Жұма күнінің әдептері
Жұма күнінің әдептері
5 жыл бұрын 4246
Әбдімүтәліп Сәттібайұлы

Әрбір мұсылман жұма күнінің фазилеті мен ерекшелігін біліп сезінгені дұрыс. Жұма күні – күндердің ең абзалы әрі мұсылмандардың мейрамы болып есептелінеді. Сонымен қатар, бұл күні жұма намазы оқылады. Егер мұсылман бұл күнді және жұма намазды қадірлеп, әдептерін ұстанса, Алла оның сауабын арттырып, күнәларын кешіреді. Бұл күнде бір сәт бар. Егер мұсылман пенде сол сәтте Раббысынан намаз оқыған күйінде қажетін сұраса, Алла оған сұрағанын береді.

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) жеткен бір хадисте былай делінген: «Күндердің ең абзалы – жұма күні. Бұл күні Адам атамыз жаратылған. Және осы күні жаннатқа кіргізілген. Әрі осы күні одан шығарылған. Қиямет те осы жұма күні болады».[1]

Ибн Аббастан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы жұма күні туралы былай деп айтқан: «Расында, бұл күн – Алланың мұсылмандар үшін мейрам еткен күні. Сендерден біреу жұмаға келетін болса, ғұсылдансын (толық жуынсын). Және кімде иіс су бар болса, себінсін. Әрі мисуакпен тістеріңді тазалаңдар».[2] 

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен сахих хадистердің бірінде жұма күнінің қасиеті мен артықшылығы жайында былай делінген: «Кім ғұсылданып, жұма намазына барса әрі өзіне бұйырған нәпіл намазын оқыса; Одан соң имамның құтпасын ақырына дейін мұқият тыңдаса; Кейін онымен бірге намаз оқыса, онда ол үлкен күнәларға ұрынбаған болса – осы жұма келесі жұма арасындағы кіші күнәлары кешіріледі. Және оған қосымша үш күн».[3]

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген шарапатты хадистердің тағы бірінде: «Жұма күні бір сәт бар. Егер мұсылман пенде намаз оқыған хәлінде сол сәтке тұс келіп, бір жақсылықты сұраса, Алла оған сұрағанын береді»,[4] – делінген. 

Төменде мұсылманға істеуі абзал болған жұма күнінің әдептерін келтіре кетелік:

1. Жұма күнгі таң намазының парызында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқу. 

Бұл әдепке Ибн Аббастан (р.а.) келген мына хадис дәлел болады. Ол хадисте: «Пайғамбарымыз ( с.ғ.с) жұма күнінің таң намазында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқитын еді»,[5] – делінген.

2. Мисуакпен тіс тазалау.  Онымен тіс тазалау сүннет амалдарына жатады. (Мисуак дегеніміз арак деп аталатын ағаштан алынатын, тіс тазалау үшін қолданылатын бұтақша).

3. Жұманың күндізі мен кешінде Пайғамбарға (с.ғ.с) салауатты көп айту. 

Бұл әдепке мына хадис дәлел: «Жұманың күндізі мен кешінде маған салауат айтуды көбейтіңдер».[6] 

4.«Кәһф» сүресін оқу. 

Бұл жайында хадисте былай делінеді: «Кім жұма күні «Кәһф» сүресін оқыса, онда оған екі жұма арасына нұр болады».[7] 

5. Жұманың күнін арнайы оразамен, ал түнін арнайы намазбен ерекшелемеу керек. 

Бұл әдепке Әбу Һурайрадан (р.а.) келген мына хадис дәлел. Ол кісі: «Пайғамбардың (с.ғ.с): «Сендердің ешбірің жұма күнінің алдынан не соңынан бір күнді қоспай, жалғыз ғана жұма күні ораза тұтпасын» дегенін естідім», – дейді[8]. 

Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Жұманың түнін басқа түндерден арнайы намаз оқып ерекшелемеңдер»,[9] – деген.  

6. Жұма намазына дайындық жасау. 

Оған төмендегі істер жатады :
• Ғұсылдану 
• Иіс сулармен жұпарлану 
• Мисуакпен тіс тазалау
• Жұма намазына ертерек шығу
• Ең жақсы, таза киімдерін киу 
• Сүннеттегі денеге қатысты тазалықтарды атқару (тырнақ алу, қолтық пен әурет түктерін кетіру сияқты)
• Сүннет бойынша жұмаға жаяу бару  

7. Мешітке жұма намазы үшін асығып-аптықпастан бару. 

