Мұхтар Мағауиннің осы айтқанына сенуге бола ма?
Мұхтар Мағауиннің осы айтқанына сенуге бола ма?
8 жыл бұрын 4583 www.adebiportal.kz
Әмірхан МЕҢДЕКЕ

Мұхтар Мағауин былай деп жазады: «Мұндай қоңыр көз, қыр мұрын, шықшытты сары қазақтар қай ауылда болсын ұшырасып қалар еді… Әйтсе де негізгі белгі – тіл. Менің байқауымша, күнделікті қолданыстағы әдепкі, негізгі тіл адамның ұлттық кейпіне тікелей әсер етпек. Өзіндік артикуля­ция – бет-ауыздың сөз, дыбыс ерекшеліктеріне қарайлас қозғалысы – кісінің түр-әлпетін қалыптайтын сипаттардың бірі. Сондықтан да, мен тумыстағы тілінен мүлде мақұрым, тек орысша ғана сөйлейтін қазақтарды көбіне-көп сырттай, бір қарағаннан-ақ танитын едім. Олардың қалған қазақтан басқашарақ бітімі қапысыз аңдалатын».

Мұхтар Мағауиннің осы айтқанына сенуге бола ма? Мінекей, көшеде қазақша білмейтін, тек орысша сөйлейтін бір қазақ кетіп бара жатыр. Бұл адамды Мұхтар Мағауин бұрын еш бір жерде көрмеген. Білмейді, танымайды. Бірақ, бір қарайды да, әлгінің қазақша білмейтінін біле қояды. Тіпті, бетпе-бет келіп, оның жүзіне бажайлап зер салып та жатпайды, сырттай қарап-ақ оның қазақшадан мақұрым екенін қапысыз таниды.
 
Қош делік. Сонымен, қазақшадан мүлде мақұрым қазақты Мұхтар Мағауин сыртынан қарап-ақ (сөйлеспесе де, танымаса да, білмесе де, бұрын көрмесе де!) қалай тани қояды? Бұл не? Көріпкелдік пе?
Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір педагог-келіншекпен кеңірек сұхбаттасқаным барды. Әңгіме барысында:
 
– Мен тілдесіп, сөйлесіп көрмесем де, қазақша білмейтін қазақтарды бір қарағаннан-ақ танимын, – деп қалды әлгі келіншек.
– Қалай танисыз? Бет-әлпетінен бе? Киім киісінен бе? Жоқ әлде…
– Суықтау болады… Сонан кейін көздерінде нұр болмайды… Әйтеуір, бір ерекшелігі бар. Мен мұны сізге түсіндіріп бере алмаймын. Мен мұны тек сезінемін. Әлдебір ішкі түйсік арқылы…
– Қазақша білмейтін қазақтарды бірден та­нисыз және дәл ажыратасыз. Солай ғой?
– Солай!
– Олардың жасы, жынысы, әлеуметтік тегі, тұрмысы, қызметі сіздің бұларды бірден тануыңызға бөгесін болмай ма?
–Жоқ! Ақсақалды қария болсын, мәужіреген кемпір болсын, жігіт болсын, келіншек бол­сын, қыз болсын, жұмысшы болсын, бизнес­мен болсын, таксист болсын, студент бол­сын, мектеп оқушысы болсын, қазақша білмейтін қазақтарды бірден ажыратамын. Бірақ, мен мұны сізге түсіндіріп бере алмаймын. Сенбесеңіз, тексеріп көріңіз. Түрлері де бірдей, бойлары да бірдей екі баланы бірдей киіндіріп, осында алып келіңіз. Бұл екі баланың бірі қазақша білетін болсын да, екіншісі білмейтін болсын. Бір-ақ рет қараймын да, қазақша білмейтін баланы айна-қатесіз дәл тауып беремін…
 
Бұл не? Бұл да көріпкелдік пе?
 
