚҰРАННЫҢ АЛҒАШҚЫ АУДАРМАЛАРЫ
2000 жылы Қазақстан және Италия президенттерінің қолдауымен Венецияда өткен «Қазақ даласының діні» атты көрмеде келушілердің көзайымына айналған екі Құран қойылды. Алғашқысы, бәлкім ХІ-ХІІІ ғасырларда шығарылған болуы мүмкін, әр парағының көлемі 370х300 миллиметр, сегіз жолдан тұрады. Насхи харпімен таңбаланған. Күн тектес өрнекпен әр беті безендіріліп, «Алла» сөзі алтын түсті сиямен жазылған. Құран толық емес. Өте көркем безендірілгеніне қарап, оның арнайы тапсырыспен жазылғанын айтуға болады. Құран парсы тіліне жолма-жол аударып, қызыл сиямен ұсақ етіп жазылып отырған. Құранның қолжазбалық көшірмелерін парсы не түркі тіліне аударып жазу тек мұсылман әлемінің шығысында ғана орын алғаны белгілі. Олардың бір ерекшелігі – Құран мәтіні тұтас емес, аяттары үзіп алып аударылған. Және аударма аяттар әдемі безендірілуімен ерекшеленеді. Мұны осыған дейін айтып жүргеніміздей, ХІ ғасырдағы орта азиялық дінбасыларының пәтуасымен байланыстырамыз. Яғни, ал-Халваи (448/1056-57 жылы өлген) мен оның шәкірті ас-Сарахси (481/1088-89 жылы өлген) араб тіліндегі Құранның толық мәтінін басқа тілге аударып, бөлек түптеуге рұқсат етпеген. Бәлкім, осы аймақта ауызша түрінде ғана қолданыста болған парсы тілінде жазбаша түсіруге тосқауыл қойғысы келуі мүмкін. Алайда, ортақ шешім табылып, Құранның түпнұсқасы араб тілінде жазылып, кейбір сөздер мен аяттардың мағынасы парсы не түркі тілінде беріліп, көмекші құрал ретінде қолдануға рұқсат берген. Бұл шешім қай аймақтарда қанша уақытқа дейін күшінде болғаны беймәлім еді. Қолдағы Құрандарға қарап, ХІХ ғасырларға жете бере пәтуа күші бәсеңдегенін болжай аламыз. Ал, түркі тіліндегі аудармасына қарап, оның шешімінің күші тарамайтын, өзге өңірде дайындалған болуы да мүмкін.
АЛЫП ҚҰРАН
2002 жылы бұрындары Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің иелігінде болған «Алып Құранның» табылғаны белгілі. Кітап терімен қапталған, түптеуші қари Ибадаллах ибн Әділ қожа. Құранды соңғы рет пайдаланушы қазақ тілінде жазбалар түсірген, арасынан 1937-38 жылдардағы кеңестік тиындар табылған. Құранның шығарылған жылы көрсетілмеген. Алайда, палеографиялық мәліметтерге қарап, оны ХVІІІ соңы мен ХІХ басы деп нақты айтуға болады. Жәдігер алып құрандардың қатарына жатады. Салмағы 40 кг, көлемі 825х490 миллиметр, 497 парағы сақталған. Оны халық көп жиналатын мешіттер мен медреселерге қоюға арналған. Орталық Азия ханафиттері ХІ ғасырдың өзінде-ақ, мұсылмандардың қасиетті кітабын көруді діни рәсім ретінде пәтуа шығарған болатын. Мұны «ибадат» деп атаған. Орта Азия билеушілерінің бірі Темірдің (1370-1405) кезінде өз мемлекетінің астанасында алып Құранды көрмекке қоятын дәстүрі болған. Бұл мемлекеттің құдіреттілігінің, елдің тәуелсіздігі мен баянды биліктің белгісі болған. Бұл үшін шебер-каллиграфияшы Омар Ақтаға жасатуға бұйырған. Алып кітапты Темірдің немересінің құрметіне «Байсұңқар Құраны» деп атаған. Кейіннен Ұлықбек Самарқандтағы Бибі ханым мешітінде 2,3х3 метрлі лаух жасатқан. Бұл дәстүрді басқа да билеушілер жалғастырып отырған. Алып Құранның ерекше қолданысын ескере отырып, ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің билеушілерінің де куәлік белгісі ретінде қолданылуы мүмкін. Демек, бұл Құран қазақ мемлекетінің нақты айғағы ретінде құнды жәдігер деп қарауымызға әбден болады. Мақаламызда аталған жәдігерлер зерттеушілер алдында тағы бір сұрақтың шетін шығарады. 1912 жылы қазақ халқының тарихы мен этнографиясын зерттеуші, Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің және ғылыми архив комиссиясының мүшесі Александр Иванович Добросмыслов тағы да бір Құран тізбесі жайында сөз етсе, 1930 жылы шығыстанушы Михаил Евгеньевич Массон кесене иелігіндегі өзге де қолжазбалар мен құнды құжаттар барын айтқан екен.
Жәдігерлер табылып жатса, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің рухани-мәдени әлемін зерттеуде жаңа серпін береді деп ойлаймын.