Жесірлер мен жетімдерге қамқор болу
Жесірлер мен жетімдерге қамқор болу
5 жыл бұрын 3476

Қоғамда тәңірлік емтиханның бір көрінісі ретінде қанаты қайырылған жандар кездеседі. Хақ Тағала құлдарына солардың құрметі үшін ырзық-несібе береді. Бірақ көп адам бұл ақиқатты аңғара бермейді. Олардың елеңбей қалғандарына мән берместен, өздерінің дүнисінің ғана артуына күні-түні тілейді. Ал шындығына келсек, Алла Тағала қоғамдағы қанаты қайырылған бейшара жандардға қол ұшын беруді ауқатты кісілерген парыз етіп жүктеген.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Жоқ олай емес. Керісінше сендер жетімге жақсылық жасамайсыңдар. Сонымен қатар сендер бір-бірлеріңді міскіндерді тамақтандыруға шақырмайсыңдар!». (Фәжр сүресі, 17-18 аяттар).

Қоғамдағы жағдайы төмен мұқтаж жандарға шын пейілмен қол ұшын бергендер Хақ Тағаланың сүйген құлдары болады, әрі олар екі дүниенің бақытына қол жеткізері хақ.

Ал, бейшара күйге түсіп, қанаты қайырылғандар жайында айтылғанда ең әуелі еске жесірлер мен жетімдер түседі. Олардың ешкі жан дүниелері рухани күйзелістің тереңіне батып, қағы-мұңның шеңберінде жүреді. Міне осындай күйге тап болған жандарға рухани және материалдық тұрғыдан көмек беру мұсылман үмбетінің борышы. Пайғамбарымыз: «Жесірлерге және пақырлардың істеріне жәрдем берген жан Алла жолында күрескендей сауап алады», - деп айтып, бұл істің маңыздылығына назар аудартқан.

Аталмыш хадисті риуаят еткен кісі: «Мен Алла елшісінің: «Ондай кісі әрдайым түні бойы намаз оқитын, үзбей ораза ұстайтын адам сияқты» деп айтқандығын естіген едім», - дейді[1].

Құдай Тағала жетімдерге жақсы мәміле жасауды мүміндерге әмір еткен[2]. Жетімнің қажеттілігін қамтамасыз етудің артықшылғын биік асудан өтуге теңеген[3]. Биік асудан өтіп, Алла ризалығына қол жеткізу үшін өзі мұқтаж бола тұра жетім мен тұтқынға қол ұшын берген құлдарын мадақтайды[4].

Бұл мәселе жайында Құран Кәрімдегі аяттарға көз жүгіртіп көрелік:

«Жетімке (келер болсақ), оны қақпайлама!»[5] .

«Жетімдердің ақысын өтеуде әділеттіліктен таймаңдар! Жасаған әрбір игіліктеріңді күмәнсіз Алла біледі»[6].

Қоғамдағы көңілі жабырқап жүргендерге жәрдем берудің орнына оларға зұлымдық жасау ісі – күпірлікке бой алдырған қатігез жүректен туады. Жаратушы Алла ондай адамдарға мынадай ескерту жасайды:

«Ақіреттегі есепті жалған деп санап жүргенді көрдің бе? Ол жетімді қақпайлайды (ақысын жеп, әділетсіздік етеді). Сондай-ақ, ол өзге біреуді міскінді тамақтандыруға шақырмайды»[7].

Пайғамбарымыз жетімдерге жақсы мәміле жасаушы мүмінге мынадай сүйінші хабарды жеткізеді: «Жетімге қамқор болған адам және мен мына екеуі секілдіміз» деп, сұқ сауасағы мен ортаңғы саусағының арасын ашып-жұмып көрсеткен еді[8].

Алла елшісі (с.а.у.) мұсылмандарды үмбетінің халі төмен, қараусыз қалған жандарына игілік жасауға үгіттейді. Оны төмендегі мына хадистерінен көреміз:

«Мұсылман үйлерінің арасындағы ең қайырлы үй – жетіміне жақсы мәміле жасаған үй. Ал ең жаман үй – жетіміне нашар мәміле жасаған үй»[9].

«Кез-келген біреу мұсылмандардың арасында жүрген жетімді үйіне апарып ішіп-жегізіп тойғызғаннан кейін кешірілмес күнәлардың бірін істемес, Алла Тағала оны міндетті түрде пейішке кіргізеді»[10].

«Біреу тек Алла ризалығы үшін бір жетімнің басын сипаса, оның қолына тиген әрбір шашының мөлшеріндей көлемде сауап беріледі»[11].

Сахабалардың бірі Пайғамбарымыз келіп жүрегінің қатегіздігін айтып шағымданған еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Егер жүрегіңнің жұмсаруын қаласаң пақырды тойдыр және жетімнің басын сипа», - деп жауап берген.

Абдуррахман ибн Абза (р.а.) Алла елшісінің (с.а.у.): «Жетімге рақымды әке сияқты мәміле жаса», - деп айтқандығын нақыл етеді[12].

Дүниеге көздерін жетім болып ашқан ғаламның мақтанышы Мұхаммед пайғамбарымыз (ғалейһиссәләм) үмбетінің ішіндегі жетімдеріне әрдайым қамқорлық көрсететін.

Пайғамбарымыздың қамқорында болған Бәшир ибн Ақраба былай деп әңгімелейді:

«Ұхуд соғысы болған күні Алла елшісімен (с.а.у.) кездестім. Одан:

-Әкемнің жағдайы қалай? – деп сұрадым.