Мұның екеуі де көріпкелдік емес. Бұл жерде Мұхтар Мағауин де, педагог келіншек те көпшілігіміз байқай бермейтін, байқағанымызбен айта бермейтін құбылысты дәл байқап, дөп басып танып, соны бізге жеткізіп отыр. Бұл қандай құбылыс?
 
***
 
Қазақта «нұр жүзді», «иман жүзді» дейтін сөз тіркестері бар. Бұл қайдан шыққан? Білімді, білікті, парасатты, иманды, адамгершілігі мол адамның осы ізгі қасиеттері оның бет-жүзінен де білініп тұрады. Яғни, оның ішкі бітімі сыртқа да теуіп, сыртқа да білінеді. Тек соны аңдай, байқай алсаңыз болғаны. Мұны ғылым «ішкі энергияның сыртқа тебуі, сыртқа шығуы» дейді. Дәл сол сияқты, өзінің ана тілін білмейтіндердің бет-пішінінен де олардың ұлттық тілді білмейтіні аңғарылып тұрады. Ұлттық тілді білмеу дегеніміз не? Сол ұлттың түгін де, дымын да білмеу деген сөз ғой. Кейісеңіз де, тіпті, бір рет қана кейісеңіз де, сол кейігеніңіз қабағыңыздан байқалып тұрады емес пе?! Ал, енді, тұтас ұлттың мың сан қазынасынан (ұлт­тық тілінен, ұлттық болмыс-бітімінен, ұлттық ерекшеліктерінен, ұлттық мәде­ниетінен, ұлттық өнерінен, ұлттық тарихынан, ұлттық танымынан, ұлттық сана-сезімінен, ұлттық рухынан, ұлттық құндылықтарынан) қол үзген және одан мақұрым қалған адамның бет-пішімінен мұның бәрі неге білінбеуге тиіс? Білініп тұрады. Білінгенде қандай! Әсіресе, мұны сол ұлттың өкілі бірден байқайды. Ішкі түйсік арқылы. Мұхтар Мағауин мен жоғарыдағы пе­дагог келіншектің бұрын көрмесе де, танымаса да, білмесе де, сөйлеспесе де, қазақша білмейтін қазақты сыртынан қарап-ақ қапысыз танитыны да осыдан.
 
Мұны орыстың білгір философы Па­вел Флоренский (1937 жылы атылып кеткен – автор) былай түсіндіреді: «Белгілі бір ұлттың мыңдаған, миллиондаған жылдар бойы тірнектеп жетілдіріп, тырнақтап қалыптастырған ұшан-теңіз ұлттық құндылықтары сол ұлт өкілінің бойына қалай сіңеді және не арқылы сіңеді? Тек тіл арқылы. Тек ұлттық тіл арқылы ғана. Демек, ұлттық тіл – энтелехияның нағыз қайнар көзі».
 
«Энтелехия» деген терминді ең алғаш рет Аристотель қолданған. Бірақ, П.Флоренский бұл ұғымға маңыз жүктеп, мағына үстеп, «эн­телехия» терминінің қолдану аясын кеңітіп, өрісін мүлде ұзартып жіберді. Адамның жаны мен тәні туралы айта келіп Аристотель: «Жан тәннің энтелехиясы», – дейді. Адамның жаны көзге көріне ме? Көрінбейді. Көзге көрінбегенімен, оны сезінуге болады ғой? Болады. Демек, энтелехия дегеніміз – көзге көрінбейтін, бірақ, сезінуге болатын энергия. Энергиялық өріс. Немесе, энергиялық өрістің бір түрі. П.Флоренскийдің айтуынша, ұлттық тілде энтелехия, яғни, энергиялық өріс болады. Мәселен, бір ұлттың екі өкілі кездесті делік. Мұның бірі ана тілін жетік біледі де, екіншісі ана тілінен мүлде мақұрым. Ана тілін жетік білетін адам әлгінің ана тілін білмейтінін бірден сезеді. Қайтіп? Энергиялық өpic арқылы. Энтелехия арқылы. Тіпті, мұның екеуі де өздерінің энтелехиясы ортақ емес екенін, энергиялық өрістері екі басқа, екі бөлек екенін ішкі түйсік арқылы айна-қатесіз сезінеді екен (Оқырмандарға ескерте кететін бір жайт «энтелехия» ұғымы – аса күрделі әрі көпқабатты, көпастарлы, көпқатпарлы ұғым. Біз өз мақаламызда соның тек бірер қырына ғана тоқталдық. Тоқталғанда да, біз «энтелехия» ұғымын Аристотель, Г.Лейбниц, Х.Дриш қолданған мәнде емес, П.Флоренский қолданған мәнде, П.Флоренский дамытып-кеңітіп-ұстартып-жетілдіріп пайдаланған мәнде қолдандық).
 