Негізінде әрбір намаз үшін мешітке асықпай, аптықпай бару – шариғат әдептеріне жатады. Бұл әдепке Әбу Қатададан (р.а.) келген мына хадис дәлел болады:

Біз бірде Пайғамбармен (с.ғ.с) бірге намаз оқып жатқанымызда, бір кісілердің асығыс тапырлап келген дауыстары естілді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) намазын бітіргеннен кейін: 
– Сендерге не болды? – деп сұрады. Олар : 
– Біз намазға асыққан едік – деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с):
– Ендігіде олай істемеңдер. Егер намазға келген болсаңдар, асығып, аптықпаңдар. Намаздан үлгерген рәкағаттарыңды оқып, үлгермеген рәкағаттарыңды толықтырып бітіріңдер, – деді.[10] 

8. Азаншының намазға шақыруын естіген уақытта оған жауап беріп, сауда-саттық тағы сол сияқты дүние істерімен болған байланысты тоқтату. 

Оған Құраннан мына аят дәлел: «Ей, иман кетіргендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар. Және сауданы қойыңдар. Егер білген болсаңдар, сол нәрсе сендер үшін жақсы».[11] 

9. Тахиятул масжид намазын оқу (мешіт ақысы, зәуәл уақытында оқылмайды).

10.  Имам мінберге шыққанша, Алланы зікір ету, Құран оқу (уағыз тыңдау) сияқты істермен шұғылдану. 

11. Жұма намазына келгенде адамдардың үстінен аттап немесе жақын отырған екі адамның арасына қыстырылысып немесе біреуді орнынан тұрғызып, оның орнына отыру сияқты істерден сақ болу. 

Оған дәлел – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) құтпа кезінде алдынғы жаққа өту үшін адамдардың үстінен аттап бара жатқан кісіге «Отыр, басқаларға зиян келтірдің ғой»[12] деген сөзі. Сонымен қатар, бұл әдепке мына бір хадис те дәлел болады: «Сендердің ешбірің жұма күні бауырын орнынан тұрғызып, кейін оның орнына отырып алмасын. Бірақ «орын ашыңдар» деп айтыңдар».[13]  

Адамдардың үстінен аттап өту мәселесіне қарай имам Шафиғи былай деген: «Намаз оқитын орынға жету үшін өзге жолды таба алмаған адамнан басқаға, адамдардың үстінен аттап жүруі – мәкруһ». 

Және Ибн Хажар:  «Лажсыз жағдайда адамдардың үстінен аттап өтуге рұқсат етілген кісілердің қатарына: имам, алдындағы сапты жалғастырушы не саптың үзілген жерін толықтырушы, яғни алдындағы адамдар оны істемесе және өз орнынан зәру бір жағдаймен шығып кетіп, сол өз орнына қайтқысы келген адам кіреді»,[14] – деген. 

13. Құтпа айтылып жатқан кезде, мүмкіндігінше имамға жақын отырып, бос сөздер мен бекер істермен айналыспай, құтпаға мұқият құлақ салу. 

14. Құтпа кезінде тізені құшақтап отыру – мәкруһ. 

Муғаз Ибн Әнас (р.а.) әкесінен мына хадисті  келтіреді: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жұма күні имам құтпа айтып жатқан кезде тізені құшақтап отырудан тыйған».[15]

Бұл хадиске байланысты Имам Хаттаби былай деген: «Тізені құшақтап отырудың тыйым етілуінің себептері – бұл отырыс ұйқыны шақырады әрі дәреттің бұзылуына да себеп болуы мүмкін. Сонымен қатар, әуреттің ашылып қалуы да ықтимал[16]. 

1. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) кезінде адамдар кілем, жайнамаз төсеместен жәй жердің үстіне намаз оқи беретін. Сондықтан қазіргі уақытта таспен ойнау сияқты істердің қатарына кілем, қаламсап, телефон сияқты т.б. заттармен де ойнау кіре береді. 

2. Бұл сөз сол кездегі араптардың киетін киіміне байланысты айтылған. Олар ол тұста ұзынша бір көйлекті киетін. Сондықтан кей жағдайда тізені көтеріп отырса, сандарының көрініп қалуына себеп болатын. 

