إِنَّ الدّ۪ينَ يُسْرٌ، وَ لَنْ يُشَادَّ الدّ۪ينُ إِلاَّ غَلَبَهُ فَسَدِّدُوا وَ قَارِبُوا وَ أَبْشِرُوا وَ اسْتَعِينُوا بِالْغَدْوَةِ وَ الرَّوْحَةِ وَ شَيْءٍ مِنَ الدُّلْجَةِ
«Расында, дін дегеніміз жеңілдік. Діннен асып түсем деп тыраштанған адам бәрібір түбінде діннен жеңіліс табады. Ендеше, әр істе тура һәм орта жолды ұстаныңдар. Әр істі мейлінше кемеліне жеткізіп орындауға тырысыңдар. Міне, сонда қуана беріңдер. Сондай-ақ, Алладан жәрдем тілеп, таңғы және кешкі уақыттарды, әрі түннің соңғы бөлігін (екі дүниенің бақытына бөлену үшін) тиімді пайдаланыңдар».
(Әбу Һұрайра (р.а.) жеткізген. Бұхари, Иман 29; Нәсәи, Иман 28)
Хадиске түсіндірме
Хадисте хақ дін Исламның жеңілдік діні екеніне баса назар аударылып, орынсыз тыраштанып, дінді қиындатқысы келген адамның түптің түбінде опа таппайтыны тілге тиек етілген. Осы хадиспен мағыналас тағы бір хадисте пайғамбарымыз (сАллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Әр істе тура һәм орта жолды ұстаныңдар. Әр істі мейлінше кемеліне жеткізіп орындауға тырысыңдар. Біліп қойыңдар, араларыңнан ешкім жаннатқа тек амалымен кіре алмайды. Алланың ең жақсы көретін ісі – аз да болса жалғасын тапқан іс», – деген.
Құранда бұл хадисті қуаттайтын аяттар баршылық. Мысалы, “Бақара” сүресінің бір аятында: «Алла сендерге жеңілдік қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді»[1], – делінсе, енді бір аятында «Алла ешбір жанға шамасынан тыс міндет жүктемейді. Әркімнің істеген жақсылығы өз пайдасына және істеген жамандығы өз зиянына»[2], – деп айтылған. Сондай-ақ “Хаж” сүресінде: «Ол адамдар арасынан мына сендерді таңдады. Сендерге дін мәселесінде ешқандай ауыртпалық артпады», – делінген. Иә, бұл аяттар Құрандағы «мухкәмат» яғни, кез келген адам түсінетін мағынасы анық аяттардың санатына жатады.
Әсілі, дінде, әсіресе, құлшылық мәселесінде шамадан тыс тыраштанып, әсірелікке бой алдыру түптің түбінде пендені діннен бездіреді. Тіпті, мұндай әрекеттің әсіредіншілдің өзін ғана емес айналасындағы ел-жұртты да діннен бездірері даусыз. Бұл әсіредіншілдіктің адамның табиғи болмысымен толық үйлесім тапқан хақ дін Исламның рухына жат екендігінің айқын көрінісі. Иә, пенде қанша жерден тынбай құлшылық етіп, жатпай-тұрмай игілікті істер істесе де, дінді түгел қамтып, Алланың хақысын толық өтей де алмайды. Міне, сондықтан да, Алла елшісі (сАлла ллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетіне: «Біліп қойыңдар, араларыңнан ешкім жаннатқа тек амалымен кіре алмайды», – деп ескерткен. Себебі, адам баласы табиғатында әлсіз жаратылыс, яғни, осал тұстары өте көп, сонымен қатар, оның сол осал тұстарын жақсы білетін, үнемі оны сүріндірудің амалын іздейтін айлакес дұшпаны да бар. Сондықтан да, Алланың қолдауы болмаса, оның өз әуейіліктеріне, нәпсісіне және бітіспес дұшпаны әзәзіл шайтанға өз бетімен қарсы тұруы мүмкін емес. Осыған орай, Хақ тағала Құранда: «Алла сендердің жүктеріңді (яғни, сендер үшін дінді) жеңілдеткісі келеді. Өйткені, адам баласы өте әлсіз болып жаралған», – деген[3].
Кезінде, Хақ Тағаладан: «Аллаға (шексіз құдіреті мен ұлылығына лайық) тағзым етіп, Оған қарсы келіп, асы болудан барынша сақтаныңдар», – деген пәрмен келгенде, сахабалар күндіз-түні аяқтары ісіп, маңдайлары қажалып, жараға айналғанша құлшылық етіп, ақыры қатты қиналады. Кейін Алла Тағала оларға жеңілдік жасап: «Аллаға қолдарыңнан келгенше тағзым етіп, Оған қарсы келіп асы болудан шамаларың жеткенше сақтаныңдар», – деген аятты түсірген екен.
