Кедейдің бай адамдағы ақысы дегенде ойға көбіне көп материалдық жағынан қарасу жайы оралады. Бірақ, бұл онымен шектеліп қалмайды. Ең әуелі кедей де саналы адам, Құдайдың құлы, олай болса айтылған тыйымдар оған да қатысты. Мәселен, кедей көрші болса байда көршілік қақысы бар, туыс болса – ағайындық қақысы бар, мүмін болса – мұсылмандық қақысы бар, әке-шеше болса – ата-аналық қақысы бар. Әйтсе де тақырып жарлылық туралы болғандықтан, мәселе айналып келіп материалдық көмекке тіреледі.
«Ораза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс» деп Абай атамыз айтпақшы, байдың кедей алдындағы міндеттерінің бірі – зекет және пітір садақасын беру. Құран Кәрім:
«Олардың малдарында сұрағанның да, сұрамағанның да үлесі бар», - деп, мұны тайға таңба басқандай көрсеткен. («Зәрият» сүресі, 19-аят). Зекет пен садақа адамдардың бір-біріне материалдық көмек көрсетуінің таптырмас жүйесі.
Зекет араб тілінде «тазару», «көбею» сөздерімен мағыналас келеді. Бұл ғибадаттың қасиеті сонда, байдың мал-мүлкіне береке әкеліп, кедейді қос өкпеден алған жоқтықтан құтқарады және басқа да көптеген келелі мәселелердің шешуін табады. Ислам құқық ғалымдары нисап мөлшеріндей мал-мүлкі болғандар жыл толғаннан кейін зекетін беруі қажет дейді бір ауыздан. Өйткені, бұл жерде де кісі ақысы бар. Зекетін өтеуді себепсіз кейінге қалдыруға, кешіктіруге болмайды. Ханафи мәзхабынан басқа қалған үш мәзхаб та осы көзқараста.
Берілген зекет пен пітір кедейлердің қажеттіліктерін өтеуге жетпесе, байлардың тағы да нәпіл садақа бергені жөн. Ақырет азығы ешкімге аздық етпейді. Үйіне дүкеннен бірдеңе алып келе жатқан адам мұндайды алуға әл-ауқаты жетпейтін адамдарды көрсе, оларға дәм татыруы керек. Егер өзгеге ұсынуға жетпестей аз көлемде немесе өз жағдайы да мәз емес кісі болса, дүкеннен алған асын көпшілікке көрсетпей әкелгені дұрыс. Құрбан айтта сойылған малдың еті әуелі кедей-кепшікке таратылады. Осы орайда:
Көңілді шын ниетпен қойсаң аққа,
Тура жол, түзу бастар оңған жаққа.
Біреуді бай, біреуді жарлы қылған,
Пендесін әр күйменен сынамаққа.
Бай-кедей – бәрі бірдей Құдайға құл,
Біреуді кем қып қойған, біреуді мол.
«Бай кедейге ауыссын, қарассын» деп,
Шеберлікпен жаратқан құдіреті сол! – деген Мәшһүр Жүсіп бабамыздың өлеңінде ақиқат жатқаны анық.
"Ала жіпті аттама".