Қанағаты жоқ ел қайтіп қағанат құра алады?
Қанағаты жоқ ел қайтіп қағанат құра алады?
10 жыл бұрын 4160
Мұхан Исахан

Қазақ туа бітті қанағатшыл һәм ақиқатшыл халық. Ұшса құстың қанаты талатын иен даланы иемденіп отырса да, бұл дүниені «қамшының сабына» теңейді. Мына беу-дүниенің баяны жоқ екенін нақа сезініп, жарық дүниені «жалған» деп атайды. Қара нан мен қара суды қайғысыз ішсе, соған «мың тәуба» айтады. Көппен бірге не көрсе де соны «ұлы тойға» балайды...

Әлбетте, дүниетанымымыздың ақиқатпен астасып-қойындасып кетіп, қанағатшылдықты қадір тұтуына діни құндылықтардың әсер еткені сөзсіз. Десе де, жылқыны түгіменен, түйені жүгіменен жұтатын мешкейлер мен қарынбайлардың сол қанағатшыл халықпен қатар өмір сүретіні баршамызға мәлім. Бірақ, көңілінің алғауы жоқ ағеділ атам қазақ ашкөздерді ешқашан жақсы атамаған. Керісінше сіңірі шыққан кедейдің ынсабы мен қанағатын мақұл көрген. 

Әсілі, бүгінгі дәуір иелерінің қаншалықты қанағатшыл екенін ескі критерийлермен анықтауға әсте болмайды. Себебі, ескі қазақ пен жаңа қазақтың дүниетанымы, қоғамдық көзқарасы, ақыл-парасаты, әлеуметтік талабы, ғұмырлық ұстанымы үлкен өзгерістерге ұшырады. Әсіресе, нарықтық экономикаға бет-бұрыс жасағаннан бері халықтың қанағатшылдық қасиетіне жарықшақ түсті.

Өткен ғасырдың жалпыға бірдей әлеуметтік теңдік қағидасы халықтың тұрмыс-тіршілігінің біркелгі болуын ғана қамтамасыз етіп қойған жоқ, қанағатшылдық қасиетімізді нығайта түскен еді. Қызыл империяның тігіні сетінеп,  әлемге айқара есік ашылғаннан кейін халықтың ақша мен байлыққа деген танымы төңкеріске ұшырады. Қазақ қоғамында «жаңа қазақтар» деген олигархтар тобы пайда болды. Оларға еліктеген жас буын жаһанданудың буына мас болып, қанағаттың не екенін ұмытты.

Қазір балшырын ғұмыр кешуді армандамайтын адам жоқ. Көкейді тескен осы жалаң пиғылдың әсерінен талай жан өмір шындығымен емес, құр елес қуып, құйрық-жалын ұстата қоймаған байлықты аңсап, қияли ғұмыр кешуде. Кержақ һәм ашкөз пиғылдан қаншама ұл-қызымыз опық жеп жүр. Яғни, қанағатсыздық қазақ қоғамының қазабатына айналып барады.

Әлбетте, көпке топырақ шашуға болмайды. Тоталитарлық жүйенің төңкерілуімен діни сенімге де еркіндік берілді. Діни құндылықтармен қаруланған жастарымыз «қанағат қарын тойғызады» деген қағиданы берік ұстануда. Мұсылмандық дүниетаным - Тәңірдің пешенеге жазғанына мойынсұна білуге, тағдырдың тартқызғанына көнімпаз болуға баулиды. Яғни, барға қанағат етіп, молшылыққа шүкіршілік ететін буын да өсіп келеді. Қазір Құдайға тәуба, осы бағытты ұстанған жастарымыздың қарасы көбейіп келеді.

