Кісі ақысын жемеу – адалдықтың белгісі
Кісі ақысын жемеу – адалдықтың белгісі
9 жыл бұрын 16119
Бердібек Мәсенов

Әр мұсылман үшін ауыр сынақтардың бірі – кісі ақысы мәселесі. Кеткен ақысын иесі кешірмейінше, Алланың бұл күнәні кешірмейтіндігі айтылады. Бұдан осы өмірде жүріп, ақысы кеткендер болса, олардан кешірім алудың жолдарын табу қажеттігін түсінеміз. Егер таппасақ, ол мәселе ақыретте қаралады, ал бұл жағдай одан да қауіпті. Егер бізде ақысы кеткен жан өмірден озған болса, онда жақындарына барып ол кісінің ақысын беру керек.

Ақысы өткендерді таппаса, бұл жағдайда солардың атынан жақсылық жасау, садақа беру және оларға дұға етуге болады.

Мүмкіндігіне қарай ақысы желінген кісіге тікелей барып төлеудің жолын тауып, немесе бір өкіл арқылы оған ақысын беруге тырысқан жөн. Егер бізде ақысы кеткен кісі бұдан хабарсыз болса немесе оған ашық айту мүмкін болмаса, онда үстеліне, үйіне немесе басқа бір дәнекермен осы ақшаны оған жеткізіп, осы жағдайды да білдіру керек.

Адам біліп немесе білмей, әдейі не аңғармай біреудің ақысын жеуі мүмкін. Қанша әділетті болуға тырыссақ та, қателік пен кемшіліктерден толықтай арылу қиын. Бұндай пендешілікке не істеуге болады? «Бір рет болды, енді істемеспін, қап, істемеуім керек еді» деп, іштей өзімізді қайрауымыз жеткілікті ме? Жоқ әлде мәселені реттеп, қатемізді түзетіп, кешіріп сұрап, өкініш білдіреміз бе?

Исламда Алла ақысы және кісі ақысы деген түсінік бар. Алланың ақысы әр адамның Жаратушы иенің алдында құл болу міндеті. Құлшылығында кемдік жіберсе, Аллаға жалбарынып, кешірім тілейді.

Бірақ кісі ақысы ондай емес. Оны жөндеудің бір ғана жолы бар, ол ақысы желінген адаммен тіке кездесіп, кешірім сұрау, кешірім сұрап қана қоймай, затының орнын толтырып беру.

Бір хадис шәріпте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді:

«Әлдекім бауырының арына немесе дүниесіне әділетсіз түрде қол созса, қайтарымға беретін алтын, күміс болмайтын күн (қиямет) келмей тұрып, кешірім сұрасын. Кері жағдайда жасаған әділетсіздігі мөлшерінде оның ізгі істерінен алынып, ақы иесіне беріледі. Жақсылығы жоқ болса, жасаған әділетсіздігі мөлшерінде ақы иесінің күнәсінен алынып, ақы жеген адамға беріледі» (Бұһари, Mәзалим, 10).

Иә, бұл жағдайда кешірім сұрасудан басқа жол жоқ. Тіпті шейіттердің өзі егер кісі ақысын жеген болса, ақыретте есепке тартылады. Осы себепті мәселе ақы иесін разы етуде. Зиян шегуіне себеп болған кісіге сіз барып, әуелі қатеңізді мойындап, кешірім сұрайсыз. Өзіңізді кешіруін өтінесіз. Мүлкіне зиян келтірген болсаңыз, орнын толтырасыз.

Сөйтіп қолыңыздан келгенін істейсіз. Ол кісі де сізді жақсы күтіп, түсіністік танытса, жауапкершіліктен құтыласыз. Хадис шәріпте түсіндірілгендей, осы дүниеде жүргенде-ақ кешірім сұрасып, ақыреттегі есептесу мен азаптан құтыласыз. Сонда ғана: «Күнәсіне тәуба еткен жан сол күнәні еш жасамағандай болады» (әт-Tарғиб уәт-Tархиб, IV/97) деп хадисте ескертілгендей, ертең Алланың алдына барғанда көңіліңіз тыныш болады.

Адам тәубесінің қабыл болғанын, күнәдан арылғанын қалай біледі, қалай аңғарады? Жауабын Пайғамбарымыздан (с.а.у.) естиік:

«Бір күнә істегеннен кейін тәубе етіп, жақсылық жасаған адам – үстіне өте тар сауыт киген адамға ұқсайды. Күнәдан кейін бір жақсылық жасаса, сауыттың ұстап тұрған бір жері сөгіледі. Тағы бір жақсылық жасаса, екінші жағы сөгіледі. Жасалған жақсылықтардың соңында сауыт шешіліп, жерге түседі» (әт-Tарғиб уәт-Tархиб, IV/106).

Жаратушы алдында күнә істесін, мейлі әлдекімге әділетсіздік жасасын адам сол күнә мен қателіктің ізінше өкініп, сауапты істер істесе, сауап жолындағы жақсылықты істерін арттырса, күнә сауытының түймелері жеке-жеке шешіліп, аз уақытта-ақ сол күнәлардан арылады.

Мына мағынадағы аятты да ұмытпаған жөн:

«Әй, шектен шыға өздеріне кесір тигізіп, күнә жасаған құлдарым! Aлланың рақымынан үміт үзбеңдер. Міндетті түрде Алла күнәларды кешіреді. Ол – Ғафур әрі Рахим» (Зүмәр сүресі, 53 аят).

1 пікір