***
 
Ұлттық тіл – энергияның көзі, энтеле­хияның ошағы», – дейді П. Флоренский. Мұны қалай мойындамасқа?! Мәселен, «Манас!» деп ұран шақырылғанда, бұл ұранға қызбайтын, қызынбайтын қырғыз болмайды. Үлкен-кішісі түгел дүрк көте­ріледі. Міне, көрдіңіз бе, «Манас» деген бір ғана, жалғыз ғана сөздің өне бойына жинақталған магиялық қуаттың, энергиялық өрістің әсерін!
 
«Манас» дегенімізден шығады, Біш­кекте (ол кезде Фрунзе еді) қырғыздың манас­шысын тыңдағаным бар. Уақытым тығыз еді. «10-15 минут тыңдап, сонан кейін кетермін…» деп ойлағам. Қа-а-а-ай-дан?! Арбалдым да қалдым. Артынан барып білдім, «Манасты» тікемнен-тік тұрып 2,5 сағат бойы тыңдаппын ғой…
 
Сондағы көрініс әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Міне, қырғыздың екі бойжеткені бірінің белінен бірі қыса ұстап алып, бастары түйісіп манасшының сөзі мен әуеніне ұйып, ақырын тербеледі. Ал, мына өндіршегі сорайған қырғыз жігітінің өндіршегі онан әрі ұзарып, көзі жасаурап кетіпті. Алаңқайдың қақ ортасына төселген сырмақтың үстінде біресе шал­қайып, біресе еңкейіп, енді бірде екі тізе­сін тоқпақтап, ара-тұра құйрығымен жорғақтап «Манасты» жырлап отырған манасшымен бірге теңселіп, тербеліп, көздері боталап, құрақтай жапырылып, қамыстай ырғатылып жатқан жұртта қисап жоқ…
Енді, көз алдыңызға мынадай бір жайды елестетіңізші: осы топтың ішіне қырғыз тілін білмейтін бір қырғыз жігіті кіріп кетсін делік. Ол не істер еді? Әуелі жан-жағына меңірейе қарап біраз тұрады. Сонан кейін ше? Сонан кейін… есінейді. Сонан соң? Сонан соң зытып жоғалады. Неге? Мейлі, «Ма­нас» эпосының магиялық қуаты, энергиялық күші мың жерден құдіретті болсын, осы «Ма­насты» жырлап жатқан манасшының шеберлігі жүз жерден өтімді болсын, оны қырғыз тілін білмейтін әлгі жігіт қабылдай алмайды. Өйткені, ол байғұста мұны қабылдайтын «антен­на» жоқ. Ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық тұшыным жоқ. Сонымен бірге бұл жігіт «қырғыз тілін білмегенім, «Манасты» түсінбегенім ұят-ау» деп ешуақытта ойланбайды және оны біліп алуға ниет те, ынта да, ықыласта танытпайды. Өйткені, мұның өрісі де, кеңістігі де бөтен. Оның қуат алатын, күш алатын, рухани энергия жинайтын өріс-қонысы да мүлде бөлек. Бір сөзбен айтқанда, бұл жігітті қырғыздармен туыстастыратын, біріктіретін, етенелестіретін ортақ қуат көзі, ортақ кеңістік, ортақ рухани өріс, ортақ түп-тамыр, ортақ қайнаркөз, яғни, ортақ энтелехия жоқ.
 
