Ораза - адам үшін ең керекті дәрі. Ол рухани әрі материалдық, медициналық диета. Адамның қалауынша тынбастан ішіп-жей беруі оның денсаулығына ғана зиян емес, адал-арам деп ажыратып жатпастан асқа қол салатындығы оның рухани тыныс-тіршілігіне де залалын тигізеді. Ондайда нәпсінің жүрек пен рухқа бағынуы күш. Екілене есерсоқтыққа басқан нәпсі адамды жүн етеді. Қасиетті Рамазан айында болса ораза арқылы нәпсі диетаға көндігеді. Рухани өсіп, тақуалық артады. Жаратқанның бұйырған әмірлеріне бас июді үйренеді. Асқазан да ас қорытпай тұрып тамақ үстіне тамақ қабылдап түрлі ауруларды жамамайтын болады. Жаратқанның әмірін тыңдап күндіз алдындағы адал астан бас тартуға дағдыланған пенде арам астан да бойын аулақ салуды әдет етеді. Ақыл-ой, санасымен зерделеп Ислам дінінің басқа да бұйрықтарын орындауға қабілеті күшейеді. Әмірге бойсұнып адалға қол созбаған пенде арамнан да бойын таза ұстауға тырысады. Ол осылайша рухани өмірінің пәктігі мен тұтастығын сақтауға тырысады. Адамдардың көпшілігі су тасқыны, сел, өрт, жер сілкінісі секілді аяқасты белең алған апат кездерінде, соғыс, жер аударылу секілді қиындықтарға кездескенде көбіне-көп тіске басар талғажу таппай ашығуға тап болады. Ондайда неше күнге созылар аштыққа төзе білу үшін алдын-ала жаттығулардан өткеннің көп көмегі тиері белгілі. Рамазан айындағы ораза он бес сағатты, сәресі болмаса жиырма төрт сағатты құрайды. Бұл дегеніңіз осынша уақыт аштыққа төзімділік көрсету, шыдамдылық таныту деген сөз. Демек қиындықты екі есеге ұлғайтатын сабырсыздық пен шыдамсыздықтың бірден-бір емі – ораза.
Кісіліктің қалыптасуында сабыр мен шыдамдылық үлкен рөл ойнайды. Рухани әрі материалдық болмысымыз бір-бірімен тығыз байланысты болғандықтан, олардың өзара әсер-ықпалы басым. Алайда тәндік ләззаттарға үлкен шыдамдылық таныта алған адам тәндік емес машақаттарға да аса мойымайды. Бұны дәлелдеу үшін терең психологиялық сараптама жасаудық қажеті жоқ. Бұған ғасырлар бойы небір қиындыққа қарамастан крестшілермен жан аямай соғысқан ата-бабаларымыздың ерлігі куә. Крест жорығына үстірт қарауға болмайды. Өйткені бүгінгі күні біз дүниежүзілік соғыс деген кезде тым әсіре қабылдап жатамыз. Дүниежүзілік соғыс өзара тең күштер арасында өткен. Ал крест жорықтарында болса бүкіл христиан әлемінің 20-25 алпауыт мемлекеттері бірігіп, бізге қарсы тұрған еді. Оған төтеп беру не деген таңғаларлық қарсыластық десеңізші?!
Адам денесінде үнемі қайталанатын қимылдар үйреншікті дағдыға айналады. Ал күнделікті дағды адамның табиғаты мен мінезін қалыптастырады. Кей уақытта аштыққа мәжбүр болу бұрыннан аштыққа төзімді адамды мұқалта алмайды. Бұның сырын осыдан бірнеше ғасыр бұрын үлкен ислам ғалымы Ибн Халдун сол күннің медициналық мәліметтерімен былай деп түсіндіруде:
«Аштық жылдары тұрмысы жұпыны кедейлермен салыстырғанда ішіп-жемі мол бай адамдар тез өлген. Өйткені байлар аштыққа шыдай алмаған. Молшылықта ас та төкпен не ішем, не жеймін демей өмір сүргендер, әсіресе майлы тағамға үйреніп ішектері үнемі майланып отырғандар басына әлдеқандай күн туып дағдыдан тыс аз тамақ жегенде, баяғы калориясы көп түрлі тағамдар мен майлы ас болмай қалған кезде тапқанын жеу олардың ішектерін тез құрғатып, қыртыстандырады. Ішек әлсіз, нәзік ағза болғандықтан тез ауруға шалдығып, нәтижеде өлімге алып келеді. Аштық жылдары адамдар аштықтан өлмейді, бұрыннан үйреніп қалған тоқтықтан өледі. Қара нан мен қара шайды қанағат тұтып келе жатқан кедейлер болса аштық кезінде де шыдамдылық танытып аса бір мойи бермейді. Олардың ішіп-жеуі одан да сәл нашарлағанмен ішектері баяғы қалпын сақтап, бұзыла қоймайды.
