Қарабаймен кездесу
Қарабаймен кездесу
9 жыл бұрын 3785
Бурхан Абдулхаким

Жаздың жаймашуақ күні еді. Кеш батуға айналған. Қалалық емхана кіріп жатқан біреу, шығып жатқан біреу. Кеңес көке ғимарат алдындағы көгалдағы орындықтардың біріне таза ауа жұтып, темекісін тартуға шыққан болатын. Иә, мастанып емес, төбесінен жәй түскен жайсыз жаңалықтан пайда болған нервты басу үшін бұрқырауығын аузына салғалы отыр. Ол не жайсыз жаңалық десеңіз, осыдан сәл-ақ бұрын Кеңекең дәрігерлерден өзінің ар жаққа кететін күнінің ауылы алыс емес екенін есіткен-ді. Алыс болмағанда небәрі 6-7 айдың көлемі дейді. Бұрын соңғы барып көрмеген, алыс жерге кімнің кеткісі келеді дейсің?!

Жалпы, Кеңес көке кедей өмір сүрген адам емес. Совет дәурені кезінде партияда үлкен лауазымдар атқарған. Кейін одақ тарқағасын бизнеске кетіп біраз мал-дүние жинап та үлгерген. Жәй мал тауып қана қоймай садақа-пітірін беріп жүрген дінге жақын кісі. Айтпақшы Исламның бесінші діңгегі үлкен қажылыққа да барған. Бір емес бірнеше рет. Иә, қандай керемет адам десеңізші. Міне, ендігі өмірінің көбі таусылып азы қалған кезі. Жалғыз өзі темекісін бұрқыратып көзі жалт-жұлт етіп бояуы кеткен, ескірген ағаш орындықта екі аяғын айқастырып отыр. 

Қартайған Кеңекең осылай аспанға бір жерге бір қарап отырғанда, қара киінген толық бір кісі әй жоқ шәй жоқ қасына келіп отыра қалды. Кеңес байқамады. Жанына бұрылып қараса бір түрлілеу қара өз алдына отыр екен. Ес ақылы дұрыс адам жалғыз отырған кісінің қасына рұқсатсыз отыра ма екен деп іштей түсінбеушілік танытты Кеңекең. Әлгі қара адамы шынымен де түсініксіздеу өзі. Үстіне шеттеріне қызылды-жасылды жалт-жұлт еткен, жаңғақтың көлеміндей асыл тастар қадалған ұзын қара шапан киіп алған. Басында оратылған бір бас киім. Ол да шапаны керемет өрнектелген. Мойнына байдың қатындары сияқты бір емес бірнеше ақ-сары алқалар тағып алыпты. Қолындағы он саусағына да жылтыраған он жүзік. Кеңекең бұл қара киінген кім болды екен деп таң қалды. Өзі осы араның адамына тіпті ұқсамайды, ай сол тіпті бұл елден емес шығар деп те ойлады қарт. Бірақ сонша әшекейді бойына іліп, әдемі киінгенімен Қараның түрі ұсқынсыздау екен. Оның үстіне сақал-мұрты да свет өшіп қалғанда қырынған сияқты қисық-қисық.

Бір кезде Қара кісі қалтасына қолын салып қалың қоңыр сигараны шығарып тұтатты да, бұрқыратып шеге бастады. Кеңекең әлі одан көзін алар емес. Бір кезде қой не болса кім екенін сұрайың деген Кеңес көке:

– Кешіресіз, біз таныспыз ба? Менің қасыма жәйша отырдыңыз ба? – деді әдеппен. Қанша дегенмен оқыған адам ғой.

Қарабай оған мән берер емес сигарасын ұрып отыр. Кеңекең сұрағын тағы қайталаған кезде де дым демеді. Одан кейін Кеңес көке ішінен «ай қойшы, алжыған біреу шығар» деп ойлап орнынан тұрып бара жатқаны сол еді артынан «Осы сұрақты қашан қояды деп отыр едім өзім де» деген жуан дауысты естіді. Бұл Қарабайдың даусы еді. Кенет шыққан жуан дауыстан Кеңесбайдың денесі дір ете қалды. Кері бұрылып:

– Аа... Жарайды, білген болсаңыз. Сіз кім боласыз? – деді көкірегін белгісіз күдік ұялап.
– Көп сөзді созып басыңды ауыртпайың. Мен сенің жамандығыңмын, – деді қабағын үйгендей боп.
– Жамандығыңмын дейді? Қандай жамандық? Не деп тұрсың? – деді Кеңесбай сасқалақтап.
– Анығырақ айтқанда сенің 65 жыл өміріңдегі балиғатқа жетпеген кезіңді санамағандағы барлық істеген жаман амалдарыңмын. Бүгін сені көру үшін келдім. Рахмет айту үшін келдім, – деп мырс ете қалды.