Ал, енді, ортақ энтелехияны (яғни, ортақ рухтастықты, ортақ тілеулестікті, ортақ өрісті, ортақ кеңістікті, ортақ мұраттастықты, ортақ тілектестікті, ортақ мүдделестікті) қалыптастыратын, қалыптастыра алатын не? Тіл! Тек тіл ғана! Тіл болғанда да, ортақ тіл!
 
***
 
Саясат та ғылымға сүйенуі керек. Ғы­лымға сүйенбеген саясат – сая­сат емес, «ағаш ат». Атақты Ататүрік те өз саясатын ғылымға сүйеніп жасады. Ататүрік мемлекет тізгінін қолына алған кезде Түркияда бірнеше тілде сөйлейтін 76 ұлттың өкілі тұратын-ды. Осыған қарамастан Ататүрік әйгілі «үш бірлікті» енгізді. Бұл «үш бірліктің» ең біріншісі не еді? Тіл бірлігі!
Бұл жерде Ататүріктің түрік ғұламасы Зия Көкалыптың еңбектеріне сүйенгені қазіргі күні айтылып та жүр. П.Флоренскийдің пікіріне ұқсас пікірді Зия Көкалып та айтқан: «Мемлекет ішінде ортақ рухтастықты, ортақ мүдделестікті, ортақ тілеулестікті қалыптастыратын – ең алдымен, ортақ тіл! Тіл бірлігі бірте-бірте дін бірлігі мен діл бірлігін де қалыптастырады. Сондықтан да тілдің бірлігі діннің бірлігі мен ділдің бірлігінен жоғары тұруы керек!»
 
Ататүрік те, Зия Көкалып та Аллаға сенген, мұсылмандық ортада тәлім-тәрбие алған. Ал, енді, мұсылман баласы үшін Алладан биік, Алладан құдіретті кім бар?! Соған қарамастан, Ататүрік пен Зия Көкалып діннің бірлігі мен ділдің бірлігінен гөрі тілдің бірлігін жоғары қойған. Мұның астарында терең ғылымилық, терең ғылыми негіз жатыр.
 
Егер, Ататүрік сол кезде солқылдақтық танытып, түрік тілін –мемлекеттік тіл деп, күрд тілін – ресми тіл деп (Түркияда 20 миллион­нан астам күрдтер тұрады) қа­былдап, грек, армян, сұлжық, болгар, албан, македон, хорват, серб, осетин, шешен, мадиярларға өз ана тілінде мектеп ашып бергенде не болатын еді? Онда Түркия дәл бүгінгідей дәрежеге жете алмас еді. Баяғыда ырың-жырың болып, іри-тіри болып, бірнеше шағын мемлекеттерге бөлініп кететін еді… Түркияны Түркия етіп отырған не?Тіл бірлігі! Яғни, Түркияда бір-ақ тіл бар. Ол – түрік тілі.
 
Армян да, күрд те, татар да, сұлжық та, хорват та, болгар да түрік тілінде оқып, түрік тілінде сөйлейді. Мәселен, түрікшіл ғалым Намық Кемал Зейбекті білмейтін, танымайтын қазақ жоқ. Ал, енді, Түркияда дәл осы Намық Кемал Зейбек секілді түрікшіл қайраткерлер, түрікшіл ғалымдар аз емес. Осылардың өмірбаянымен таныса келе, мынадай бір «қызықты» жайтты анықтадық. Осы түрікшіл қайраткерлердің арасында ұлты түрік қайраткерлердің үлес салмағы – 30-35 пайыз ғана. Қалғаны, яғни, 65-70 пайызы кімдер? Күрдтер, татарлар, сұлжықтар, мадиярлар екен. Міне, ортақ тіл жеткізген нәтиже! Ортақ тіл жеткізген ортақ рухтастық, ортақ тілеулестік, ортақ мүдделестік!
 
