МҰҢАЙМА. ҚИЫНДЫҚТЫҢ БАСҚА ЖӨНІ ДЕ БАР!
МҰҢАЙМА. ҚИЫНДЫҚТЫҢ БАСҚА ЖӨНІ ДЕ БАР!
5 сағат бұрын 217 islam.kz/

Шын мәнінде, басыңа түскен ауырлық пен сынақ — жүректі шыңдайды, күнәларды өшіреді, өзімшілдікті (ғажаптануды) тыяды және тәкаппарлықтың тамырына балта шабады.

Қиындық — ғәплеттің (бейқамдықтың) мұзын ерітіп, еске алу алауын жағады. Ол өзгелердің саған деген мейірімін оятып, ізгі жандардың дұғасына себепші болады. Сынақ келгенде пенде Ұлылық Иесінің алдында дәрменсіздігін сезініп, Жалғыз әрі Қаһарлы Аллаға бой ұсынады. Ол — қазіргі сәттегі тыйым, алдын ала келген ескерту іспеттес. Сынақ Алланы еске алуды жаңғыртады, сабырмен жалбарынуды үйретеді, тартқан тауқыметіңді сауапқа балап, о дүниеге дайындық жасатады. Ол сені дүниеге байланудан, оған алданып, беріліп кетуден қайтарады.

Біліп қой, басыңа келген сынақтың ішіндегі сен білмейтін Алланың мейірімі бұдан да зор. Ол кешірілген күнәларың мен қателіктерің. Бұл нәрсе сен көріп тұрған қиындықтан әлдеқайда үлкен.

Сондықтан мұңайма!

Мұңайма! Өйткені мұңаю сезімі сені ғибадатқа әлсіретеді, алға ұмтылудан тыяды, бойыңа түңілу ұялатып, Жаратқан туралы жаман ойға итермелейді және түптің-түбінде сені таусылмас түңіліске (пессимизмге) душар етеді.

Мұңайма! Себебі уайым — жан ауруларының негізі, жүйке сырқатының қайнар көзі. Ол — адамның рухани күйреуіне, уәс-уәс пен мазасыздыққа алып келетін басты себеп.

Мұңайма! Қолыңда Құраның, тіліңде зікірің, жүрегіңде дұғаң бар. Алдыңда намаз оқып, садақа беру, жақсылық жасап, берекелі іс атқару мүмкіндігі тұр.

Мұңайма! Бос қалу мен бейқамдық арқылы қайғыға берілме. Намаз оқы, тәсбих айт, кітап оқы, жазу жаз, еңбек ет, қонақ күт, ағайынды зиярат ет, пікірле. Әрекет ет те, мұңды жең!1

1Аяз Қарни: «Лә тахзан!» (мұңайма) кітабынан аударылды.

0 пікір