Бүгінде Батыс жұртының Исламға ағылуының сыры неде? Мұсылман үмбетінің қазіргі ахуалы бәріне аян. Мұсылмандардың оларға ұсына алатыны шамалы (материалдық тұрғыда айтқанда). Христиан болсын, мейлі атеист болсын, Ислам дінін таңдап, мұсылман болып жатқандарын күнде естиміз. Осыдан бес жыл бұрын, Ислам дінін қабылдаған бір еуропалық адамды естісек, үлкен жаңалық болып көрінуші еді. Ал бүгінде бұл әдеттегі жағдайға айналды, сондықтан да бұрынғыдай таң қалмайтын болдық, шүкір Аллаға. Ендеше Еуропалықтарды осыншама мұсылман дінін қабылдауға не итермелеуде? Осының жауабын бірге іздеп көрелік. Әрине оның себебі бірнеше болуы мүмкін. Десе де біз өз назарымызбен себебін анықтауға тырысалық.
Батыс өркениеті адамдарға дүниенің барлық қызығы мен жайлылығын беріп-ақ отыр. Алайда сол жарқыраған жылтырақтың артында екі үлкен дерт жасырулы:
-
Біріншісі - Рухани шөл;
-
Екіншісі - Әлеуметтік жалғыздық.
Осы қоғамның ішіне етене енген адам оның сүйегіне дейін материалист болып кеткенін көреді. Ол жақта ата-анаға деген құрмет, ағайын арасындағы бауырластық, көршінің ақысы деген ұғымдар атымен жоқ десе де болады. Бәріне ортақ қағида біреу-ақ: «Әркім — тек өзі үшін өмір сүреді».
Бір ғибратты оқиға
Доктор Халид Ханафи есімді кісі Германияда тұрады екен, ол танысының басынан өткен мынадай бір оқиғаны баяндап берді:
«Германиядағы бір мұсылман бауырдың көршісі жалғызбасты неміс кемпір екен. Кейуананың жалғыз қызы болғанымен, ол анасының амандығын мүлдем сұрамайды екен. Анасы төсек тартып ауырса да, ауруханаға түссе де бір рет те төбе көрсетпеген.
Алайда мұсылман жігіт қарт көршісінің мүшкіл халін көріп, біліп отырғаннан кейін, шыдай алмай, оған өз анасындай қарай бастайды. Үйінде дәмді ас піссе, бір табағын көршісіне ұсынады, балаларын жіберіп халін сұратады, ауруханаға түссе, күн сайын барып басы-қасында болады. Мұның бәрін мұсылмандық міндетім, көршілік ақысы деп ешбір есепсіз істейді. Бірақ ол әйелге Ислам туралы тіс жармаған, «мен мұны дінім бұйырған соң істеп жүрмін» деп те айтпапты».
Күндердің күнінде кейуана көз жұмыпты. Арада бірнеше күн өткенде әлгі жігіттің есігін полиция қағады: «Осы көршіңізбен араларыңызда жанжал болмап па еді?» — деп тергей бастайды. Жігіт таңғалып: «Жоқ, әрине. Керісінше, ол біздің отбасымыздың мүшесіндей болып кеткен еді», — дейді жаны қалмай.
Сөйтсе, қария өлер алдында барлық дәулетін — жеті бірдей көпқабатты үйін — заңды түрде осы мұсылман көршісіне мұра етіп қалдырыпты. Тіпті туған қызы сотпен тартып ала алмайтындай етіп рәсімдеген екен. Ал қызына бір тиын да бұйырмаған. Қызы болса: «Бұл еркек шешемді қорқытып, мүлкін тартып алды», — деп сотқа шағым түсірген екен.
Тергеу барысында жігіттің бұл мұрадан мүлдем хабарсыз болғаны анықталады. Кейуана бұл шешімді тек шынайы адамгершілік көрсеткен жанға ризашылық ретінде қабылдапты. Осылайша, мұсылман бауыр бір күнде жеті зәулім үйдің иесі болып шыға келеді».
Оқиғаны естіген доктор: «Бай болғаның жақсы, бірақ сол әйел тірі кезінде Ислам діні жайында бір ауыз айтқаныңда, бәлкім, ол иманмен кетер ме еді», — деп өкінішін жасырмапты білдіріпті.
Енді, көкейде: «бұл әйелді мұндай қадамға не итермеледі?» деген сауал туындайды. Оның жауабы біреу-ақ — мейірім. Туған қызы қарамай кеткенде, мүлдем бөтен адамның жылдар бойы еш қайтарымсыз жасаған жақсылығы оның жүрегін жібіткен еді.
Еуропада қарттар өздерімен сөйлесетін адам таппай, сол үшін үлкен ақша төлеуге мәжбүр. Олар жай ғана қасында отырып әңгімелесетін адам жалдайды. Өйткені жалғыздық пен депрессия оларды іштей кеміріп барады.
Батыс балалары кәмелетке тола салысымен ата-анасын ұмыт қалдырып, тек өз нәпсісінің соңына түседі. Тіпті жылдар бойы хабарласпайтындары қаншама! Ең «мейірімдісі» — ата-анасын қарттар үйіне тапсырады. Көбі пәтерінде жалғыз өліп, иісі шыққанда ғана белгілі болып жатады.
Бұған қатысты Доктор Халид былай дейді: «Бірде маған бір студент келіп: «Көрші неміс кейуана «күн сайын бір сағат келіп менімен сөйлескенің үшін 50 еуро төлейін» деді. Бұл ақшаны алуға бола ма?» — деп сұрады. Студенттің уайымы басқа болғанымен, бұл оқиға Батыс қоғамының рухани аштығын анық көрсетеді.
Ендеше, бұл әлем Исламның әдебіне, мейірімі мен сұлулығына сусап отыр. Біз тек дініміздің шынайы бейнесін ісімізбен көрсете білсек болғаны екен. Сонда адамдар бұл дінге ақиқатты іздеп, өздері-ақ келе бастайды екен.
Бір араб жазбасынан.