Жұма намазына дайындық
Жұма намазына дайындық
3 жыл бұрын 3921

Жұма күні мұсылмандар үшін шаттығы асып-тасқан мейрам секілді. Жұма күнінің уақыты бейсенбінің ақшамынан басталып, жұманың ақшамына дейін жалғасады. Әрине, бұл күнге дайындықты тазалықтан бастау керек. Яғни, рухани һәм материалдық тазалық.

Тазалықтың ең үлкені – денені толығымен жуып, ғұсыл құйыну. Мұны кейбір ғалымдар сүннет десе, енді кейбірі парызға жатқызған. Ибн Омар (р.а): «Кім жұмаға келетін болса, жуынсын» – деген[1]. Жұма намазына келмей тұрып тырнақ қысқарту, ауыз шайып, тістерді тазалау, таза киімдерін кию, жағымды иіс беретін әтір себіну секілді амалдар сүннетке жатады.

Имам Шафиғи (р.а.): «Кім киімін тазартса, қайғы-мұңы азаяды, жақсы иістер себінсе, ақылы артады» – деген[2]. Ал, киімдердің ең дұрысы – ақ киім. Аллаһ тағалаға ең жағымды киім – ақ түстісі. Киген киім басқалардан ерекше етіп көрсетпегені дұрыс. Ал қара киім киюді мәкруһ дегендер де болған. Мұсылман осы қасиетті күнде Құран оқып, дұға тілеп, тәубеге келеді. Пайғамбарымызға (с.а.с.) салауат айтып, шынайы жүрекпен Аллаһ тағаладан кешірім тілейді.

Жұма күні мешітке ертерек бару

Жұма намазына ертерек барудың сауабы да мол. Бұл жайында Ақиық елші (с.а.с.):

«Кім жұмаға алғашқы сағатында келсе, ол түйе сойғандай сауап алады. Екінші сағатында келсе, сиыр сойғандай сауап алады. Үшінші сағатында келсе, қошқар сойғандай сауабын алады. Егер төртінші сағатында келсе, тауықтың сауабын алады. Ал бесінші сағатында келсе, жұмыртқа сауабын алады. Имам мінберге шыққан сәтте, кітаптар (сауап жазылатын амал дәптерлер) жабылып, қаламдар тоқтатылады. Періштелер уағыз тыңдауға мінберге қарай бет алады. Бұл уақыттан кейін келгендер, тек намаз үшін келген болады, оларға ешқандай артық сауап берілмейді» – деп[3], жұма намазына ерте барудың сауабы мол екендігін айтқан.

Әбу Хұрайра (р.а.) риуаят еткен мына хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.) былай деген:

«Егер адамдар мына үш нәрседенің қаншалықты құнды екенін білсе, түйедей желісе де оған үлгеруге тырысар еді. Олар: азан, намаздың бірінші қатары, жұмаға ерте бару»[4].

Мешітке барғандағы әдеп

Жұма намазында адамдардың арасын бөліп, баса-көктеп жүрмеуге тырысу керек. Жұмаға ерте келудің осы тұрғыдан да пайдасы зор. Ерте келген адам ешкімді мазаламай, алдыңғы қатардан орын алады. Кеш келгеніне қарамастан отырғандарды аттап өту адамды сауаптан мақұрым қалдыратындығына мына хадис дәлел. Ибн Жарир былай дейді:

«Аллаһ елшісі (с.а.с.) жұма күні хұтпа айтып жатқанда, мешіттегілердің желкелерінен аттап бір адамның өзіне жақын келіп отырғанын байқайды. Жұма намазын оқып болған соң, әлгі адам тағы да солай жасап келе жатып Пайғамбарымызға (с.а.с.) жолығып қалады. Аллаһ елшісі (с.а.с.) оған:

– Ей, пәленше, сен неге бізбен бірге жұма намазын оқымадың? – дейді. Сонда ол:

– Уа, Аллаһтың елшісі! (с.а.с.) Мен қазір ғана жұма намазын сіздермен бірге оқыдым», – дейді. Аллаһ елшісі (с.а.с.):

– «Отырғандардың арасын аттап өткеніңді көрмедік пе?!» – деп[5], оның адамдардың арасымен кимелей өтіп жүргенінің дұрыс емес екендігін түсіндірген.

Алайда алдыңғы қатар бос тұрса, онда өтуге болады және есіктің жанында отырғандардан да аттап өтуге болатындығы айтылған. Және жұма намазында намаз оқып жатқан адамдардың алдынан аттап өтудің дұрыс емес екендігін, тіпті қырық жыл тұрсаң да оның алдын кесіп өтпеу керектігі жайында бір хадисте: «Намаз оқушының алдын кесіп өтуден гөрі қырық жыл бойы күтіп тұрғаның артық»83 – делінген[6].