Әзірбайжан қызы Асылы Османның қазақ тілі үшін қазақтан артық шы-рылдайтыны неліктен? Өйткені, оның бізбен тілі ортақ! Тілі бір! Тілі бірдің мүддесі де, мақсаты да, мұраты да ортақ болады!
 
Иран халқының 40 пайызы ғана – ирандықтар (парсылар). Дәл осы Иранда 18 миллион әзірбайжан тұрады. Мұнда әзірбайжаннан басқа да ұлт өкілдері жетіп-артылады (армян, грузин, күрд, тәжік, пуштун, бенгаль, түрікмен және т.т.). Бірақ, мұнда да бір-ақ тіл: мектепте де, ба­ла­бақшада да, мемлекеттік аппаратта да. Барлық жерде, барлық сала-сатыда елдің иесі, жердің иесі ретінде ирандықтардың тілі қолданылады. Эстонияда эстон халқының үлес салмағы – бар-жоғы 48 пайыз ғана. Бірақ, соған қарамастан, Кремль тарапынан жасалып жатқан қилы кедергі-бөгесіндерге қа­рамастан, эстон тілі қазіргі күні Эстонияда шын мәніндегі мемлекеттік тілге (яғни, ортақ тілге) айналып келеді. Осыдан он шақты жыл бұрын эстон журналисінен біздің былай деп сұрағанымыз да бар:
 
– Сіздер бұрынғы коммунистер мен комсомолдарды биліктен түгел қудыңыздар. КСРО-ның кезінде билік басына көбінесе әділ, таза, тәртіпті, ұстамды, өз қарақан басынан гөрі мемлекеттің мүддесін көбірек ойлайтындар келуші еді ғой…
 
– Оныңыз рас, – деді эстон журналисі, – КСРО-ның кезінде Эстонияның билігінде отырған эстондарға ешкім де «ішіп қойдың, жеп қойдың» деп кінә қоя алмайды. Бірақ, біз бұл жерде тегіс эстон тілінің мүддесін көздедік. Кремль Эстонияның билігіне көп орайда екітілді эстондарды, Санкт-Петерборда өсіп-өнген не болмаса Мәскеуде оқыған немесе жетімдер үйінде тәрбиеленген эстондарды, тіпті болмағанда орысқа үйленген, не орысқа күйеуге шыққан дүбәра эстондарды топтастырды. Сондықтан да, бұларды биліктің барлық сала-сатыларынан түгел аластап, олардың орнына эстон тілінің мүддесін көздей алатын, эстон халқының мұратын түгендей алатын ұлтжанды кадр­ларды отырғыздық.
 
Көрдіңіз бе, өзгелер өз тілінің мүддесін қалай көздейді, қалай түгендейді?! Дәл осы ретте қазақ тілінің қазіргі ахуалы, бүгінгі жай-күйі жөнінде көп болып ойласатын тұстар айрықша көбейіп тұр.
 
***
 
Біз қазір «Қазақтар қазақтілді және орыстілді болып екіге бөлінді» деп оп-оңай айта салатын болдық. Бәлкім, көз үйреніп, етіміз өліп кеткендіктен бе, осы қасіретті құбылысқа да тым жеңіл, үстірт, бейғам қараймыз.
 
Шын мәнінде, қазіргі қазақ ұлты­ның басындағы тілге байланысты ауырт­па­лықты ешкімге, ешбір ұлтқа, еш­бір халықтың басы­на бермесін. Бұл ауырт­палықтың алапаттығы соншалық, мұ­ны қазақ халқының басынан өткен әй­­гілі «Ел айырылған» оқиғаларымен теңес­тіруге, салыстыруға әбден болады. Мәселен, XV ғасырда Әз Жәнібек пен Керей хан Әбілхайыр ханнан бөлініп, іргесін ажыратты: соның нәтижесінде Әз Жәнібек пен Керейге ілескендер «қазақ» атанып, Әбілхайыр ханның айналасында қалғандар басқа ұлтқа айналды. Солай ғой? Солай. Дәл осыған ұқсас қазіргі күні де қазақ ұлты екіге жарылып, екі ұлтқа айналды.
 
