Жастық шақтың қадірі
Жастық шақтың қадірі
9 жыл бұрын 5873
Асқар Болатбекұлы

 اِغْتَنِمْ خَمْساً قَبْلَ خَمْسٍ: اِغْتَنِمْ شَبَابَكَ قَبْلَ هَرَمِكَ وَصِحَّتَكَ قَبْلَ سَقَمِكَ وَ غِنَاكَ قَبْلَ فَقْرِكَ وَ فَرَاغَكَ قَبْلَ شُغْلِكَ وَ حَيَاتَكَ قَبْلَ مَوْتِكَ

Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қарттық жетпей тұрып жас шағыңның; ауырмай тұрып денсаулығыңның; кедейлікке душар болмай тұрып байлығыңның және жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың; ажалың келмей тұрып тіршілігіңнің қадірін біл!

(Ибн Аббас пен Амр ибн Мәймуннан (р.а.) жеткен. Хаким, Мүстәдрак, 4/341; Ибн Әби Шәйбә, Мусаннаф, 7/77; Бәйхақи, Шуғабуль-иман, 7/263; Хильятуль-әулиә, 4/148)

 

Хадиске түсіндірме

Хадисте адам баласы көбіне-көп қадірін біле бермейтін бес нығмет жайлы айтылуда. Көп жағдайда, осынау баға жетпес нығметтердің қадірін олардан біржолата айырылып қалғаннан кейін ғана түсініп, санымызды соғып жатамыз. Алайда, болар іс болған соң, бекерге аһ ұрып, өкінгеннің пайда бермесі анық. Міне, сол себепті Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізді осынау нығметтердің қадірін дер кезінде біліп, оларды орынды пайдалануға шақыруда.

Аталмыш нығметтердің бірі һәм бірегейі адам ғұмырының ең қызықты әрі көзді ашып-жұмғанша өте шығатын ең қысқа кезеңі – жастық дәурен. Бұл ныметтің қадірін бәрінен де асарын асап, жасарын жасаған егде жастағы адамдар мен қарттар жақсы біледі. Иә, кәріліктің емі жоқ, Алла ғұмыр берсе, бүгінгі жастар ертең-ақ еңкейген қартқа айналады. Сонда олар да «кезінде біз де жас болған едік, шіркін, ол да бір дәурен екен-ау» деп, қайрылмасқа кеткен дәуренді еске алады. Баяғыда сондай дәурені өткен бір араб шайыры: «Шіркін, жастық шағым қайта келсе ғой! Мен оған қарттықтың маған не істегенін айтып берер едім» деген екен. Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали да жастық ғұмырын аңсап:

«Ей, менің нұрлы ғұмырым!

Жастығым, мөлдір тұнығым,

Ей, менің қыздай қылығым!

Төгіліп жібек тұлымың,

Бойыңды басып бұрымың,

Қай жерде жүрсің құлыным?!» – деп жырлаған. Алайда, пенде қанша өкінгенмен жаратылыс пен өмір заңы өзгермейді. Ендеше, нағыз мұсылман жастықтың желігімен ғапылдыққа бой алдырмай бұл өмірге не үшін келгенін, не істеу керектігін жан-тәнімен түйсініп, соған қарай әрекет етуі керек. Әсілі, адам өмірінің алдағы уақытта қандай арнамен ағатыны негізінен жастық шаққа байланысты. Жас кезінде арзан ойын-күлкіге салынбай бар қабілеті мен күш-қуатын пайдалы ілім алу, игілікті іс істеу һәм Раббысына құлшылық ету жолында жұмсаса, ондай жанның келешегі жарқын болмақ. Әйтпесе, Міржақып атамыздың: «жасыңда қалсаң мақұрым сан соғарсың, болмайды жаман нәрсе өкініштей» дегеніндей, жастық дәурен өткен соң сан соғып, аһ ұрғаннан жаман не бар десеңші?!

