Моңғолияда мұсылман моңғолдар бар ма?
Моңғолияда мұсылман моңғолдар бар ма?
8 жыл бұрын 7479
Марфуға ШАПИЯН

Моңғол халқының негізгі діні – буддизм. Өздері ерекше мақтан тұтатын Шыңғысхан заманында шаманизмді ұстанған. Сондықтан болар, буддист бола тұра шамандықты қатар ұстанатын моңғолдар көп. Шаманизм олардың дәстүрі секілді сіңіп кеткен. Ал мемлекет негізгі дін ретінде тибет буддизмін (ламаизм) 1578 жылы бекіткен. Ресми деректерге сүйенсек, 1921 жылғы халық революциясына дейін Моңғолияда 747 буддистік ғибадатхана, 120 мыңға жуық монах болған. Ал 1930 жылдардағы репрессиядан соң, барлық ғибадатханалар жабылып, қиратылып, 18 мыңнан астам монах өлім жазасына кесіледі. 1949 жылы Ұлан-Батордағы бір ғибадатхананы ашуға рұқсат бергенімен, дінге толық бостандық берілмеді. Тек 80-жылдардың соңына қарай, елдегі дәстүрлі ислам, буддизм, шаманизм секілді діндер қайта жаңғырып, мешіттер мен ғибадатханалар ашыла бастады. Бүгінде Моңғолия халқының 90 пайызы буддистер, 10 пайызы мұсылмандар. Іштеріңіз сезіп отырғандай, ол 10 пайызды негізінен Баянөлгей, Қобда өңіріндегі қазақтар құрайды. Өткен мақаламызда ондағы қазақтардың (http://islam.kz/kk/articles/islam-jane-qogam/mongoliya-turgyndary-qai-dindi-ustanady-islam-alde-buddizm-1484/) діни ахуалын сөз еткенбіз. Ендігі кезек, моңғолдарда.

Моңғолияға келіп, қазақтың тұрмыс-тіршілігімен танысқаннан кейін моңғолдардың үйін, өмір сүру салтын көргім келді. Сол ниетпен моңғол-ауылға бардық. Моңғолдар да қазақтар секілді көшпенді халық. Далалы жерлеріндегі тұрғындар күні бүгінге дейін көшіп-қонып жүреді, жазғы уақытта киізүйде тұрады екен. 

Жергілікті тұрғындар алыстан келе жатып-ақ, көз алдында қарауытқан киізүйдің моңғолдікі немесе қазақтікі екенін бірден айырады. Айырмашылық уықтары мен босағасында болса керек. Біз де жанымыздағы жолбасшымыздың арқасында алыстан көрінген киізүйдің моңғолға тиесілі екенін байқап, бұрылдық. 

Баяғы қазақтың дәстүрінше ескертпей, алдын-ала хабар бермей, топырлап кіріп бардық. Сөйтсек, моңғолдар да қонақжай екен. Дастархан жайып, барын алдымызға тосқаннан кейін ғана жөн сұрады.

Моңғолдардың тұрмысымен танысып жүрген Қазақстаннан келген журналистер екенімізі білгеннен кейін тіпті жадырап сала берді. Күтіп жүрген апай өзінің қазақтар арасында достарының көп екенін, екі ұлттың бір-бірімен тату-тәтті тұратынын, өзінің де аздап қазақша білетінін айтты. 

Менің назарым киізүйдің төр жағында тұрған Далай Ламаның суретіне ауды. Жан-жағында шырақтың тұғыры, шағын будданың суреті. Моңғол әйел өздерінің діни сенімдері туралы қысқа қайырды. Пұтханалардан алыстау тұратын халық осылай үйінде өзінің діни бұрышын жасап алып, құлшылығын атқара беретін көрінеді.

Қайтар жолда – Баянөлгей қаласына кірер тұста, моңғолдардың діни жоралғыларын өткізетін ескерткіштеріне кез болдық. 

Мұнда моңғолдар тамақ әкеліп, пұттары жейді деген сеніммен қалдырып кетеді екен.

Ал бізше наурыз, моңғолдарша наадам мерекесі тұсында олар осы пұттардың аузына май жағады. Ол келер жыл “берекелі, табысты жыл” болса деген тілекпен байланысты.

Ұлан-Баторға келгеннен кейін пұтханаларды да, оларға қойылған ескерткіштерді де жиі көре бастадық. Мынау Буддаға қойылған алып ескерткіштің бірі. 

Сосын моңғолдардың ең көне ғибадатханаларының бірі – Гандантэгченлинге келдік. Бұл ғибадатхана дін ұстанушы буддистерге ғана емес, қалаға келетін туристерге де қызмет атқаратын көрінеді.

         Ғибадатхана 1809 жылы салынған. 1938 жылы дінге тиым салынуына байланысты жабылып, 1944 жылы тек осы монастырьдың ашылуына рұқсат берілген.

Ал 1970 жылдан бері ғибадатхана жанынан Буддистік университет ашылып, ол Моңғолиядағы діни білім беретін бірден-бір орталықға айналған.

 

Өзі қаланың ең көрікті, биік жерінде орналасқан екен. Ғибадатхана алдынан қаланың әдемі көрінісі ашылады.

         Бүгінде Ганданда 150 монах бар екен. Бізде монахтар үйленбейді деген түсінік қалыптасқан ғой. Сөйтсек, қызыл киінген монахтарға үйленуге болады екен де, сары киімділеріне болмайды екен. Біз солардың бірін кездестіріп, естелікке фотоға түстік.

          

         Өтінішімізбен бізді ғибадатханаға бастап барған Батырбек ағадан “Моңғолдар дінші халық па? Өз діндерін қаншалықты ұстанады?” деп сұрап едік, ол кісі:

-       Бәрі бір буддизмді ұстанғанымен оны әртүрлі түсінеді. Әр пұтханада өзінше сенім, бір жеке кітап болады. Біз сияқты барлық жерде бір Құранды емес, әрқайсында әртүрлі кітапты оқиды. Моңғолдардың кейбірі буддист секілді жүрсе, кейбірінің әрекеттері шамандарға жақын. Өйткені буддизмді дін деп ұғатындар бар, дін емес, ілім, философия деп түсінетіндер бар. Ал Шыңғысханның кезінде будда діні болмаған. Бұларда тәңіршілідік, шаманизм басым болды. Біздегі наурыз сияқты көктем мерекесінің алдында моңғолдар жаппай пұтханаға барып, ақшасын төлеп кітап оқытып (өздері осылай айтады), Құдайларын еске алып қояды. Басқа кездері көп мойынсұна бермейді.

-       Моңғолдар арасында Исламды қабылдағандары бар ма?

-       Көп болмаса да, мұсылман моңғолдар кездесіп қалады. Исламды қабылдаған Ханзорк деген бір моңғол жігіт бар. Осындағы бір аймақ мешітінің имамы. Қазақ келіншек алып алды. Қазақша сөйлегенде бізді жаңылдырады.

Өкінішке қарай, Ұлан-Баторда ұзақ бола алмадық. Сол себепті, мұсылмандықты қабылдаған моңғол жігітімен кездесудің де сәті түспеді. Дегенмен, моңғол халқының арасында ақиқатты танып, Исламды қабылдаған мұсылмандардың бар екенін естіп, қуанып қайттық.   

 Фото автордікі 

0 пікір