Оң жол мен сол жол
Оң жол мен сол жол
9 жыл бұрын 4667
Абай ХАМЗА

Алдан деген бозбала бақыт пен байлық іздеп  жолға шыққан еді. Алғашында қайда барарын білмей ауыл шетінде аңырып  тұрды.

 Жанына  жүдеу  жүзді, жұпыны ақсақал келіп:

«Балам, мынау оң жақтағы жолға  түсіп бірге жүрейік!» деп өтініш жасады.

 «Ол жақта не бар?»

«Жемісі таусылмайтын мәңгі жасыл бақ бар».

 «Оған қалай жетеміз?»

 «Жолда кезіккеннің бәріне жәрдем етіп отырсақ, олар бізге жөн сілтеп бақты адаспай табамыз».

 Баланың көкейіне:

«Түгі жоқ кәрімен бірге  жүріп не табам?» деген ой  сумаң етіп  келе қалды. Ол басын шайқады. Қария жөніне кетті.

Дәл осы сәтте жылмаң жүзді біреу жетіп келді. Әлгі ең алдымен бозбаланың қолына  бір бума ақшаны ұстата қойды. Алдан бала бірден:

«Неткен жомарт  жан!» деп таңданып қалды.  Оған көңілі де жібіп сала берді. Енді  не  айтар екен деп  күтті. Жылмаң жүзді:

 «Бауырым, көп ақша табатын жерге барғың келе ме?» деп елжіреді. Бозбала ойындағысын  дөп басқан соң:

«Иә» деді. Ол:

 «Олай болса айналаңдағы  ештеңеге де, ешкімге де алаң болмай, тек сол ақша жаққа қарай жүре берсең, әрі жылдам, әрі дәл барасың» деді. Алданның да тілегені осы емес пе!

«Қалай барам, айтыңыз!» деді батылданып. Жылмаң жүзді:

 «Айналаңа  алаң болмауың үшін көзіңді байлауым керек. Бұған көнесің бе?» деді.

Бозбала сәл мүдіріп:

«Жарайды», - деп келісе кетті. Әлгі де осы құптауды іліп алып:

 «Ендеше, менің  айтқан  бағытымнан  аумай  жүріп  отырасың» деді. Алдан:

«Қалай қарай?» - деп сұрады. Ол:

 «Міне, мына жаққа тек солға қарай  жүріп отыр. Бір кезде мол ақшаның үстінен түсесің» деді шегелеп. Алдан әнтек күдіктенгендей:

 «Сіз, өзіңіз онда болдыңыз ба?» - деп сұрауға батылы жетті. Жылмаң жүзді:

«Әрине, сонша көп ақшам болмаса мен саған мұнша ақшаны тектен-текке қалай бере алам?!» деді берген бір бума ақшасын нұсқап.

Жағы талғанша тағы қанша сөйледі, жылжып жылдар өтіпті. Алдан жігіт басын изегенін өзі де білмей қалды. Дәл осы сәтті аңдып тұрған Жылмаң да жып еткізіп оның көзін байлай қойды да, сол қолынан жетелеп солға бұрып:

«Енді, еш бөгелмей тарта бер!» деп бұйырды.

Сәулесіз қалған жас жігіт Алдан қолын қарманып, беті  бұрылған жаққа кібіртіктеп  кете барды. Түнекте  қалған соң күн мен түнді де айырмады,  қанша  жылдар  өткені есінде қалмады,  өзінің қария  жасқа жетіп қалтырап келе жатқанын ғана сезді. Көз алдына ақшадан өзге ештеңе де  елестемейді. Бір уақыттарда оң жақ тұсынан:

«Тоқтаңыз!» деген дауыс естілді. Алдан қария тұра қалды да әлгі беймәлім дауыспен сөйлесе бастады.

«Олай  жүруге болмайды!» деді ол.

 «Неге?» 

 «Алдыңызға қарай енді бірнеше қадам бассаңыз, түпсіз құрдымға құлайсыз!»

 «Өтірік айтып тұрсың!»

 «Сіз маған неге сенбейсіз? Мен  түпсіз аңғарды көріп тұрмын, ал сіз оны  көріп  тұрған жоқсыз. Өйткені, көзіңіз байлаулы ғой».

Қарияның есіне Жылмаңның баяғыда айтқан «Ештеңеге, ешкімге де қарама!»  деген сөзі  түсе кетті. Сонан соң  оның көкейінде «Мынау менің  көп ақшаға жететінімді  біліп қызғанып  тұр» деген күдік туа қалды.

 «Мен саған сенбеймін» деді. Бөгде дауыс:

 «Сенбесеңіз көзіңізді шешейін, өзіңіз көріңіз!» деді. Алдан қария:

 «Жоқ, жоқ маған жолама, жолымнан қаламын!» деп шып-пыр болды. Бөгде дауыс жанашырлық үнмен:

 «Сіз,  міне былай оңға қарай  жүрсеңіз қатерсіз, кең даңғыл жол алдыңыздан ашылады», деді.

 «Ол жақта маған мол ақша бар ма?»

 «Онда жетсеңіз ақшаның  еш қажеті болмайды». 

«Жоқ, сіз мені алдап адастырғалы  тұрсыз! Ақшаның керегі  жоқ жер бола ма? Міне, мені  былай жіберген адам мұнша ақша берді. Сенікі құр сөз…»  Бөгде дауыс аянышпен:

«Сіз енді, аз уақыттан кейін менің сөзіме де сенесіз. Қолыңыздағы ақшаның да еш керегі  болмайды. Ол кезде менің айтқан ақылымның да  пайдасы  тимейді. Тек, еш жаққа бармайтын түпсіз тереңде жатып таусылмайтын өкініштің дәмін татасыз!» деп, алыстап кетті. Қалтыраған қария да қорқынышты, түпсіз түнек апанның шетіне жетті...

Міне, бұл мысал, аңыздан гөрі күнде өмірде көріп жүрген шындыққа ұқсайды.

Мәңгі Ақырет дүниесінің бар екеніне сенбейтін бейғам пенделер мол ақша, даңғаза атақ-даңқ, бір күндік  биік лауазым, жәдігөй марапат-сыйлық, ақылды  алған арақ-шарап, есті шығарған дырду думан...  іспетті хақ жолдан тайдырушы арбаушылардың алдағанына да, құтылмайтын құрдымға айдағанына да сене береді, сене береді... соны жақсы көреді.

 Құтқарушының сөзін құлағына да ілмейді, хақ жолды елемейді. Себебі, адасушы адамдардың  Алдан балаға ұқсап көкірек көзі байланған ғой.

4 пікір