Дәрігерлер кеңесіне құлақ түрсек «Аштық адамды құртады» дейді. Дәрігерлердің мегзегені: егер адам ас қабылдауды бірден пышақ кесті тыйса ондай ашығудың адамға зиян екендігі. Ондайда ішектер қабысып, түрліше қатерлі індеттер бой көтереді. Алайда сопылар іске асырғандай тақуалық тұрғысынан тағамды бірте-бірте кеміте отырып ашығу ешқандай қауіпті ауруға итермелемейді. Тіпті тақуалықты доғарып бұрынғы қалыпқа қайта келу үшін тамақты күнара бірте-бірте көбейткен жөн. Бұрынғысынша көп тамақты бірден асаймын деген адам ғана өліммен бетпе-бет келуі мүмкін. Аз жеудің әсерін денеден, ақыл-ойдың тазалығынан, күш-қуаттан байқауға болады». (Мұқаддима, 222)
Негізі алып қарасақ, несібесіз аш қалып өлгендер болмаған. Өйткені Алла Тағала тіршілік иелерінің денесіне жіберген рызығының бір бөлігін олардың денелерінің ішкі жағына іш май ретінде сақтаған. Тіпті дененің әр жасушасына тиесілі рызықтың бір бөлігі сол жасушаның ішкі жағында сақталады. Оның мәнісі болашақта рызық келмеген жағдайда сол ішкі жақта сақталған несібені ықтиятты түрде пайдалану үшін. Жоғарыда біз айтқан көп тамақтанатындардың өлуі осы бір іште сақталған рызықтың таусылмай тұрып іске асуында. Демек, ондай өлімге басты себеп рызық-несібесіздік емес, керісінше үйреншікті тоғышарлығын бірден тыйған кезде пайда болған аурудың кесірінен.
Әрбір тіршілік иесінің ішкі жағында үнемдік үшін сақталатын табиғи рызығы орташа есеппен қырық күндік мерзімге жетеді. Кейде ұзаққа созылған ауру яки рухани күйзеліс салдарынан ол сексен күнге дейін созылады. Айталық, бір қылмыскердің қатты қырсығып Лондон түрмесінде жетпіс күн бойы нәр татпағанын, сонда да денсаулығының еш бүлінбегенін осыдан бірнеше жыл бұрын газеттер жарыса жазды. Сондай-ақ жақын жылдары тағы да Ұлыбританияда IRA партизандарының одан да көп уақытқа шыдағандарын газет, радиодан естіп көкейге түйдік. Олай болса қырық күнге дейін аштықтан тіл тартпай кеткендерге несібесіздік себеп емес. Бәлкім «Үйреншікті дағдыны тәрк ету адамға қауіп төндіреді» сөзінің сырын паш етіп, асқа деген тоғышарлықтың дереу тоқтауынан туған ауру салдарынан болса керек.
Ендеше, ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннетін берік ұстанып, аз тамақтануға әдеттеніп, жылына бір ай ораза ұстағандар бұндай қауіп-қатерден тегінде алыс жүреді. Өйткені олардың денесі жасушаның ішкі жағында үнемдік үшін жиналған қосымша азықты ораза кезінде пайдалануға әбден дағдыланады.
"Құлшылық құпиясы" кітабынан
Авторы: С Сених
Аударған: Құдайберді Бағашар