Мүминдер және бауырластық
Мүминдер және бауырластық
10 жыл бұрын 6760
Алдаберген Үсен

Бірде адамның дене мүшелері өз араларында жиналыс жасады. Барлығы асқазан үшін жұмыс істеп жүргендігін айтып шағымданады. Өйткені асқазан бір қарағанда түк істемейтіндей, басқа ағзалар болмаса, тіпті қолынан ешнәрсе келмейтіндей болып көрінетін. Олар бұған мейлінше ренжіп, ашуланған-ды.  Жиналыстың соңында бүкіл дене мүшелері асқазанның талап еткен нәрсесін бермейтін болып шешім қабылдады. Бұдан былай ешкім асқазан үшін қызмет етпейтін болды.

Бұдан былай көз көруден, қолдар ұстаудан, ауыз қоректі қабылдаудан бас тартатындықтарын айтты. Ал, тістер шайнаудан жалыққанын айтып, аяқ болса асқазан үшін жүріп-тұрмайтындығынын білдірді.  

Бәрі осындай шешім қабылдап, асқазанға қарамай қойды. Алайда, арадан біршама уақыт өткенде көздер бұлдырап, қолдар қалтырап, ауыз құрғап, тістер босап, аяқтар әлсірей бастады. Басқа мүшелерсіз асқазанның тіршілік ете алмайтыны секілді олар да асқазансыз өмір кеше алмайтындықтарына көздері жетті.

Дененің толыққанды болуы үшін барлық ағзалар бірін-біріне қызмет етіп әрі өзара бірлікпен өмір сүрмесе болмайтындығын түсінді. Демек, барлық ағзалар бір-бірі үшін қызмет етіп, бірінің кемшілігін бір толықтырады деген сөз.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) түсіндіргеніндей мұсылмандардың өзара қарым-қатынасы бір денедегі ағзалар секілді һәм жасушалардың өзара қарым-қатынасы секілді. Қалайша дененің бір ағзасы ауырса, қалған барлық ағзалары сыздайтын болса, дененің бір бөлігі бір жайсыздықты сезсе, қалған бүкіл дене сол жайсыздықтан арылуға бірігіп күш жұмсайтын болса, дәл солай мұсылмандар да бір мұсылманның басында болып жатқан қиыншылықты барлығы бірігіп көтеріп, оған қол ұшын беруі ләзім. Бір мұсылманға жасалған жамандық барлық мұсылманның жанына батады. Мұсылмандар барлық жағынан өзара жәрдемдеседі.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандардың өзара бауырмашылығына зиянын тигізетін нәрселерді былайша баяндаған:

«Күдіктен сақ болыңдар! Өйткені, күдік сөздердің ең жалғаны. Бір-біріңнің іздеріңді аңдып, сыр тексермеңдер. Ат құйрығын кесісіп, бір-біріңнен бет бұрмаңдар. Уа, Алланың құлдары! Құдай тағаланың әмір еткеніндей өзара бауыр болыңдар. Мұсылман –мұсылманның бауыры. Оған ешқашан сатқындық жасамайды, онымен бақталасып, зұлымдық етпейді. Және де оны жалғыз қалдырмайды әрі ар-намысына тиетін сөз айтпайды. Кісіге жамандық жасау тұрғысынан оның мұсылман бауырының ар-намысына тиетін сөз айтып, оны кемсітуі жетерлік. Әрбір мұсылманның малы, жаны және ары мұсылман үшін харам болып саналады. Алла Тағала сендердің сыртқы келбеттерің мен дене пішіндеріңе қарамайды, керісінше жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды. Расында, тақуалық мына жерде, – деп, қолымен жүрек тұсын ишарат етті. Біріңнің саудаңа бірің кесір тигізбеңдер. Ей, Алланың құлдары! Өзара бауыр болыңдар. Мұсылманның мұсылманға үш күннен артық реніште болуы дұрыс емес».

Хадисте бауырмашылыққа кесір тигізетін жайттардан хабар беріледі. Соларды рет-ретімен қарастырайық:

Үлкен-үлкен жанжалдардың себептеріне қарар болсақ, оған түрткі болған негізгі нәрсе ол күдік пен күмән болғанын көреміз. Ал, күдік пен күмәннан алыс болып, өзгелер туралы әрқашан жақсы ойда болу болса, әрқашан пайдалы. Өйткені, ойлаған ойы дұрыс болып шықса, әбден орынды болады. Ал, олай болмай шығар болса, ештеме жоғалтпайды да, ешкімді ғайбаттамайды да әрі үлкен бір қауіптердің алдын алады.

Сонан кейінгі жағымсыз қылық бұл – адамдардың ең ұнатпайтын нәрсесі өзінің жеке өміріне басқаның араласуы. Яғни, сыр тексеру. Әрине, әркімнің аузындағы сөзін аңдып, тың тыңдау – рухани кесел. Олай болса, бұл да адамдардың арасындағы айрандай ұйыған ауызбірлікті бұзатын нәрсе.

Тіпті, жеке адам тұрғысынан немесе жалпы қоғамдық тұрғыдан қарағанда, адамның жеке өміріне араласып, сыр тексеру жағымсыз әрі зиянды қылық. Осы бір жаман қылық қазіргі таңда адамзаттың тыныштығын қашырып тұрған үлкен дерт десек болады.

Егер де өзара жарысу ізгілік пен жақсылықта болатын болса, Құран Кәрім қайта бұған қызықтырады. Алайда, бақталастық мағынасында болатын болса, бұл адамның ойын күнәға жетелейтін әрекеттерге итермелейді.

Жалпы, «хәсәд» (қызғаныш) сөзінің тікелей мағынасы басқаның қолындағыны өзімде болса екен және онда болмаса екен деген пасық пиғыл. Сондықтан да мұсылман адам қызғанышқа жол бермеуі керек. Өйткені, оттың отынды жеп бітіргеніндей қызғаныш та адамның ізгі істерін түк қалдырмай жалмайды әрі адамның руханиятына зиян тигізеді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) айтуынша қызғаныш пен иман бір жүректе қатар бола алмайды. Мұсылман адам мұсылман бауырындағы жетістікті менде де болса екен және онда да болсын деп қана қызғана (қызыға) алады.

Бауырмашылықты бұзатын нәрселердің тағы бірі адамдардың өзара тәкаппарлық танытып, бірін-бірі менсінбей сөйлесулері. Бұл қоғамға өте зиянды дерт. Сондықтан да кішіпейілдікті ұстанып, тәкаппарлықтан арыла білгендер ғана шынайы мұсылмандықты ұстана алады.

0 пікір