Жастық шақ және құлшылық
Жастық шақ және құлшылық
9 жыл бұрын 5983
Асқар Болатбекұлы

سَبْعَةٌ يُظِلُّهُمْ اللَّهُ فِي ظِلِّهِ يَوْمَ لَا ظِلَّ إِلَّا ظِلُّهُ: إِمَامٌ عَادِلٌ وَ شَابٌّ نَشَأَ فِي عِبَادَةِ اللَّهِ عَزَّ وَ جَلَّ وَ رَجُلٌ قَلْبُهُ مُتَعَلِّقٌ بِالْمَسَاجِدِ وَ رَجُلَانِ تَحَابَّا فِي اللَّهِ اِجْتَمَعَ عَلَيْهِ وَ تَفَرَّقَا عَلَيْهِ وَ رَجُلٌ دَعَتْهُ اِمْرَأَةٌ ذَاتُ مَنْصِبٍ وَ جَمَالٍ فَقَالَ إِنِّي أَخَافُ اللَّهَ وَ رَجُلٌ تَصَدَّقَ بِصَدَقَةٍ فَأَخْفَاهَا حَتَّى لَا تَعْلَمَ شِمَالُهُ مَا تُنْفِقُ يَمِينُهُ وَ رَجُلٌ ذَكَرَ اللَّهَ خَالِيًا فَفَاضَتْ عَيْنَاهُ

«Алланың саясынан өзге бірде-бір пана табылмайтын қиямет күні Алла Тағала жеті түрлі адамды Өзінің саясына алады. Олар: әділ патша; бір Аллаға құлшылық етіп өскен жас; жүрегі ұдайы «мешіт» деп соғатын мүмін; бір-бірін Алла разылығы үшін жақсы көрген, Алла үшін бас қосып, Алла үшін айырылысқан екі дос; мансабы жоғары сұлу әйел өзіне аңсары ауып, ашына болуға шақырғанда: «Жоқ, мен Алланан қорқамын», – деп нәпсісін тізгіндей білген ер кісі; оң қолының не бергенін сол қолы сезбейтіндей дәрежеде садақасын жасырып беретін мәрт адам; сондай-ақ жападан жалғыз қалғанда Алланы есіне алып, жанары жасқа толған тақуа жан».

(Бұхари, Зәкәт 16/риқақ 24/худут 19; Мүслим, Зәкәт 91)

 

Хадиске түсіндірме
Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл хадис-те қияметтің қиын-қыстау күнінде Алланың дәргейінен пана табатын жеті түрлі адам жайлы айтып, олардың осынау шарапатқа бөленуінің себептерін де баяндаған. Расында, қияметтің қандай ауыр күн екенін баяндайтын аят та, хадис те жетіп артылады. Осыған орай, бірде хазірет Әбу Бәкір (р.а.) пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) мүбәрак шашына түскен ақты көріп: «Уа, Алланың елшісі! Ерте қартайдыңыз ғой», – дегенде, үмбетіне қамкөңіл пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Менің шашымды Һұд, Уақиға, Мурсәлат, Амма және Тәкуир сынды сүрелер ағартты», – деген екен. Өйткені, аталмыш сүрелер қияметтің күллі адамзат үшін өте ауыр күн болатынын баяндайды. Сол себепті, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) осы сүрелерді оқыған сайын үмбетінің қияметтегі жағдайын ойлап, қатты қамығатын еді. Міне, қияметтің қаншалықты ауыр күн болатынын осыдан-ақ аңғаруға болады. Ендеше, күллі адамзат ғарасат майданына жиналғанда, шыжғырған күн тас төбеден төніп, ми қайнатар аптап орнайтын, адамдар өз теріне өзі тұншығатын, Алланың саясынан басқа сая болмайтын алапат күнде Алланың құзырынан пана табу қандай бақыт десеңші! Алайда, осынау бақытқа қол жеткізу де оңай шаруа болмаса керек. Сондықтан, хадисте аталған жеті түрлі адамның қай-қайсысы болмасын Аллаға бойсұнуда әрі асау нәпсімен күресте ерекше табандылық танытып, ерен ерлік көрсеткен жігерлі жандар екенін көреміз.

Бұл арада негізгі тақырыбымыз жастар болғандықтан аталмыш жеті адамның біреуіне ғана тоқталмақпыз. Ол – бүкіл жастық шағын бір Аллаға құлшылық етумен өткізген жас.

Адам өмірін бір күнге ұқсатсақ, жастық шақ – бейне бір шуағы мен берекесі мол таңертеңгі уақыт сияқты. Ал егер бір жылға ұқсатсақ, онда ол – бар дүние дүр сілкініп, құлпыра бастаған көктем мезгіліне саяды. Міне, осыдан-ақ жастық шақтың адам өмірінің ең жарқын да, қызғылықты шағы болуымен қатар, алдағы бүкіл ғұмырдың іргетасы қаланатын маңызды һәм берекелі кезең екенін түсінеміз. Өйткені, кез келген адамның жас кезінде көрген-білгені, алған білімі мен тәлім-тәрбиесі және бойына сіңірген жақсы-жаман мінезі алдағы бар өмірінің қандай арнамен ағатынына ерекше ықпал ететін маңызды факторлар. Тіпті, мұның адам баласының о дүниедегі мәңгілік өмірдің қандай болатынына да әсер етуі бек мүмкін. Ендеше, осынау маңызды кезеңде қу нәпсіге азып, дүниенің өткінші қызығына елірмей, алтын уақытты тиімді пайдаланып, нәтижеде екі дүниенің де бақытына кенелу әр адамның өз ерік-жігерінің еншісінде.

Қызуы мен қызығы мол жастық шақта нәпсіге ермей бір Аллаға риясыз құлшылық еткен жас қисапсыз сауапқа кенеледі. Сауапқа кенелгені былай тұрсын, екі дүниеде де Алланың разылығы мен шексіз шарапатына бөленеді. Өйткені, ол құрбы-құрдастары нәпсіге азып, жалғанның қызығына батып жүргенде, оның да солар сияқты істеуге шамасы да, мүмкіндігі де бола тұра, асау нәпсісін ар-ожданына, албырт сезімін ақылы мен жігеріне жеңгізіп, бұл дүние мен ондағы бар қызықтың жалған екенін жан-тәнімен түйсінген күйде бір Аллаға мойынсұнды. Сондай-ақ ғұмырының ең берекелі шағын намаз оқып, ораза ұстап, маңдай терімен тапқан мал-пұлынан зекет-садақа беріп, жағдайы жетсе, умра-қажылыққа барып, Хақ тағалаға риясыз құлшылық етумен өткізді. Нәтижеде, құлдарының шын ниетпен істеген мысқалдай жақсылығының өзін жауапсыз, сауапсыз қалдырмайтын «Шәкур»[1] Алла жас та болса Жаратқан иесін танып, алдында құлдық ұрған пендесін қияметтің қиын күні панасына алып, шексіз мейіріміне бөлейді.

[1] Құлдарының шын ниетпен істеген мысқалдай жақсылығының өзін жауапсыз, сауапсыз қалдырмайтын, мысқалдай да болса, жақсылықтың қарымын еселеп қайтарушы Алла.

0 пікір