Қабір азабынан құтқаратын 5 амал
Қабір азабынан құтқаратын 5 амал
7 жыл бұрын 15090 islamdag.ru

Пенде қабір азабынан құтылу үшін, өзін жиі есепке алып, тәубесін жаңартып отыруы тиіс. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.у.) қабір азабынан құтқаратын бірқатар іс-амалдарға нұсқау жасаған. Олар:

1. Парыз амалдар мен ізгі іс-әрекеттер

Әбу Һурайра (р.а.) риуаят еткен хадисте Алла елшісі (с.а.у.): «Расында, мәйіт одан (адамдар) бұрылған кезде олардың аяқтарының дауысын есітеді. Егер (пенде) мүмін болса, намаз оның бас жағында, ораза оң жағында, зекет сол жағында, ал садақа, туыстық қарым-қатынасты үзбеу, дұрыстық, адамдарға деген жақсылықтардан тұратын ізгі амалдар аяқ тұсында тұрады. Оған (азаптар мен жамандықтар) бас жағынан келтіріледі, сонда намаз: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», – дейді. Сосын оң жақтан келтірілгенде, ораза: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», – дейді. Кейін сол жағынан келтіріледі, сонда зекет: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», – дейді. Содан соң аяқ тұсынан келтірілгенде де, садақа, туыстық түзу қарым-қатынас, дұрыстық, адамдарға деген жақсылықтардан тұратын ізгі амалдар: «Менің тарапымнан кірер жер жоқ», – дейді», – деген.

Хадисте меңзелгендей, бізді қабір азабынан құтқаратын нәрселер: оқыған намазымыз, тұтқан оразамыз, берген зекетіміз және адамдарға деген жақсы қарым-қатынасымыз. Иманы берік мүмін адам аталмыш істерде осалдық көрсетпейді. Сонысына сай, ол Алла қаласа, қабір азабын да басынан кешірмейтін болады.

2. Қиындықта мұсылмандармен бірге болу

Салманнан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Соғыста немесе мұсылмандарға қиыншылық туған сәттерде олармен бір күн және бір түн бірге болу бір ай ораза ұстап, намазға тұрудан жақсы. Ал егер ол өлсе, оған бұрын істеп жүрген (ізгі) амалдары жалғасын тауып жазылып тұрады және ризығы үзілмейді, азаптардан құтылады», – деп айтқан.

3. «Мүлік» сүресін оқу

Пайғамбар (с.а.у.): «Мүлік» сүресі – қайтарушы, құтқарушы: ол (қабірдегіні) қабір азабынан құтқарады», – деген.

 4. «Сәжде» сүресін оқу

Халид ибн Миғданнан келген риуаятта Пайғамбар (с.а.у.): «Сәжде» сүресі өзін оқыған пенде үшін араша түсіп, оны қабір азабынан құтқарады», – дейді.

5. Алладан пана сұрау

Әнәстен (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.у.): «Аллаһым! Расында, мен Өзіңнен дәрменсіздік пен жалқаулықтан, қорқақтық пен сараңдықтан және қарттықтан пана сұраймын. Және Өзіңнен қабір азабынан пана сұраймын, сондай-ақ Өзіңнен тіршілік пен өлімнің бүлігінен пана сұраймын», – деп дұға қылған.

Пайғамбар (с.а.у.) сахабаларына: «Алладан қабір азабынан пана сұраңдар!» – деп насихат айтатын. Олар (әрдайым): «Алладан қабір азабынан пана сұраймыз!» – десетін-ді.

Абдуллаһ ибн Аббастан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбар (с.а.у.) сахабаларына осы дұғаны Құранның бір сүресін үйретіп жатқандай үйрететін. Және өзі де (с.а.у.) әрбір намазында ташаһһудтан кейін: «Уа, Алла! Мен Өзіңнен жаһаннамның азабынан, қабір азабынан, мәсих Дәжжалдың бүлігінен және тіршілік пен өлімнің бүлігінен пана сұраймын!» – деп дұға ететін.

Қорыта айтқанда, жалғыз Аллаға ғана сеніп, тура жолда жүру – қабір азабынан құтылудың басты себептерінің бірі. Өйткені Алла тағала Құран Кәрімде: «Расында, «Раббымыз – Алла», – деп, сосын туралықта болғандар, оларға қорқыныш жоқ және олар қайғырмайды да», – деген.

 

0 пікір