Жаңа ықылымда байырқалы кәсіпкер ғана емес, жайдақ қызметкердің өзі аяқ жетер жерге жаяу-жалпы емес, сән-салтанатпен жеткісі келеді. Жұпыны жалақысынан жырымдайды, келегі бұлдыр кредитке ұрынады, қайткенде де, бұт артар көлікке ұмтылады. Қисынсыз емес. Біріншіден, көлікті кісі жаяуға қарағанда алымдырақ көрінеді; қашықтықты қысқартып, уақытты үнемдеп, қандай да шаруаның басын бұрын қайырады. Екіншіден, көлікті кісі дос-жардың алдында абыройлы, көлденең жұрттың көзінде айбарлы ұшырайды. Көлікке ие болудың басқа да басымдықтары бар. Бәрін түгендей атаулы мақаланың мұратынан тысқары. Қысқа қайырып, «көліксіз күн – қараң» деп ойлайтын адамдардың қорамы біршама екенін ескертейік.
Ал, шын мәнісінде солай ма?! Көліксіз –күн берекесіз күн бе? Құдай берген екі аяғына сеніп, ұзақ жолған түскеннің бәрі – ұтылыста ма?! Теңгенің асты мен үсті болатыны сияқты, бұл мәселенің де күнгейі мен көлеңкесі бар. Күнгейін шет жағалап айттық. Көлеңкесін өзіңіз де азды-көпті білесіз. Сол себепті көліктің пайдасы мен зияны төңірегіндегі таптаурын әңгімені аттап өтіп, жаяу жүрудің артықшылығын тәптіштегіміз келеді. Көлікке мінбеңіз деген үгіттен гөрі, жаяу жүріңіз деген кеңес анағұрлым өтімді емес пе?!
Жаяу жүрудің пайдасы көл-көсір. Денсаулыққа игі әсері баршаға мағлұм. Алайда, біздер оның бұл қырын емес, креатиті ойларға жетелейтін қасиетін баяндаймыз. Журналымыздың мұратымен үндес болсын.
Бажайлап қарасақ, тарихта бедерлі із қалдырған тұғырлы тұлғалардың бәрі дерлік бейсауат жүрістің шарапатын танып өткен. Жиырма бес жасында профессор атанған Ницше шын мәнісіндегі ғаламат ойлардың жаяу жүргенде келетінін айтқан. Ғылымда өшпес таңба қалдырған Эйнштейіннің жаяу жүруге құмартқаны сонша көше-көшені адақтап жүріп, мүлдем адасып кететін болған. Ұрпақтан-ұрпаққа жететін, мәңгілік шығармалар жазған Бетховен де бір жерде омалып отыра бермей, ертелі-кеш пәтер ауыстырған. Сөйтіп жүріп пианиносының қай жерде тұрғанын ұмытып кететін болған. Алайда асқаралы туындылары сол – көше кезген аралық уақытта туған екен. Келелі пікірелрі әлдебір алпауытқа жеткере ұғындыру үшін оны сейіл, серунге шақырып отырған Гөте де селкеу жүрістің қасиетін мейлінше түсінген. Жаяу жүруді тіршілігінің аса мәнді бөлігіне айналдырып, күн құрғатпай қайталап отырған мықтылардың қатарында Рембо, Кант, Руссо, Торо сынды ойшылдар, Джей Остин, Гэри Снайдер іспетті жазушылар бар.
Өткенні көшелі кісілері ғана емес, жаңа заманның жырынды кәсіпкерлері де жаяу жүруге айрықша мән береді. Стив Джобс көп жұртпен аулақта, ашық алаңда кеңес құрса, Фейсбук қожайыны Марк Цукерберг суреундеп жүріп сұқбаттасады. Есебі, екеуі де табиғат аясында күрделі көрінген мәселенің сәтімен шешілетінін талай мәрте байқаған. Жаяу жүруді қалтқысыз ұнататын мықтылардың қатарында Buffer компаниясының білдей СЕО-сы Джоель Гаскон (Joel Gascoigne) да бар. Ол жұмыс біте салысымен барлық байланыс құралдарын өшіріп тастап, жиырма минут бойы жалғыз қыдырады екен. Айтуынша, осы бір азын-аулақ уақыт – күні бойы жиналып қалған кәкір-шүкір ақпарды сыпырып-сиырып, тойымен тазарып шығуға және маңызды мәселелерді қайыр байыптап, алдағы асуларды ойша елестетуге жететін көрінеді.