15. Жұма күніндегі дұғаның қабыл болатын сәтіне тұс келу мақсатында ол уақыттарды дұғалармен, зікірлермен толықтырып, өткізіп алмауға тырысу. 

Әбу Һурайрадан (р.а.) келген хадисте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) былай деп айтқан сөзі бар: «Жұма күні бір сәт бар. Егер мұсылман пенде намаз оқыған хәлінде сол сәтке тұс келіп, Алладан бір қажетін сұраса, Алла оған сұрағанын береді.Әрі ол кісі сол сәттің аз ғана уақыт екенін қолымен ишарат етіп көрсетті».[17]

Ғұламалар осы сәттің уақытын белгілеуде бірнеше пікірлер айтқан. Сол пікірлердің ішіндегі дәлел күштірегі – мына бір екі мезгіл. Бірінші мезгіл – имамның мінберге отырғанынан бастап, парыз намазынан босағанға дейінгі аралық. Бұл мезгілге дәлел ретінде мына хадис келтірілген:

Абдулла Ибн Омар бір күні Әбу Муса Ал-Ашғаридің ұлы Абу Бардадан:«Сен әкеңнен жұма күнгі сәт туралы бір нәрсе естідің бе?» – деп сұрайды. Сонда Әбу Барда: «Иә, мен оның былай дегенін естіген едім. Әкем маған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Осы сәт имам құтпа үшін мінберге отырғаннан бастап намаз біткенге дейінгі аралық», – деген сөзін айтқан деді.[18] 

Екінші мезгіл – екінті намазынан күн батқанға дейінгі аралық. Оның дәлелі – Абдулла Ибн Саламаның сөзі. Ол кісі: «Мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с) «Біздің кітабымызда (яғни, Тауратта. Ол әуелде яһуди дінінде болған. Кейін исламды қабылдаған) жұма күні бір сағат бар екені айтылған. Иманды пенде намаз оқып, бір нәрсе сұраған кезінде сол сәтке тап келсе, Алла Тағала оның қажетін орындайды делінген», – деген едім, Алланың елшісі (с.ғ.с) қолымен бір сағаттан да азырақ деп ишарат етіп көрсетті. Сол кезде мен: «Иә, дұрыс айтасыз, Алланың елшісі ! Бір сағаттан да азырақ», – дедім. Кейін «Тауратта айтылған сол сәт қай мезгіл?» – деп сұрадым. Алланың елшісі (с.ғ.с) : «Күннің күндізгі уақытының ең соңғы мезгілі», –  деді. Сол кезде мен: «Ол кез намаздың уақыты емес қой», – дегенімде, ол кісі: «Иә», – деді де – егер иман келтірген құл намаз оқып болғаннан кейін намаз үшін отырса (яғни, келесі намаздың уақытын күтіп), ол намаз хәлінде болып есептеледі», – деді.[19]  

Әдептердің соңында айта кететініміз, мұсылман пенде жұма намазына бекем болып, одан себепсіз қалудан сақтануы қажет. Себебі, Дамарилік Абу Жағдтан келген хадисте: «Кім себепсіз немқұрайдылықпен үш жұманы қалдырса, Алла оның жүрегін мөрлеп қояды»,[20– делінген. Жұмаларыңыз мүбәрак, дұғаларыңыз қабыл болсын! 


[1] Муслим.
[2] Ибн Мәжә.
[3] Муслим.
[4] Муслим.
[5] Муслим.
[6] Байһақи.
[7] Әл-Хаким, Байһақи,
[8] Бұхари, Муслим.
[9] Муслим.
[10] Бұхари, Муслим.
[11] «Жұма» сүресі,  9-аят.
[12] Әбу Дәуід.
[13] Бұхари, Муслим.
[14] Итхафул Қори кітабы. Жұма бабы. 485-бет.
[15] Тирмизи, Ибн Мәжә, Ал-Хаким.
[16] Тухфатул Ахуази Сунан Тирмизидің шархы.
[17] Бұхари, Муслим.
[18] Бұхари.
[19] Ахмад және Ибн Мәжә.
[20] Әбу Дәуід.

Дереккөз: muslim.kz
Ықшамдалынып алынды

 

0 пікір