Айтпақшы, біз осы жерде мына бір жайтты айта кетуді ұмытып барады екенбіз. Әйгілі «Ел айырылған» оқиғалары тұсында айырылған ел бірін-бірі іздеп, бірін-бірі жоқтап, бірін-бірі сағынып, бірін-бірі көпке дейін ұмыта алмағаны да белгілі (бұл да – ортақ энтелехияның көрінісі). Ал, бүгін сағыну былай тұрсын, іздеу, жоқтау былай тұрсын, ұмытпау былай тұрсын, дәл қазір қазақ ұлты бірін-бірі іздемейтін, бірін-бірі түсінбейтін, бірін-бірі ұқпайтын, бірін-бірі жатырқайтын, бірін-бірі бөгде санайтын, бірінің айтқаны екіншісіне ерсі көрініп тұратын не болмаса екіншісінің айтқаны біріншісіне оғаш боп көрінетін, бірімен-бірі ортақ тіл табыса алмайтын бөлек-бөлек екі ұлтқа айналды. Бұл ұлттың бірі қазақтілді қазақтар болса, екіншісі – орыстілді қазақтар. Қазақтілді қа­зақтарды «байырғы қазақ ұлтының бүгінгі көзі, бүгінге жеткен жұрнағы, қара шаңырақ иесі» деп қабылдасаңыз, ал, орыстілді қазақтар туралы бұлай деп айта алмайсыз. Бұларда қазаққа тән, қазақтыққа тән ешқандай сипат, еш­қандай із, ешқандай жұрнақ, ешқандай белгі-бедер жоқ: ұлттық тіл жоқ, ұлттық түйсінім жоқ, ұлттық сезінім жоқ, ұлттық тұшыным жоқ, ұлттық түп-тамыр жоқ, ұлттық өріс жоқ, ұлттық діл жоқ, ұлттық рух жоқ, ұлттық тін жоқ, ұлттық намыс жоқ… Демек, «орыстілді қазақтар» дегеніміз – мүлде жаңа қауымдастық, қазақ ұлтының ұзақ жылдар бойы бодандық пен отарлықта болуының кесір-керінен пайда болған жаңа ұлт, жаңа халық. «Үйдің ішінен үй тігілді, ұлттың ішінен ұлт пайда болды» дегеніміз де осы… Осы жерде оқырмандарымыздың біразы «Қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтар қалай ортақ тіл табыса алмай­ды? Мұныңыз енді асыра сілтеу емес пе?» деуі де мүмкін. Рас, күнделікті күйбің тіршілікте, жайшылықта қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтардың ортақ тіл табысуы (біріне-бірі қарыз беруі, қайы­рымдылық жасауы және т.т.) бек мүм­­кін. Ал, енді, жағдай күрделеніп, шиеленісіп, өшіп, елдік мәселеге, мем­лекеттік мәселеге, ұлттық мәселеге келіп тірелгенде, орыстілді қа­зақтардың жалт беретініне ешбір шәк келтірмеуіңізге болады. Мәселен, «Қа­зақстанда орыс тілінің ресми тіл мәртебесі жойылып, тек қазақ тілі ғана әрі мемлекеттік, әрі ресми тіл болсын! Осы­ған қалай қа­райсыз?» деген сауалнама жүргізілсінші, орыс­тілді қазақтардың бірде-біреуі орыс тілінен ресми тіл мәртебесі алынып тасталғанын қаламайды әрі қолдамайды. Неге? Өйткені, қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтарда ортақ энтелехия (ортақ рухтастық, ортақ тілеулестік, ортақ мүдделестік) жоқ. Ортақ энтелехия жоқ жерде ортақ ештеңе жоқ!
 