Бұрыннан аңыз-ертекке, әңгімеге сене бермейтін Кеңекең іші күдіктеніп тұрса да сыртынан күлімдегендей боп:
– Хымм.. Қайдағы жамандық? қайдағы рахмет? не деп кеттің, бауырым? – деп дауысын көтере бастады. – Айналысатын басқа ермек таба алмадың ба?! Әлде тіленшісің ба? Тиын керек пе? – деп Кеңекең қалтасына әмиянын алу үшін қолын сұқты.

Осы сәтте Қарабай орнына жылдам түрегеп барып қарттың сол қолын ұстады да:

– Сен қартайған қақпас, мені қайыршы деп тұрмысың? Әлде сен өзіңнің қолыңмен істегеніңнен бас сауғалап қашқын келе ме? – деп қорқынышты көзімен Кеңес қарттың көздеріне тура қарап тұрды. 

Иә, шалдың сол қолының тамырын ұстап, көзіне қарағанда Кеңес Қарабайдың өзіне бөтен адам емес екенін іші сезді, ақылы көнді. Сол кезде Кеңекең сандырақтай «Жақсы, жақсы.. түсінікті» дегеннен кейін ғана Қарабай жәйлап қолын жіберіңкіреп, екеуі де орындыққа қайтадан отырысты.

– Мені танығаның құтты болсын, шал. Сенімен сөйлесіп отырғаныма қуаныштымын, – деді Қарабай кекетіп иісі тым сасық сигарасын шегуін жалғастырып. 

Шал тойған қозыдай үндемей отыр. Ішін үрей басқан. 

– Негізі мен сенімен ұрысуға емес, Рахмет айтуға келдім, – деді Қарабай әңгімесін жалғастырып. 
– Қандай рахмет? Мен саған қандай жақсылық жасадым? – деді қарт бұл жолы бәсең дауыспен.
– Кеңес, ренжітесің. Сен маған қандай жақсылық жасамадың айтшы?! Жастық шағыңда комсомолға кіріп ап, талай Құдайға сенетіндердің ізіне түсіп, оразада ауыздарын аштырдың. Үкіметке ұстап бердің.  Одан қалса ел сыйлайтын бастық болғаныңда жұмысыңда намаз оқитындарды қудаладың. Айта берейің ба? –  деді Қарабай сүмірейіп отырған Кеңеске.

Кеңесбай үндемеді. Ал, Қарабай сөзін ары қарай жалғастырып:

- Так, тағы не бар еді? А иә, арақ сенің жақын жолдасың болды. Бертін келе қолыңдағы билігің көбейген сайын халықтың ақшасын жедің. Басыңдағы әппақ шашыңмен үйіңдегі әйеліңнен тығылып саунада жас қыздармен нәпсіңді қандырдың. Анаған өтірік сөйледің, пәленшені жықтың, түгеншені соқтың. Бір сөзбен айтқанда мені семірттің. Осы істерің арқылы маған үлкен-үлкен подаркалар сыйладың. Міне, мына әдемі тастарды айтып отырмын, – деп Қарайбай асыл тастарын шытырлатып, бір сипап шықты.  – Мен енді сенімен Ақыретіңе дейін еріп барамын. Саған сол жерде «жәрдемші» боламын, – деді де Қарабай қарқылдап күле бастады.

Кеңесбай есі кеткенше қорықты. Әңгіменің не жайлы өрбіп жатқанын түсінді. Домаланып отырған Қарабаймен шын әңмілесуге кірісіп:

– Жоқ, тұра тұр! Менің жақсылықтарым да бар ғой. Мен кейін дінге келдім. Құдайға арнап мал соятын едім. Үйіме молданы шақырып Құран оқытатын едім, – деп жатқанында Қарабай сөзін аяқтатқызбай шалдың иығына қолын қойып:

– Қасқа шал, сен сол жақсылықтарды кім үшін жасадың білесің бе?

