Иманның алғашқы жемісі - мейірбандылық!
Иманның алғашқы жемісі - мейірбандылық!
4 жыл бұрын 3037

Кәміл мүмін – көңілі кең адам. Мейірбандылық, жұмсақтық және қамқорлық оның ішкі жан-дүниесінің ең белгілі қасиеті.  

Расында, адам рухы жете алатын кемелділік дәрежесіне көтерілудің бірегей жолы – мейірбандық пен жұмсақтық сатыларынан өту.  

Күллі жаратылыстарға көрсетілетін мейырбандық – пендені Алла Тағаланың рахымдылық дариясында тірілтетін ерекше нығмет. Хадис-и шәрифте былай делінеді:

«Сендер жер бетіндегілерге мейірбандылық көрсетіңдер. С онда аспандағылар да сендерге мейірбандылық көрсетеді». (Тирмизи: «Сүнән»).

Осындай көңіл деңгейіне ие болғандар үнемі жарлы-жақыбайлардың арасында ешкімі жоқтардың қасынан табылып, мұңлы көңілдер мен үйлердің маңайында жүріп, Хақтың разылығын іздейді. Сонымен қатар олар бүкіл жаратылыстың панасы.

Расулалла (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мырзамыздың рухани тәрбиесінде жетіліп, осындай рухани бай көңілге ие болған Әзіреті Хасанның (р.а.) мына халі бұл мәселеге қандай жақсы өнеге десеңізші:

Бір күні Мединенің бақтарына жолы түскен Хасан (р.а.) сол жерден қара нәсілді бір құлды көреді. Құл қолындағы наннан бір үзім өзі жесе, бір үзімін алдындағы итке жегізіп жатыр екен.

Әзіреті Хасан (р.а.) Алла Тағаланың «Рахман» есімінің бұл құлдағы мейірімбандық көрінісіне қайран қалады. Осылай біраз уақыт оған қайран қалып тұрып қалады. Сонан соң оның көңіл байлығын, ішкі жан-дүниесінің тереңдігін білу үшін неге ырзығын итпен бөлісіп отырғанын сұрайды. Әлгі құл болса, асқан инабаттылығынан Әзіреті Хасанға басын көтеріп қарай алмайды. Сонда Әзіреті Хасан:

- Жігітім-ау, сен кім боласың? – деп сұрайды. Инабатты пенде басын алдына иіп:

- Әзіреті Османның ұлы Әбәнның қызметкерімін – дейді.

- Ал, мына бақ кімдікі? – деп сұрайды Хасан.

- Әзіреті Османның ұлы Әбандікі – дейді ол.

Тәңірдің берген рухани байлыққа толы ішкі-жан дүниесі бар әлгі пендеге жақын болу мақсатында Әзіреті Хасан:

- Бұл жерден кетіп қалма! Біраздан кейін қасыңа қайтып келемін, - деп сол жерден кетіп, бақтың иесі Әбанның қасына барады. Одан бақты да, құлды да сатып алады. Сонан соң қайта құлдың қасына барып:

- Жігітім! Сені сатып алдым, - дейді.

Бұл сөзді естіген құл құрметпен түрегеліп:

- Құп, тақсыр! Итағат – Аллаға және Расуліне, әрі саған – деп, шексіз құрмет көрсетеді.

Әзіреті Хасан әр сөзі адалдық пен тәсілімияттың белгілеріне толы болған бұл құлды естігенде, одан ары разы болып, терең сезімге шомылады.

Оның бұл адалдығына қарап, қайрандық сезімі асып тасиды. Өзін осыншалық терең сезімге шомылдырған бұл құлдың көңіл әлемінің көркемдігі мен сұлулығына қарап:

- Сен бұдан былай Алла үшін, азатсың! Ал, бұл бақты болса, саған сыйладым! – деп оны бостандыққа жібереді Әзіреті Хасан. (Ибн Мәнзур, «Мұхтәсару Тарихи Димашқ», VII,25).

Жүректің Аллаға және Оның Расуліне деген махаббат пен достықтың арқасында, осындай көңіл көкжиегіне жеткен бұл көрініс – неткен тамаша көрініс десеңізші!

Махаббат пен достық – фәни өміріміздің ләззаты мен шаттығы, тыныштығы мен қуанышы. Болмыстың қамыры махаббат ащытқысымен иленген. Махаббат қабілеті Құдай Тағаланың құлдарына тарту еткен ең үлкен сыйларынан. Сондықтан махаббатты лайықтысына қарай қарату аса зәрулік. Бұл әлемде махаббатты қарату қажет болған ең ұлық тарап – мейірім мен шапағат пайғамбары (с.а.у.) болған мырзамыз Мұхаммед ғалейһиссәләм болып табылады...

Шах Нақшибанд құддиса сиррух шексіз мейірбандықпен орындаған қызмет сатыларын және соның нәтижесінде қол жеткізген рухани байлықтың көріністерін былай баяндап берген:

«Ұстазым айтқан жолда ұзақ уақыт еңбек еттім. Барлық қызметтерді істедім. Көңілім биік  дәрежеге жеткені соншалық, жолда жүріп бара жатқанда Алланың қайсыбір мақлұғына кезіксем, алдында тоқтап, алдымен оның өтіп кетуін күтетін болдым. Бұл халім жеті жыл жалғасты. Бұл қызметтің нәтижесінде сондай рухани биіктікке жеткенім соншалық, олардың (жан-жануар т.б.) ыңырсыған күйде мұңлы дауыстарымен Аллаға жалбарынып, мінәжат еткендерін сезетін халге жеттім»...

Мейірбандылық – иманның алғашқы жемісі. Сондықтан ғашық болған күйі өмір сүрген кәміл де, нағыз мүміннің көңілі барлық жаратылысты құшақтап, қамтитын сопылық мектебі сияқты. Өйткені олар мейірбандықтың қайнар көзі болған иләһи махаббатты лайықты түрде ұғынып, күллі жаратылыспен дос болған. Күлі мақлұқатқа Құдай сыйлаған шарапат және мархамат (рахымдылық) назарымен қарай білу қабілетін игерген жандар...

«Бір насихат – Мың бір ғибрат» атты кітаптан.

0 пікір