«Билік пен халықтың арасы алшақтап барады» деп жиі айтамыз ғой. Сол сияқ­ты қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақ­тардың арасы да күннен-күнге алыстап, алшақтап барады. «Неге?» дейсіз ғой енді сіз. Өйткені, Қазақстанда орыстілді қазақтардың жаңа ұлт, жаңа халық ретінде өмір сүруіне (яғни, бір ұлттың бірін-бірі түсінбейтін екі ұлтқа айналуына) барлық қажетті жағдай жасалған: орыстілді қазақтардың өз балабақшасы (орыстілді балабақша), өз мектебі (орыстілді мектеп) бар. Бұлардың саны да қазақтілді балабақша мен қазақтілді мектептен әлденеше есеге көп. Өз ақын-жазушылары бар (кілең орыс тілінде жазатын қазақтар). Өз әртістері, өз әншілері, өз кинофильмдері, өз ансамбльдері, өз театр­лары, өздерінің күлдіргі топтары мен ойын-сауық отаулары бар (Мәскеу мен Санкт-Петербордан арнайы шақыртылып жат­қандардан бөлек). Өз телеарналары, өз телебағдарламалары, өз газет-журналдары бар (газет-журналдарының саны қазақ­тілді газет-журналдардың санынан 65 есеге көп!). Бұлардың мүддесін көздейтін өз саяси қайраткерлері, өз лоббистері, өз биз­несмендері, өз қаржыгерлері бар. Керек десеңіз, өз «көсемдері» де бар.
 
Бұрынғы «көсемдері» марқұм Нұрболат Масанов еді. Қазақ тілін түкке тұрғысыз, түкке алғысыз етіп шығарған Н.Масановты қазақтың айтулы ақсақалдары, белгілі азаматтары, беделді зиялылары қаншама рет ақылға шақырып, нешеме рет аяусыз сынады десеңізші?! Бірақ, Н.Масанов тәубеге келді ме? Қазақ тілін қорлағаны үшін қазақ ұлтынан, қазақ халқынан кешірім сұрады ма? Сұраған да жоқ, тәубеге келген де жоқ. Өйткені, қазақ ұлты мен Нұрболат Масановтың арасында ешқандай рухани ортақтастық жоқ болатын: ортақ рухтастық, ортақ мүдделестік, ортақ ділдестік, ортақ үндестік жоқ болатын.
 
Тарих көшіне көз салсаңыз, бір ұлт­­тың бөлек тілде сөйлейтін бірнеше қауым­дастыққа бөлінгені, бұл құбы­лыстың бірте-бірте асқына, ушыға келіп, әлгі ұлттың тілдік белгілеріне қарай екі мемлекетке, кейде үш-төрт мемлекетке бөлініп-бөлшектеніп кеткені аз кездеспейді. Қа­зақ ұлтының да жоғарыдағыдай екі тіл­де сөйлейтін екі ұлтқа айналуы – шын мәнінде, қасіретті, күйзелісті құбылыс.
 
Бұл күйзелісті құбылыстан қалай құтыламыз? Мұның алдын қалай алуға болады?
 
***
Мұның бір-ақ жолы бар. Біз қазаққа, қазақтыққа және қазақ тіліне қатысты қазіргі күнгі ұлтбезерлік саясатты түп-тамырымен өзгертуіміз керек. Ұлтбезерлікті саясаттың құралына айналдыруды тоқтатуымыз қажет. Сонда ғана қазақ тілі Қазақстанда шын мәніндегі мемлекеттік тілге, яғни ортақ тілге айналады. Біз бұл жерде казақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тілге айналуының жолын, жөнін, жобасын, жоспарын, шарттарын, бағдарламасын атап айтып, қадап тұрып көрсеткен қазақ зиялыларының ой-пікірін қайталап жатпай-ақ қоялық. Ұдайы назардан тыс қалып келе жатқан мына бір мәселеге тоқтала кеткенді орынды көріп отырмыз.
 
