"Қарт анамды көтеріп әжетке шығарамын, ақысын өтедім бе?" деген кісіге Әзіреті Омардың айтқаны
"Қарт анамды көтеріп әжетке шығарамын, ақысын өтедім бе?" деген кісіге Әзіреті Омардың айтқаны
2 жыл бұрын 6142

12-13 ғасырларда өмір кешкен Ханбали ғұламасы Әбульфәрәж Ибн Жәузидің «Ата-анаға жақсылық қылу» атты кітапшасында мынадай оқиға баян етілген.

Бір ер кісі төрт шадиярдың бірі Алланың сүйікті құлы Әзіреті Омар ибн әл-Хаттабқа келіп:

- Уа, Омар! Менің қартайған анам бар. Мен апармасам өздігінен әжетке шыға алмайды. Арқама салып алып, әжетке шығарамын, әжетін өтейтін кезде жүзімді бұрамын (қарамай тұрам). Оның аналық ақысын өтеген болам ба? – деп сұрайды.  

- Жоқ, - деп жауап береді Әзіреті Омар (радияллаһу анһ).

- Қалайша? Мен оны арқалаймын. Анама қараймын деп, үйден шықпай қамалып отырмын, сонда да ақысын өтеген болмаймын ба? – дейді әлгі кісі.

Сонда Әзіреті Омар оған:

- Анаң да кезінде тура сен ұқсап, кішкене күніңде сені көтеріп әжетке шығаратын. Бірақ ол оны, сенің өмір сүруіңді тілеп жасайтын. Ал сен анаңа ол нәрсені тезірек құтылсам деп жасайсың, - деген екен[1].

Және бірде Әзіреті Омардың ұлы Абдулла ибн Омарға (радияллаһу анһ) бір ер кісі келіп:

- Анамды мойныма салып (арқалап), Хорасаннан Меккеге дейін көтеріп апардым. Меккеде қажылық рәсімін орындағанша арқалап жүрдім. Айтыңызшы, аналық ақысын өтей алдым ба? – дейді.

Сонда Абдулла ибн Омар:

- Жоқ. Сені босанарда толғатқан толғағының біреуінің де ақысын өтей алмадың, - деген екен[2].


[1] Ибн Жәузи: «Бирруль Уәлидәйн».
[2] Ибн Жәузи: «Бирруль Уәлидәйн».

Нұғман Тұрғын

0 пікір