Жаяу жүру – креативті ойларға қанат бітіреді. Тарихта бедерлі із қалдырған тұғырлы тұлғалардың бәрі дерлік бейсауат жүрістің шарапатын таныған.
Ең қызығы, көп жылдар бойы атаулы құбылыстың ғылыми түсініктемесі болмай келген. Осы жақында ғана Стэнфорд университетінің зерттеушілері татымды дәйектер келтіріп, жаяу жүрудің креативті ойларға жетелейтінін дәлелдеп отыр. Мэрили Оппецо мен Дэниел Шварц бірігіп түзген, 176 студент қатысқан қыт-қабат эксперименттер жаяу жүргенде адамның ойы шынында да ұшқырланатынын көрсетті. Алайда бұл игілікті әрекеттің қайда жүзеге асатыны оншама маңызды емек екен. Үйде жүргенде де креативті ойларған қанат бітеді. Мәселен, UBER компаниясының СЕО-сы Травис Каланик жұмыс орнында 65 шақырым жүреді. Әрине, аядай бөлмесінде емес, жыпырлаған дәлізде де емес, төртінші қабаттағы, арнаулы кеңесте. Өкімді бастықтың айтуынша, атаулы әрекет барысында қалыпты өмір ағысынан шығанда кетуге, күрмеуі қатты мәселелерді жан-жақты ойлануға мүмкіндік туады екен.
Берманның байқауынша, оқу ордасына екпетоғаймен келетін студенттердің есте сақтау қабілеттері базарлы көшемен жүретін қатарластарына қарағанда әжептеуір жоғары боп шыққан.
Дей тұра, Оңтүстік Каролина университетінің ғалымы Марк Берман өткізген ендігі бір зерттеу жаяу жүретін ортаның да айрықша маңызды екенін ескертеді. Берманның байқауынша, оқу ордасына екпетоғаймен келетін студенттердің есте сақтау қабілеттері базарлы көшемен жүретін қатарластарына қарағанда әжептеуір жоғары боп шыққан. Жаңалық емес. Психологтар адамның назары жылдам сарқылатын өлшеулі ресурс екендігін әлдеқашан анықтаған. Басқаша айтсақ, толқынды-толқымалы көшелер, ығы-жығы ғимараттар, тоқтаусыз ағылатын көліктер және әлем-жәлем жарнамалар – бәрі-бәрі адамның назарын бей-берекет тоқтатып, бар қаутынан айырады. Ал жасыл желек жамылған саябақтар, хош иіс аңқыған епетойғайлар, керісінше, мидың салқын ағыспен баяу жылжып, дем алуына жағдай жасайды екен.
Түйіп айтқанда, серпілуге, жаңана түрленуге себепкер сан түрлі метафораны ыстыққа күйдірмейтін, суыққа тоңдырмайтын автокөліктің ішінен көре алмайсыз. Шаруаңызды тезінен бітіріп, нысаналы жеріңізге жеделінен жетіп жатсаңыз да, келелі мәселелерді түкпірлеп ойлануға, өмірлік маңызы бар жоспардың сұлбасын сызуға мүмкіндік таппайсыз. Бір дулы ортадан екінші шулы ортаға үздіксіз қатынап, екі арада ес жиып деп алуға, тиісті қорытындылар жасауға жарамайсыз. Шаршайсыз, шалдығасыз, даңғыл жолдың ұштығын жоғалтып аласыз.
Ал жаяу жүрсеңіз... жаяу жүрсеңіз, денсаулығыңыз ғана жақсармайды, табиғатты бар бояу, нақышымен сезінуге мүмкіндік аласыз; көктің реңін, күннің жарығын, желдің жылдамдығын, үзіліп-талып жететін әр түрлі дауыстар мен дыбыстарды, бір сөзбен айтқанда, ұғымсыз ұштасқан айналадағы барлық құбылысты амалды-амалсыз байқайсыз. Жинақтап келгенде бұлар – басыңызды күл-қоқыстан тазартып, көкірегіңізді уайым-қайғыдан арылтып, креативті, төтенше ойларға серпін береді. «Жаяу жүре білсең, өмір сүре бісең, қадамды алшақ басып, ойың самғасын!» деп шырқайтын Серік Ибрагимов та соған меңзейді.
"Жаһан" журналы.
06. 2016 ж.