Дәл қазір Қазақстандағы орыс мектептерінде оқып жүрген оқушы­лардың 70 пайыздан астамы – қазақтың балалары. Біз ертеңгі күні қазаққа, қазақтыққа қарсы шығып, қазақтың ұлттық құндылықтарының күл-тал­қанын шығаратын «болашақ кадрларды» осылай даярлап жатырмыз. Орыс мектебінде оқыған бала қайтып қазақ бола алмайды. Бұл – өмір-кемеңгер, уақыт-данышпан дәлелдеген шындық. Орыстілді қазақтардың аға буыны мен орта буынын қазақ ете алмасақ та, ең болмағанда, кейінгі буынын қазақ етуге күш салуымыз керек. Сондықтан да, орыс мектебінде оқып жүрген қазақтың ұл-қыздарын қазақ мектебіне ауыстыруымыз керек. Қалай? Әкімшілік жолмен! Егер, қазақ билігі, қазақ әкімшілігі қазақ тілінің мүддесін көздей алмаса, онда оның несі билік, қай жері әкімшілік?! Егер, біз қазақ балаларын қазақ мектептерінде оқыта алмасақ, онда несіне ұлт атанып, халық атанып жүрміз?!
 
Енді, осы жерде кейбір керауыздар «Сонда ата-ананың қалауы, баланың еркі қайда қалады?» деуі де мүмкін. Қазір қазақ тілінің жағдайы өте мүшкіл: қатерлі шекке жетіп, тығырыққа тіреліп тұр. Сондықтан да, мұндай қазақтарға, яғни, өз балаларын орыс мектебіне беруге әуес ата-аналарға ерік бермеу керек. Ерік берсек, ана тілімізден айырылып қаламыз. Сол себепті, мұндай мәселені әкімшілік жолмен шешіп (арнайы қаулы шығарып не болмаса нұсқау беріп), қазақ балала­рын тегіс қазақ мектебінде оқытуымыз керек. «Өзінің балаларын қазақ мектебінде оқытқысы келмейтін қазақтар шу шығарса қайтеміз?» Мұндай сұраққа біз былай жауап берген болар едік: «Егер, Қазақстандағы күллі қазақтілді қауым дүрк көтеріліп: «Жетті! Болды! Уәдеге де, жел сөзге де әбден тойдық! Біз бұл мемлекетте қазақ тілін өркендете алмайтынымызды білдік. Қазақ тілінен айырылып қалмас үшін біз енді бұл мемлекеттен бөлініп шығып, жеке мемлекет құрамыз! Бізге бұдан басқа жол да, жөн де қалмады!» десе, не дер едіңіз? Осы екі шудың қайсысы күшті, қайсысы басымырақ? Қайсысы қатерлірек? Сіздің, тек сөздің ғана емес, біздің бәріміздің (әсіресе биліктің) бұл жөнінде ойланғанымыз жөн. «Төзімділік, көмбістік, көнімпаздық (толерант­ность) – тек қазақтілділерге ғана тән» десеңіз, қатты қателесесіз…»
 
***
Қазақтілді зиялылар, жалпы, қазақтілді қауым қазақ тілінің мұңы мен зарын айта-айта әбден шаршады. Қажыды. Шаршаған, қажыған жұрт не істейді енді? Бұрынғыдай ішкі зарын лақылдатып сыртқа төге бермейді, өздерін тыңдамаған, қажытқан, шаршатқан биліктегі дөкейлерге деген ренішін, ызасын ішіне жинап, ішіне бүге береді. Содан ішке жиналған ыза түйінді жараға айналады. Күбірткі сияқты. Ал, күбірткі…
 
Түп нұсқасындағы тақырыбы  "Ұлтбезерлік немесе ұлтбезерлікті мемлекеттік саясаттың құралына айналдыруға бола ма?" деп аталады. «Жас Алаш», маусым 2010 жыл
1 пікір
  • қатты айтты деп айып етпеңіздер, кейде маған олар адам бейнесіндегі айуан сияқты елестейтіні бар. көзқаман деп бекер айтылмаған шығар
    8 жыл бұрын