– Ыыы... Алла үшін.

– Қайдағы Алла?! Сен Оларды Алла үшін емес адам үшін жасадың. «Ана Мұртазаның үйі Құран оқытыпты. Жұрттар бізді ойлап қалмасын сараң деп, мен де мал сойып Құран оқытайың. Оның үстіне туыс-жақындар Кеңесбай жомарт, Құдайдан қорқады екен деп пікірлесін» деп бәйбішеңе гүрілдеп айтқаның есіңде емес пе?

– Сонда не? Ол саналмай ма жақсылыққа?

– Ол ауаға ұшқан амалдарың.

– Айтпақшы, мен 3 рет қажылыққа барғанмын ғой! Қажылыққа барған адам анасынан туғандай күнәдан тазарады деген сөз бар емес пе? Оным қайда?

–  Шал, қажылыққа барғанның бәрі тазарған шығар, бірақ сен тазармақ түгілі одан есе боққа баттың. Есіңде ме қажылығыңа бармай тұрып жұрттың бәрін жинап ұлан-асыр той қылғаның?  – деді Қарабай үнсіз төмен қарап отырған Кеңеске. – Сол кезде микрофонды жүргізушінің қолынан жұлып алып «Менің бабаларымның бәрі молда-әулие болған. Барлығы Меккеге барған. Мен де солардың ұрпағымын. Құдайға шүкір мал-дүние жетеді. Қажылыққа барамын. Ол бабаларым бір реттен барса, мен олардан асырып жіберемін», - деп аузың көпіргенше мақтанғаның есіңнен шығып кетіпті ғой, ә?!

Кеңекең не болып жатқанын түсіне алмай қалды. Бір Қарабайға қарап, бірге қарап тыпыршып кетті.

- Ой, бірақ сен қажылық та қылып жалшытпадың ғой, – деп жалғастырды Қарабай сөзін. Күннің аптабында жұрт ықыласпен ғибадат қылып жүргенде сен кондиционердің астында 5 жұлдызды қонақ үйде аяғыңды аспанға көтеріп қойып, телебізір көріп жаттың. Не сенің кино көргенің үшін сауап жазылуы керек пе? – деп Қарабай одан есе кекете айыптарын бетіне басты. 

Қарқылдап күліп жатқан Қарабайдың қасында отырып Кеңесбай бәрін түсінгендей болды. Не бүлдіргенін де, не істегенін де. Кеңекең бір жақсылығын айтып, жауап қайтарғысы келгеніменен адам баласына жасаған бір ізгі амалын есіне түсіре алмады. Тіпті жақсылық жасаған болса да Қарабайдың оның астарын ашып беретін әңгімелері бар екенін сезді. Бір кезде ол:

– Бұның бәрін сен маған не үшін айтып отырсың? Мен бұдан кейін жақсылық жасап барлық жамандықтарымды жуып жіберсем, сен жоғалып кетуің мүмкін ғой, – деп Кеңекең Қарабайға батыл сұрақ қойды.

Ал, Қарабай көп ойланбастан:

– Е, шал. Сенің өмір сүретін қанша күнім қалды дейсің?! Оның үстіне осыған дейін істеген күнәларыңды не істесең де жуа алмассың. Сен болдың енді. Мен сенімен өлгеніңше қасында болып, ары қарай Ақыретке бірге аттанамыз,– деп Қара дәу қарқ-қарқ күліп орнынан тұрып кетіп қалды. Шал артынан бір нәрселер айтайын десе де ол бұрылып та қарамады. Ұнжырғасы түскен Кеңесбей орындықта отырған күйі қалды.

Иә, "жығылғанға жұдырық" демекші онсыз-ақ суық хабардан есі кетіп отырған Кеңесбайдың басына бұндай сынақ келеді деп кім ойласын?! Өзіңнің өмір бойы істеген жаман амалың келіп, барлық істеген арам амалдарыңды бетіңе басып-басып айтып, енді сенде үміт жоқ десе кім оңсын?! 

Осы оқиғадан соң Кеңесбай көкенің мазасы қашты. Түнде ұйықтап жатып: «Мен сенің жамандықтарыңмын», «Мен сенімен бірге Ақыретке бірге аттанамын» деген Қарабайдың сөздерінен шошып оянатын болды. Егер ол менімен Ақыретке бірге барып, тозаққа кірсем не боламын? деп уайымдады Кеңес көке. Оның үстіне қай жерге барса да Қарабайдың қара көлеңкесі ізін аңдып жүргендей сезінетін еді. Түнінен ұйқы, күндізінен тыныштық кетті.