- Әкең шейіт болды. Алла оны рахымына бөлесін», - деп жауап берді. Жылай бастадым. Сонда Пайғамбарымыз мені қолына алып, басымнан сипады. Көлігіне мінгізді. Артынан:

-Мен әкең, Айша анаң болуға разы емессің бе? – деп сұрады. Мен:

-Әке-шешем саған құрбан болсын уа, Расулалла! Әрине, разымын, - дедім.

Қазір шашыма ақ түскен. Ал Алла елшісінің мүбарак қолы тиген жерлер, яғни басымның сол жақ беті әлі күнге шейін түсін жоғалтпай, қап-қара күйінше қалды»[13].

Әзіреті сахаба Жағфардың әйелі Әсмә бинти Умайс былай деп әңгімелейді:

«Жағфар мен оның жолдастары соғыста шейіт болған күні Алла елшісі (с.а.у.) үйге келді. Сол күні қырық тері илеген едім. Нан пісіретін қамырымды да илеп қойғантұғым. Балаларымның беттерін жуып, шаштарын тарап, майлаған едім. Алла елшісі (с.а.у.) маған қарап: «Әсма, Жағфардың балалары қайда?» - деп сұрады. Кейін оларды шақырып алып бауырына қысты. Беттерінен сүйіп, маңдайларын иіскеді. Көздерінен жас парлап аға бастады.

«Уа, Расулаллаһ! Әке-шешем жолыңа құрбан болсын. Неге жылап отырсыз? Неге балаларыма жетімдер сияқты мәміле жасап жатырсыз? Әлде Жағфар және жолдастары жайлы қайғылы хабар жетті ме?» - деп сұрадым.

Алла елшісі: «Иә, Олар бүгін шейіт болды» деп жауап берді.

«Аһ, мырзам! Аһ, Жағфарым!» - деп жылай бастадым.

Ғаламның рақым нұры Пайғамбарымыз (с.а.у.) қызы Фатимаға (р.а.): «Жағфардың жанұясы үшін ас әзірлеңдер! Олар бүгін басына түскен қайғыдан қолдары босамай жатыр», - деді.

Жағфардың отбасына үш күн қатарынан ас апарылды. Адамзаттың асылы Пайғамбарымыз (с.а.у.)  Жағфардың үйіне үш күн бойы соқпады. Үш күннен кейін келіп: «Бауырым үшін жылауды доғарыңдар. Бүгіннен бастап бауырымның балаларына қарау менің міндетім», - деді.

Әзіреті Жағфардың ұлы Абдулла былай деп әңгімелейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) бізді құстың балапаны секілді аялап, үйіне ертіп әкелді. Кейін: «Маған бір шаштараз шақырыңдар», - деп әмір етті. Шаштараз келіп шашымызды алды. Алла елшісі қолдарын көтеріп: «Аллахым, Жағфардың жанұясына тек жақсылық нәсіп ет. Абдулланың қолын сауда-саттықта берекелі ет» деп дұға етеді[14].

Сахаба Әнәс (р.а.) былай деп әңгімелейді:

«Пайғамбарымыз ажалы таяғанда қасында болған едік. Бізге қарап үш мәрте: «Намаз тұрғысында Алладан қорқыңдар», - деп айтты. Кейін: «Қол астарыңдағы адамдар тұрғысында да Алладан қорқыңдар. Жағдайы төмен екі жан тұрғысында Алладан қорқыңдар. Ол екеуі: Жесір әйел мен жетім бала. Намаз тұрғысында Алладан қорқыңдар», - деді. Артынша: «Намаз, намаз» деген сөзді қайталай бастады. Жаны кейдесінен шыққанша осы сөзді ішінен қайталап жатты»[15].

"Өркениет шыңындағы жауһарлар" атты кітаптан ықшамдап алынды.


[1] («Сахих Бұхари» - Нафақат. 1, Әдеп 25,26; «Сахих Мүслім» - Зүһд).
[2] Құран Кәрім: «Бақар» сүресі, 83, 177, 215, 220 аяттар. «Ниса» сүресі, 2-3, 6, 8, 10, 36, 127 аяттар. «Әнфәл» сүресі, 41 аят. «Исра» сүресі, 34 аят. «Кәһф» сүресі, 82 аят. «Хашр» сүресі, 7 аят. «Инсан» сүресі, 8 аят.
[3] «Бәләд» сүресі, 11-16 аяттар.
[4] «Инсан» сүресі, 8 аят.
[5] «Дұха» сүресі, 9 аят.
[6] «Ниса» сүресі, 127 аят.
[7] «Мағұн» сүресі, 1-3 аяттар.
[8] Сахих Бұхри: Әдеп 24. Талақ 14.
[9] Ибн Мәжә: «Әдәп». 6.
[10] Имам Тирмизи: «Сүнән» - Бирр. 14. 1917.
[11] Имам Ахмад: «Мүснәд». 7. 250.
[12] Хайсәми, 8, 163.
[13] Имам Бұхари: «әт-Тәрихуль Кәбир». 2, 65. Бейрут. 2001 ж; Әли әл-Муттәқи: 13, 298.
[14] Имам Ахмад: Мүснәд; Әбу Дәуід: Сүнән.
[15] Бәйһақи: Шұъабуль Иман. 7, 477.

0 пікір