Иә, адам баласының бар қабілеті мен күш-қуаты шектеулі. Ал Алланың діні шексіз. Шектеулі жаратылыстың шексізді қамтуы әсте мүмкін емес. Міне, сондықтан да ардақты пайғамбарымыз (сАллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Діннен асып түсем деп тыраштанған адам бәрібір түбінде діннен жеңіліс табады», – деп ескерткен. Алайда, бұл мәселенің екінші жағы да бар. Ол – дінде әсірелік құп көрілмейді екен деп, селқостыққа жол беру. Әсірелік сынды селқостық та, мұсылманға жат қылық. Нағыз мұсылман осы екеуіне де бой алдырмай, екеуінің арасынан тура жол тауып, әр істі өз орнымен һәм жөнімен істей білген жан. Сол себепті, дінде тақуалықпен әрекет етуге болатындай, рұқсатқа сүйеніп әрекет етуге де әбден болады. Аталмыш қос жолдың қайсы бірін ұстасақ та дін аясында әрекет еткен болып табыламыз. Мысалы, Рамазан айында ауыз бекіткен адамға жеңілдік ретінде жол жүргенде ауыз ашуға рұқсат етілетіні белгілі. Десек те, Құранда тіпті жол жүрген кезде де «ораза ұстасаңдар өздерің үшін жақсы болады» деп, тақуалықпен әрекет ету мәселесіне де назар аударылғанын көреміз. Әрине, тақуалық жолын ұстаған адамның атқарған міндетінің қиындығына қарай сауабы да молырақ болары даусыз. Дегенмен, екі жағдайда да әсірелікке бой алдырмай, селқостыққа да салынбай орта жолды ұстаған абзал. Осыған орай пайғамбарымыз (сАллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Алла тақуалықты қалай жақсы көрсе, діндегі рұқсатқа сүйеніп әрекет еткен құлын да дәл солай жақсы көреді»[4], – деген.
Дегенмен, нағыз мүмін хадисте айтылғандай ниет еткен құлшылығы мен игілікті ісін мүмкіндігінше тиянақты әрі кемеліне жеткізе орындауға тырысады. Еш уақытта әсіресілтеушілік пен селқостыққа бой алдырмай, әр ісінде тура жолды ұстанады. Ертелі-кеш Хақ жолында еңбек етіп, әр ісінде бір Алладан жәрдем сұрап, медет тілейді. Бұл мәселеде күллі үмбетке өшпес өнеге шашқан саңлақ сахабалардың дені жастар еді десек, артық айтқан болмаймыз. Иә, олар мұрты жаңа ғана тебіндеп келе жатқан жас болса да, көкіректеріндегі бір Аллаға деген кәміл иманның арқасында дін жолында көрген небір қиындыққа мойымай, дін үшін Алла елшісімен (сАлла ллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге өздері туып-өскен қасиетті Меккеден қол үзуді былай қойғанда, қажет болса, дүниеден де қол үзуге бел буған жас қаһармандар еді.
Атап айтсақ, Ислам тарихында аттары алтын әріппен жазылған алғашқы сахабалар арасынан хазірет Әли Исламды қабылдағанда небәрі 10 жасында, Абдуллаһ ибн Омар және Убәйдә ибн әл-Жаррах 13 жасында, Уқба ибн Амир 14 жасында, Жәбир ибн Абдуллаһ және Зәйд ибн Хариса 15 жасында, Абдуллаһ ибн Масғуд, Хаббаб ибн әл-Әрәт, Зубәйр ибн Аууам 16 жасында, Талха ибн Убәйдуллаһ, Абдуррахман ибн Ауф, Әрқам ибн Әби әл-Әрқам, Сағд ибн Әби Уаққас және Әсмә бинт Әби Бәкір 17 жасында, Мұғаз ибн Жәбәл және Мұсғаб ибн Умәйр 18 жасында, Әбу Муса әл-Әшғари 19 жасында, Жағфар ибн Әби Талиб 22 жасында, Осман ибн Хуәйрис, Осман ибн Аффан, Әбу Убәйдә, Әбу Хурайра және хазірет Омар 25-31 жас аралығында еді. Иә, бұлар адамзат тарихындағы ең маңызды кезеңнің басты қаһармандары, хақ дін Исламның көгінде жарқырап, адасқанға жол сілтеген жарық жұлдыздар еді.
«Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмайды» демекші, нағыз мұсылман сахабалардай Алла жолында һәм елі мен жері үшін жас шағында бар күшін салып қызмет етпегенде қай кезде қызмет етеді?! Олай болса, бүгінгі жас үмбеттің ең басты міндеті Алла елшісінің (сАллаллаһу аләйһи уә сәлләм) пәк сүннетінің өлшемінен озбай, дінде һәм дүниелік істерде әсірелікке бой алдырмай, селқостыққа да салынбай орта жолды ұстанған күйде ақыл-парасатпен дін үшін, ел үшін адал еңбек ету.