Осылайша арадан бір апта өткен соң "қой" деді өмір көріп, тәрбиеленіп қалған Кеңекең. «Үмітсіз шайтан ғана, жамандық істесем оны жақсылықпен құртамын» деді. Сөйтті де қамдануды бастады. Не болса да көпке жақсылық жасаған жақсы, олардың ризашылық дұғасын алып жамандығымнан солай құтылармын деп ойлады. Сөйтіп бүкіл жора-жолдасын, көрші-қолаңды шақырып үлкен ас берді. Жиынды ол бірден аямай сегіз жүз адамға жасады. Ол жерде келмеген адам болмады. Жиылғандардың ішінде көбісі жағдайы жоқтар еді. Астың артынан келген барлық адамдардың жеке-жеке қолын алып, сарқыт таратты.

Келгендердің бәрі Кеңекеңнің кеңдігіне дән риза болып, рахметтерін айтып жатты. Дегенмен шалдың ізінен қалмай алыстаудан бақылап жүрген Қарабайға Кеңестің көзі түскенде оның басын шайқап: «Бұдан бәрібір пайда жоқ» дегендей кекетіп күлген кейпін көрді. Сонша халықты шақырып ас беріп, батасын алғанда жамандығының жуылуына бір әсері тимегеніне Кеңекең қамықты. Алайда өз ниетінен қайтпады. Сөйтті де Кеңекең келесісінде жетім балалар үйіне барып сол жердегі барлық 400 баланы басынан аяғына дейін киіндіріп, екі күн солармен бірге түнеді. Қарапайымдылық танытып жетімдердің тамақтарын дайындауға көмектесті, арқалап ойнатты, әке жылуын көрмегендердің басынан сипалады. Тіпті жетімдердің кірлерін өз қолымен жуып асқан кішіпейілділік танытты. Бұнысы да Қарабайға түк әсер етпеді. Әшекейленген әдемі киімін киіп былшиған түрімен Қарабай қарт Кеңесбайдың қылығын мазақ қылып жүрді. Не нәрсе істесе де жамандығын жоя алмайтынын Қарабай қарттың үнемі құлағына сыбырлауын тоқтатпады.

Бірақ, көпті көрген Кеңекеңнен үміт оты сөнбеді. Бұрын ренжіткен, көңілін қалдырған адамдардың барлығының әйтеуір ебін тауып кешірім сұрап шықты. Олардың ризашылығын алды. Күнде-күнде үйіне ас беріп молдаларды әкеп әруақтарға Құран бағыштауды да естен шығармады. Бірақ, сонда да Қарабайдың қорқынышты кейпі көз алдында ойнап жүретін, ал «Ақыретке бірге барамыз» деген ащы дауысы құлағынан кетпей қойды. Ақырында Кеңес көке жан тыныштығы үшін тәуекел етіп, дүниесінің жартысын Алла жолына садақа ретінде мешіт құрылысына аударды. Дегенмен құрғыр Қарабай жоғалмады. Мұңайып жүрген Кеңесбайға алыстан күліп, кекетіп: «Сен мына дүниенің барлық қазынасының иесі болып, соның бәрін Құдай жолына сарп етсең де, маған залал тигізе алмайсың», - деп Қарабай саңқылдады. Кеңес көкенің құр далаға шашылып аяқ астынан святой болып қалғанына семьясының да көңілі толмады. Оны бұл үшін жазғырды.

Осылайша Кеңекеңнің маңдай тері төгіліп жасаған барлық жақсылықтары бір жамандығын да өшіре алмады. Ақыры үміті үзілгендей болды.

Осы түні Кеңес көке үйіне қонған жоқ. Түні бойы көгалдағы орындықта терең ойға батқан күйде отырды. Арлы-берлі жүгіріп жүдеп кеткен. Саябақта сағы сынып, үміті үзіліп «Қарабай дұрыс айтқан екен, жамандықтарымды енді ешқашан өшіре алмаспын» деген ойдан кейін Кеңекең берілгендей болды.

