Жиһад ұғымы экстремизмге негіз бола алмайды
Жиһад ұғымы экстремизмге негіз бола алмайды
6 жыл бұрын 2030

Бүгінде діни экстремизммен күрес мемлекеттік деңгейде жүруде. Діни экстремизм дінді желеу етіп, қоғамда тұрақсыздық тудырып, қан төгіске жол ашатындар десек, оған жол бермеу мақсатында елімізде заңдар да күшейтілуде. Қазіргі парламентте қаралып жатқан заңға енгізілетін өзгерістер арасында да шетелдік террористік ұйымдарға барып қосылғандарды Қазақстан азаматтығынан айыру қажеттігі көтерілуде. Діни эктремизм бабымен істі болғандар көп жылға сотталумен қатар дүние мүліктерінен де айырылмақ. Бұл баппен істі болғандар мерзімінен бұрын амнистияға да іліну құқына ие емес. Негізі дін қағидалары экстремизмге шақырмайды. Осы тұрғыдан келгенде, исламдағы жиһад ұғымын да экстремизмге желеу ету орынсыз. Жиһад туралы Құран аяттарында былай делінеді:

«Кімде кім жиһад жасаса, өзі үшін жиһад жасайды. Күмәнсіз Алла ғаламдарға мұқтаж емес, еш нәрсеге зәру емес» (Анкабут сүресі, 29/6);

«Пайғамбар мен жанындағы мүминдер әрі дүниелерімен, әрі жандарымен жиһад етті. Жақсылықтың барлық түріне кенелді. Құтқарылатындар да солар» (Тәуба сүресі, 9/88);

«Жолымызда жиһад етушілерді Біз әрине тура жолға саламыз, оларға тура жолдарды көрсетеміз. Алла әр істі келісті жасаушылармен бірге» (Анкабут сүресі, 2/69);

«Әй, иман еткендер! Өздеріңді ащы азаптан құтқаратын, оған қоса, аса бір табысты сауда айтайын ба? Аллаға және елшісіне сеніп, дүниелеріңді, жандарыңды аямай Алла жолында жиһад жасаңдар! Біле-білсеңдер, өздерің үшін қайырлысы осы» (Сафф сүресі, 61/10) т.б.