Бұл жайында кейбір ғалымдар былайша пікір білдіреді: егер намазхан намазын мешіттің алдыңғы жағында оқып жатқан болса, онда алдынан кесе-көлденең өткен адамға күнә жазылады. Ал, егер мешіттің ортасында оқып жатқан адамның алдын кесіп өтер болса, екеуіне де күнә жазылады. Ал, егер мешіттің шыға берісінде оқып, алдынан кесіп өткен кісі болса, күнәсі намаз оқып отырған адамға жазылады делінген. Сондықтан намаз оқығанда ең дұрысы, мешіттің алдыңғы жағында немесе тірек, дуал секілді нәрселердің артында оқыған жөн.

Саптарды түзу ұстау

Мұсылмандарды жамағатпен намаз оқуға шақырған Пайғамбарымыз (с.а.с.) әрдайым саптың түзу әрі жүйелі болуын қатты қадағалайтын-ды. Сондықтан да, Пайғамбарымыз (с.а.с.) намаздан бұрын мұсылмандардың қатарын түзетіп:

«Қатарларыңызды түзу ұстаңыздар. Әйтпесе, Аллаһ ауызбіршіліктеріңізді жойып, жік-жікке бөлінесіздер», – дейтін[7]. Тағы бір хадисінде:

«Сап түзу болса, намаз толық орындалады» – делінген[8].

Аллаһ елшісі (с.а.с.) әрдайым саптың түзу болуына мән беріп, арттағы қатардың түзу болғанын көрмейінше, намазды бастамаушы еді. Әли, Осман (р.а.) секілді сахабалар жамағатты бір сызықтың бойына түп-түзу тұрғызу үшін:

«Пәленше, сен сәл алға шық. Түгенше, сен сәл кейін шегін» – деп қатарларды түзейтін-ді.

Жұма намазы біреулердің иманға келуіне себеп

Жамағатпен оқылған жұма намазы Сайд ибн Хасан деген әйгілі еврейдің мұсылман болуына себеп болған. Сайд ибн Хасан діндерді зерттеген ғалым кісі еді. Ол ауыр қиыншылықты бастан кешіріп, мешіт табалдырығын аттайды. Сол сәттегі сезімін былай жеткізген: «Мешіттегі мұсылмандардың қаз-қатар тұрғандарын көріп, ішімнен бір үн естігендей болдым. Ол үн: «Еврей қауымына түскен пайғамбарлардың соңы келешекте өзге жамағатқа келеді деген сөз рас» дегендей еді. Имам сол сәтте мына аятты оқып жатты:

«Негізінде, Аллаһ әділдікті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, шектен шығушылықтан тыяды. Әрине, түсінерсіңдер деп насихат береді». («Нәхл» сүресі, 90 аят).

Құлшылықтарын бастағанда бір тылсым күш келіп іштегі сезімімді түрткілеп, мені құлшылыққа тартты. Өйткені, мұсылмандардың қаз-қатар тұрып намаз оқулары адамдардың емес, періштелердің сап түзеп тұрғанындай көрінді».

 Осылайша өмір бойы өзге сенімде жүрген еврей ғалымы иман келтіріп, намаз оқуға ниет етеді.

Иә, осыдан намазымыз немесе басқа да құлшылықтарымыз сырт көзге ислами үлгі екенін көреміз. Егер тек Аллаһ разылығы үшін құлшылықтарымызды шынайы түрде атқарар болсақ, біздің бұл іс-әрекетіміз жанымыздағы адамдарға да ой салып, әсер ететіні анық.

Кей кезде мұсылмандық болмыспен үлгі бола білу уағыз бен насихаттан да асып түсіп жатады. Адамдар нағыз мұсылманның қандай болатынын естуге ғана емес, көруге де мұқтаж. 


[1] Бухари мен Муслим, Әбу Сайдттен риуаят етілген.
[2] Имам Ғазали, Ихия Улумиддин 160 б.
[3] Әбу Хұрайра мен Әнастан риуаят етілген хадис. Бухари мен Муслимде риуаят етілген. Имам Ғазали; Ихия Улумиддин 160 б.
[4] Имам Ғазали, Ихия Улумиддин, 160 б.
[5] Ибн Мубәрак, Рақайқ. Имам Ғазали, Ихия Улумиддин 160 б.
[6] Бухари мен Муслимде риуаят етілген Әбу Жаһмнің хадисі. Имам Ғазали, Ихия Улумиддин 161 б.
[7] Муслим
[8] Бухари, Муслим.

Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы, "Намаз - діннің тірегі".

0 пікір