Зираттағыдай тыныштық орнаған. Таңның салқын самалы Кеңесбайдың кәрі бетіне соғылады. Бақтағы ағаштар жеңіл желдің әсерінен желпініп тұр. Адамдар қалың ұйқыда жатқанда құмырсқалар індерінен шығып, тіршіліктерін жасай бастаған кез. Көгілдір шөптер түнде аз-маз сіркіреген жаңбырдың әсерінен суланып, айдың жарығына шағылыса көрінеді. Әдемі тыныштықты арлы-берлі ойнақтап ұшқан құстардың сыңғырлаған дыбыстары бұзады. Түннің жарымы болғандықтан жұлдыздардың барлық түрі өз орындарында жарқырап көрініп тұр. Аспан мұндай да әдемі болады екен деп таңданыс білдіреді Кеңекең. Көрер қызығының көбісін көріп азы қалғанда, өмір бойы көріп келе жатқан бұл құбылыстарға, бұл жаратылыстарға осы түні Кеңес көке шынымен де ой тастап қарады. Кеңекеңе әлгі тіршіліктердің барлығы дерлік сыбырлап, ыңылдап өз алдына бір күш иесіне мадақ айтып жатқандай сезілді. Айналасына, аспанға терең оймен көз тастап отырған Кеңес көке осы бейнені құдды бір бұрын соңғы көрмегендей қатты әсер алды. 

– Бұл тегін емес, – деді Кеңекең бір кезде өз-өзіне. – Ғаламның бұлай жаратылуы, тіршіліктер, жан-жануарлар.... Жоқ, бұл тегін емес. Бұлардың барлығын жаратқан, бақылап тұрған күш бар. Оның бар екеніне және мейірімді екеніне күмән жоқ. Байқасам бұл тіршіліктердің барлығын біздің иігіліміз үшін жаратқан. Тіпті олардың өзі Құдайларын мадақтаудан бір сәтке тоқтамайтын секілді. Ол Құдай мені де жаратқан. Енді әлемдегі барлық тіршіліктерге қарағанда бізге мейірімдірек Иемді мен қалайша ұмытып қойдым? Қалайша Оны әлгілер мадақтағандай мен мадақтамаймын? Расында оларға қарағанда бізге көп нығмет берілді ғой. Ай, зая кеткен өмірім-ай! Сонша жыл өмір сүріп, дүние теріп, жақындар тауып өзімнің ең Жақынымды естен шығарған екенмін. Жоқ! Мен де өз Иемді еске аламын! –  деген сыбырлаулардан кейін Кеңесбай басын көтеріп есін жиды. Ойға шомып кеткен екен. Бұл ойларды қартайған Кеңеске Раббысының өзі салып, соқыр көзін ашқандай болды.

Осы сәтте басына: «Мешітке бар!» деген бір аян келгендей дереу үйіне қайтып киімін ауыстырды да, өзіне жақын жердегі Алла үйіне қарай бағыт алды.

Мешітте таң азаны айтылып жамағат құлшылыққа дайындалып жатыр екен. Кеңесбай көке де жылдамтатып дәретін алып мешітке кірді. Имам алға шықты. Таң намазын жұртпен бірге оқыды. Иә, бұл намаз бұрындары оқып жүргендей болған намаздардан өзгеше еді. Өзі дұрыс намаз тәртіптерін, сүрелерді де білмейтін. Бірақ жұрт не істесе соны істеп жатты. Ғибадатта тұрып көздерінен еріксіз жас төгілді. Бұл – жүректен шыққан жастар еді. Әр басын жерге қойған сайын маңдайын сәждеден қимай-қимай көтерді. Намаз аяқталып жамағат тарқағасын өзі қалып дұға жасады. «Я, раббым! Сен мені жоқтан бар еттің, сәби қылдың, одан соң бала қылдың, ер жеткіздің, байыдым, шалқыдым. Осының барлығы кімнің арқасында екенін мен ұмытқан екенмін. Өмірімнің көбісін жарға құлататын сағымның артын қуумен өткізіппін. Енді аз өмірім қалды. Ең болмаса сол қалған аз уақытта сені танып өтсем деймін... Өз өмірімде мен көп күнә жасадым. Айтуға тіпті аузым да бармайды. Оның бәрін Сен кешіре алмайтын шығарсың... Бірақ, менің үмітім бар. Мен өзімді құл, сені Жаратушым ретінде мойындап барлық жасаған күнәларыма кешірім сұраймын» деп егіліп дұға қылды. 
Кеңес көке дұғасын бітіріп, мешіттен шығып бара жатқан кезде садақа жәшігіне көзі түсіп кетті. Сол жерге бір нәрсе тастайын деп қалтасын қарағанымен әттең 10 теңгеден басқа бір тиын да таппады. Шамасы бағана мешітке асығып жиналып жүргенде әмиянын ұмытып үйде тастап кетсе керек. Бұйырғаны осы екен деп Кеңесбай көке әлгі он теңгені жәшікке сала салды. Сөйтті де Кеңекең көлікпен қайтатын қалтасында ақшасы жоқ, үйіне жаяу тартты. Бірақ бұл жолы Кеңекеңнің көңілі ерекше тоқ, жүрегіне тыныштық орнаған сияқты болды.
Бір кезде жол жиегінде кетіп бара жатқан Кеңесбай артынан: «Әй шал, сен не істедің сонша?» деген әлсіреп шыққан, қырылдаған дауысты есітті. Бұрылып қараса ағаш түбінде жатқан бір кісі екен. Анықтап көз жүгіртсе өте жүдеп, көздері арнасына кіріп кеткен, әлсірегені соншалықты орнынан тұруға жарамай қалған Қарабайдың өзін көрді.

