Жасаған амалдарыңа сеніп қалма!
Жасаған амалдарыңа сеніп қалма!
5 жыл бұрын 3195

Пенденің ешбір амалы оған берілген нығметтердің шүкіршілік борышын өтеуге жеткілікті емес. Сол себепті Алланың «салих» және «ариф» құлдары, тіпті пайғамбарлар да өз амалдарына тым қатты сеніп кетпестен, Алланың кешірімі мен рахымына бөлейне отырып, жауапқа тартылғанды қалаған.

Бір күні Алла Расулі саллаллаһу алейһи уә сәлләм сахабаларын шектен шығушылықтан аулақ болып, тұрақты түрде Аллаға деген құлдық өмірін сүруге шақырып былай дейді:

- Орта жолды ұстаныңдар! (Кітап пен Сүннет бағытында) тура жолда болыңдар. Әрбірің (тек) амалдарыңмен (Алланың жазасынан) құтыла алмайтындықтарыңды біліңдер, - дейді. Сонда Сахабалар:

- Сіз де құтыла алмайсыз ба, уа, Расулалла? – деп таңданып сұрағанда, Пайғамбарымыз (с.а.у.):

- Иә, мен де құтыл алмаймын. Бірақ Алла өзінің рахымдылығымен және мейірімділігімен мені кешірер болса, ол басқа! – деп жауап берді[1].   

Тағы бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Бір адам дүниеге келген күнінен бастап, ақтық деміне дейін Алла ризалығы үшін және құлшылық ниетіміне маңдайын жерден көтермей (құлшылықты үзбей орындауға) тырысса да, ол адам қиямет күні амалдарының жеткіліксіз екендігінің байыбына барады»[2].

Яғни, соншалық құлшылық еткен мүміннің өзі амалдарының о дүниеде құтылуға жетпейтіндігін түсінетін болады.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) түн ішінде ұзақ намаз оқығаны сонша, аяқтары ісіп кететін болған. Соның өзінде:

«Аллахым! Саған лайықты түрде Сені мадақтай алмаймын. Сен өзіңді қалай мадақтаған болсаң, Сен сондайсың!» - деп мінәжат етіп, адам баласының әлсіз екендігін білдірген[3].

Сондықтан біздің міндетіміз, әрқашан бар ынта-жігерімізбен құлшылықтарымызды орындау қатар, жасаған амалдарымызға толықтай сенім артпауымыз керек екен. Қорқыныш пен үміт арасында бола жүріп, үнемі Алла Тағаладан кешірім мен мейірімін сұрау арқылы, өз кеңшілігімен біздерді о дүниелік жазадан құтқарып, рахымына бөлеуін тілеп жүруіміз керек екен.

О, Раббымыз мойнымыздағы жауапкершілікке қажетті мөлшерде ынта-ықылас, қажыр танытуымызды нәсіп ет! Кемшіліктеріміз бен қателіктерімізді кешіріп, барлығымызды пейішке кіргізіп, Өзіңнің көркем дидарыңды көру нығметіне бөлегейсің! Әмин.


[1] «Сахих Мүслім» - Мұнафиқун. 76, 78.
[2] Имам Ахмад: «Мүснә». 4/185.
[3] «Сахих Мүслім» - Салат, 222.

0 пікір