Тақырыбымызға арқау болған осы хадиспен мағыналас тағы бір хадисінде: «Жеті түрлі кедергіге кездеспей тұрып, мейілінше көп игі істер істеуге асығыңдар! Әлде сендер естен тандырар кедейлікті, азғындыққа бастайтын байлықты, берекені қашырар ауру-сырқауды, алжастырар кәрілікті, аяқастынан келетін ажалды, ғайыптан келетіндердің ең жаманы – Тажалды, не болмаса қиямет-қайымның орнауын күтудесіңдер ме?!»[1] – деген екен. Қарап тұрсақ, бұл хадисте де, кедейліктен бұрынғы мал-дүниенің, адамның берекесін кетіретін аурудан бұрынғы денсаулықтың, адамды алжастырар кәріліктен бұрынғы жастық шақтың, өлімнен бұрынғы өмірдің қадірін біліп, осынау нығметтерді барынша тиімді пайдаланып, көптеген игі істер істеп, мол сауап жинау керектігіне баса назар аударылуда. Ендеше, осынау нәтижеге қол жеткізуде қажыры мен қайраты мол албырт шақтың маңызы алабөтен. Өйткені, жас кезде ауру-сырқау, алжасу, байлықтың буына мас болу, кедейлік және өлім сынды кедергілерге кезігу қаупі қаусаған қарттық шаққа қарағанда әлдеқайда аз екені белгілі. Иә, жастық дәуренмен бірге денсаулық та, күш-қуат та, талап пен жігер де келмеске кетіп, онымен бірге өзге нығметтер де қол жетпес арманға айналады. Міне, жастық шақтың қандай үлкен нығмет екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

“Судың да сұрауы бар” демекші, о дүниеде Алланың алдына барғанда осынау нығметтерден сұралатынымыз тағы бар. Осыған орай, Алла елшісі: «Қиямет күні бірде-бір пенде төрт нәрседен сұралмайынша аяғын аттап баса алмайды: өмірін қалай өткізгендігі, жастық шағын қалай тиімді пайдаланғаны, дүниесін қалай тауып, қайда жұмсағандығы және ілімін қалай қолданғандығы (жайында сұралмайынша аяғын қарыс жерге аттап баса алмайды)»[2] деп ескерткен. Әсілі, ақыреттің қамын осы дүниеде жасауымыз керек. Бұл дүниеде не ексек, о дүниеде соны орамыз. Бұл дүние жалған болғанымен ақиреттегі шын өмірдің дәнегі осында егіледі. Сол үшін осы дүниеде берілген аталмыш нығметтердің әрбірін ендігәрі уысымызға түспейтін баға жетпес асыл дүниедей көріп, екі дүниеде де мәңгілік бақытқа қол жеткізу жолында тиімді пайдалануымыз керек. Өйткені, қиямет күні пенденің қандай да бір уәж айтатын құқығы болмайды. Осыған қатысты пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла Тағала алпыс жас ғұмыр берген пендесінің ешбір сылтауына құлақ аспайды»[3] деген.

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Осы жағынан қарағанда, адам баласы бейне бір судағы балық іспетті. Судағы балық көзін ашқалы су ішінде жүргендіктен судың қадірін білмесі анық. Ол судың қадірін балықшының қармағына немесе торына түскенде, яки қатты толқынмен жағалауға шығып қалғанда ғана біледі. Міне, сол сияқты біз де жарық дүниеге келіп, ес білгелі қисапсыз нығметтерді көріп келеміз. Өкініштісі, қандай да бір жақсылықтың қадірін одан айрылып қалғанда ғана түсініп жатамыз. Оның өзін лайықты түрде түйсінсек бір сәрі. Кейде Алла Тағала бізге қайсыбір жақсылықтың қадірін түсіндіру үшін оны бізден уақытша алып қойып, кейін қайтадан қайтарып береді. Сонда біз әлгі нығметтің қадір-қасиетін түсінгендей боламыз да, уысымызға қайта түскен соң пенделікпен бәрін ұмытып, баяғы әдетімізге басамыз. Дегенмен, пенде екенбіз деп, парықсыздыққа жол бермеуіміз керек. Өйткені, парықсыздық мұсылманға жат қылық.

Ендеше, үмбеті дегенде ет жүрегі езілген ардақты Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бізге айтқан осынау өсиетіне құлақ асып, қартаймай тұрып, жастығымыздың; аяқ астынан ауырып, сырқап берекеміз қашпай тұрып, есен-саулығымыздың; тақыр кедей болмай тұрып, қолымыздағы азды-көпті дүниенің; қауырт шаруаның астында қалмай тұрып, бос уақыттың; сондай-ақ бәрінен де қорқыныштысы – ажал келіп, жан алқымнан алмай тұрып, әрбір сәті қайталанбас өміріміздің қадір-қасиетін біліп, парқына жете білсек, өмірімізді мәнді өткізер едік.


[1] Тирмизи, Зуһд 3
[2] әл-Мәдхал илә әс-сүнән әл-кубра ли Бәйхақи 493.
[3] Яғни, көзі тірісінде пайғамбар жасына келгенше құлшылық жасамаған пенденің «тағы да біраз өмір сүрсем, құлшылық етіп, игі істер істер едім» деген сылтауы қабылданбайды.

0 пікір