– Бұл...

– Иә, мен жамандықтарыңмын, – деді көзін әрең ашып.

– Сенің баяғы түрің қайда кеткен? Үстіңдегі алмас-жақұт әшекейлерің қайда? – деді өгіздей семіз болған Қарабайды тани алмай.

– Оларды сенен басқа ешкім ала алмайды менен, – деді Қарабай ызаға толы көзіменен Кеңесбайға қарап.

– Айтшы маған, сен не істедің?

– Мен жақсылықты да, жамандықты да жіберуші Раббымды тауып, Одан менің жамандықтарымды өшіруін сұрадым.

– Сен сонша садақа беріп, адамдардың көңілін тапқанда, кешірмеді. Бір сәтте Раббың сені қалай кешіре салды? – деді орнынан көтерілгісі келсе де тұра алмай жатқан Қарабай.
– Мен бұрынғы садақаларымның бәрін өзім үшін, өзгелер үшін берген екенмін. Құдайға бердім десем де, сол Құдайдың өзім танымаппын. Ал, бұл жолы 10 теңге садақа етсем де шын ниетіммен бір Алла үшін бердім.

– Сонда сен қалай... Бұлай болып...

– Кешіресің, мені алдымда көп жақсы істер күтіп тұр, – деді Кеңес Қарабайға сөзін аяқтатқызбай. – Жамандықпен әңгіме құрып тұратын уақытым жоқ. Мен өз жолымды кеш те болса таптым, – деді де Қарабайдың ыңырсыған даусына мән бермей бұрылып кетіп қалды.

Бұл Қарабайдың ақырғы сөздері еді.

Осылайша көңілі тоқ, иығынан тау түскендей жеңілдеген, жүрегі тыншыған, жүзінде күлкі ойнаған күйде Кеңесбей көке күннің енді ұясынан көтеріліп жатқан кезінде көше жиегінде жалғыз өзі үйіне қарап қайтып бара жатты. Бәлкім күннің ұясынан көтеріліп, жаңа шашып келе жатқан сәулесі мен таңдағы тұнық таза ауа қартайған Кеңесбай көкенің тазарған жан дүниесі мен жаңа парақтан басталған таза өмірінің бір көрінісі болса керек...

4 пікір
  • Тамаша жазылған әңгіме. Шығармашылық табыс тілеймін. Адам дінге келген кезде Аллаға шексіз разы болады. Бұрынғы күнәлары үшін тәубеге келгенде қандай мықты деген адамның көзіңнен жас еріксіз шығады.
    9 жыл бұрын
  • Көзге жас алмай оқу мүмкін емес. Аллам әрбір жасаған амалымызды қабыл етсін. Шын ықыласпен кешірім сұрасақ Алла кешіреді. Кешірімді ықыласпен сұрай білейік.
    9 жыл бұрын
  • Qudyretti Allahtyn meirimi sheksiz. Arine kozimizge jas aldyq. "Subhanal-lahi ua bixamdih"
    9 жыл бұрын
  • Қарабай дегеніңіз Карин деген ба?
    9 жыл бұрын