Ал бірқатар хадистерде: Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) ең игі істің қандай екені сұралғанда, жиһадқа тең келер істің жоқтығын білдірді. Алла елшісі (басқа іспен) оған теңесудің қиындығын айтты. Сұрақ сұраушы екі тіпті үш рет сұрағын қайталағанда да жауап өзгермей «(Басқа іспен) оған теңесулерің қиын» делінді (Бұхари, жиһад, 2). Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с.) артықшылығы жоғары тұратын адамның кім екендігі сұралғанда, дүниесін, жанын аямай Алла жолында жиһад жасаушы адам екендігі білдірілді (Бұхари, жиһад, 2). «Мүжаһид (жиһад жасаушы) Алла тағаланың бұйрықтарын орындау тұрғысында өз нәпсісімен жиһад жасаушы (күресуші)» (Тирмизи, Зүхд, 164). «Мүшріктерге қарсы дүниелеріңмен және тілдеріңмен жиһад етіңдер» (Әбу Дәуіт, жиһад, 18). «Жиһадтың ең абзалы жәбірі қатты басшыға әділеттілікті айту» (Әбу Дәуіт, Малахим, 17); Өсиет сұраған Әнас ибн Маликтың анасына пайғамбар «Күнәларды таста бұл һижреттің ең абзалы, парыздарды үзбе бұл жиһадтың ең абзалы» деді (Табарани, әл-Мұғжамул-әусат); Соғысқа сұранған жас сахабаға пайғамбар «Ата-анаң тірі ме?» деді. Ол «иә» дегенде, «Ата- анаң сау болса, соларға жақсылап қарауың жиһад» деп түсіндірді (Бұһари, жиһад, 138); «Жиһадтың ең абзалы қабыл болған қажылық» (Бұхари, хажж, 4); «Жиһад қияметке дейін жалғасады» (Әбу Дәуіт, жиһад, 33). Осы аят-хадистерден жиһадтың исламдағы негізгі қайнар көзде кездесетінін әрі мұсылмандарды жиһад жасауға қызықтыру, ынталандыру тіпті міндеттеу барын түсінеміз. Алайда ол бүгінгі таңда неге қате түсініліп жүр? Мәселен, батыстықтар бүгінде жиһадты парыз деңгейіндегі мәжбүрлік ретінде бүкіл әлемге мұсылмандыққа өткенге дейін немесе ислам билігін толық мойындағанға дейін соғысу деп түсінеді. Бұл әрине қате түсінік. Анығында жиһад сенімдер не діндердің соғысы емес. Өйткені исламда әр адамға сенім еркіндігі берілген. Бұл турасында Құранда «Былай де: ақиқат раббыңнан келген жайт. Ендігі жерде қалаған адам иман етсін, қаламаған адам мойындамасын» деген аят бар (Кәһф сүресі, 18/29.). Бұл жердегі үлкен қателіктің бірі «жиһад» ұғымын өзіне тән кең мағынасында түсінбей, тек соғысу деген тар аяда қабылдауда жатыр. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде өткенімен төрт жерде ғана тікелей соғыс мағынасында келген. Құранда соғыс ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Бірақ, жиһад сөзі соғысты да қамтығандықтан, көпшілік жиһад делінген кезде тікелей соғысты түсінеді. Ал анығында ғалымдардың білдіруінше жиһадтың мағыналық аясы өте кең. Алғашқы дәуір тәпсіршілерден әбу Сүлейман әд-Дарани (қ.ж. 830) «Анкабут» сүресінің 69 аятына қатысты жиһадтың тек кәпірлермен соғыс еместігін, бұдан басқа Алланың дініне қолдау білдіру, ақиқатты мойындамағандармен ғылыми күрес, жәбір көрсетушілерді бақылауға алу, жақсылықты жайып, жамандыққа жол бермеу тұрғысындағы әрекеттер, Аллаға бағыну тұрғысында нәпсімен күрес мағыналарына келетініне назар аудартып, нәпсімен күресті ең үлкен күреске жатқызған. Нәпсімен, құмарлықтармен күрес жиһадтың ең үлкені. «Ислам діні бойынша «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Бейкүнә адамды өлтіру – үлкен күнә. Тіпті барлық ережелер мен тепе-теңдіктердің астаң-кестеңі шығатын соғыс кезеңінің өзінде жазықсыз адамдарды өлтіруге тыйым салынған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүслә» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Тіпті жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған. Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен басшылар қатаң ұстанып отырды». «Соғыс – дипломатиялық жолдар түгелдей іске аспаған жағдайларда ғана амалсыздықтан туатын ақырғы шара. Ал бейбітшілікке, келісімге қайтадан мүмкіншілік туған жерде соғысқа жол жоқ. Яғни, қарсы жақ соғысты тоқтатып, келіссөз сұраса, мұсылмандар да соғысты тоқтатып, келіссөзге жүгінуі абзал. «Егер олар келісөзге, бейбітшілікке (ниет білдірсе) жақындаса, сен де жақында»». Жиһад – ізгі ниетпен дін үшін жасалған барлық игілікті істің атауы. Ол өзге діннің өкілімен жауластықтық, оларды кәпір деп мылтықтың нысанасына алуды білдірмейді. Құрандағы «Дінде күштеу жоқ» деген аят та соғыс арқылы өзге сенім өкілдерін исламға күшпен кіргізу мақсат етілмейтіндігін ұқтыруда (Бақара сүресі, 2/256). Жиһад мәселесінде тағы бір кездесіп отырған мәселе оны жекелеген лаңкестік топтардың соғысқа желеу етуі. Анығында исламда жиһадты жариялауға кез келген адам құқылы емес. Сондықтан жекелеген топтардың жиһадқа деген желеумен бөтен елдегі саяси я басқа да себептерден туындап жатқан ішкі соғыстарына жастарды ертіп кетуі дұрыс емес. Соғысты тек қана мемлекет жариялай алады. Ендеше, дінді шала түсінген жастардың жихадты өздерінің таяз ойларына не қандай да бір қантөгіске негіз етуі дұрыс емес. Бұл бағытта дінді дұрыс түсінуде әрі түсіндіруде елімізде ақпараттық түсіндіру топтарының жұмысынан күтілетін нәтиже зор. 

Мақала Алматы қаласы, Дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы бойынша әзірленді. 

Бағашаров Құдайберді,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттың универсиеті,

Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы, PhD докторы 

0 пікір