Тегінде, байлыққа аса құмбыл болып, мейманасы тасып даңдайсу  – ақтап ала алмайтын індет. Дегенмен, Тәңірдің тартқызғаны осы екен деп көңторғай өмір сүруге де болмайды. Хақ дініміздің діни уасит қағидасы байлық пен кедейліктің, ашкөздік пен қанағаттың аражігін ашып, дін мұсылман қауымын орта жолды ұстануға үндейді. Бұл түсінік берік орнықса, бәлкім  қоғамның белгілі бір аз тобы шөпке тышар байшыкештер, белгілі бір тобы сіңірі шыққан кедей болса да, халықтың негізгі дені қанағатшылдық қасиетті берік ұстанған орта тапты құрайтын еді.

Алайда, пиғыл түзелмейінше пішін де түзелмек емес. Біздің қоғамда орта жол ұстанымы емес, түп-төркіні пенделікке негізделген жалаң қағидалар басым. Мысалы, дүние қумаған адамның дені дұрыс емес деген түсініктің етек жаюы қауіпті құбылыс. Бұл азғынданудың белгісі. Хакім Абайдың «надан» катеогориясының көрінісі. Ұлы Абайдың пайымынша хайуанда ішсем, жесем, тойсам деген пиғыл ғана болады. Дәл осы сықылды қазір аста-төк дастарханым, хан сарайындай баспанам болса екен деген тоғышарлық пиғыл алға шықты. Яғни, дүние қумаған адамды кемсіту тенденциясының орын алуы - бұл біздің қоғамның рухани азғындана бастағанын әйгілейді. Бұл індеттен арылу үшін діни танымымызды арттыруымыз керек-ақ. Себебі, Хақ дініміз бұл дүниеден хикмет іздеуге шақырады. Мұқым жұрт данышпан болып кетпесе де, Хакім Абай айтпақшы дүниенің ақиқатын денелеп болса да тани білуі шарт.

Задында, қанағатсыздық дертін тек қарын мәселесіне әкеп тіреп қоюға болмайды. Біреуді жата кеп мақтағанда да, тіпті мүсіркегенде қанағат қағидасына берік болуымыз керек. Мәселен, біздің қазақ арқадан қағып, қошемет көрсетемін деп жағымпаздыққа ұрынып жатады. Шынтуайтында, лайықты жанға құрмет көрсету өте орынды қылық. Ал, лайық емес адамды мақтап-мадақтау барып тұрған жалаңдық һәм жағымпаздық. Яғни, құрмет көрсетудің де шегі болуға тиіс. Айталық, өр мінезді болу жақсы қасиет саналғанымен, өрлік шегінен шықса, адамды тәкәппарлыққа ұрындырады. Сақтық жақсы қасиет болғанмен, аса сақ бола бастасақ, қорқақ болып көрінуіміз мүмкін. Сол секілді құрмет көрсетудің шегін асырып жіберсек, онда жағымпазға айналамыз.

Ал, дәл қазір жағымпаздықтың жер-жиһанды жайлап алғаны соншалықты, жағымпазданбаған жанды кінәлі санайтын жағдайға жеттік. Қайда барсаң да әкім-қара мен бай-манаптың астына көпшік қойып, шашбауын көтеру қасаң үрдіске айналып бара жатыр. Бұл өте-мөте күлманы көп, қауіпті құбылыс. Бұл індеттің алдын-алу үшін ұрпағымызды шынайы болуға тәрбиелеуге тиістіміз.

Иә, қанағатсыздық пен жағымпаздық белең алса, елдің болашағы не болмақ? Жерасты жадықаттарымыз, жер үсті байлығымыз қанағаты жоқ ашкөздердің жемсауында кетсе, келер ұрпақ немен күнелтеді? Шындық бүркемеленіп, өтірік өрге басса, қайтіп кемелділікке қол жеткізе аламыз? Ақиқатшыл алып-ерен азаматтарымыз болмаса, ел егемендігін қалайша баянды етпекпіз? Халық қазынасынан шашау шығармайтын қанағатшыл һәм тек хақиқатты ту етіп ұстайтын баһадүр буынды тәрбиелемейінше келешегіміз күңгірт. Ол үшін әлбетте ең алдымен пейіл мен мұратты арайландыруымыз шарт. 

0 пікір