Хадис: «Алла елшісі (с.а.у.) Ораза айт намазына шығарда міндетті түрде бірнеше құрма жеп шығатын...»
Хадис: «Алла елшісі (с.а.у.) Ораза айт намазына шығарда міндетті түрде бірнеше құрма жеп шығатын...»
2 жыл бұрын 3392
Дайындаған А. Қасым

Ардақты сахаба Әнәс ибн Мәлік (р.а.) былай деп хадис жеткізеді:

كانَ رسولُ اللَّهِ صلَّى اللَّهُ عليهِ وسلَّمَ لا يَغدو يومَ الفِطرِ حتَّى يأكلَ تَمراتٍ ، ويأكلُهُنَّ وِترًا

«Алла елшісі (с.а.у.) ораза айт күні (үйінен) бірнеше құрма жемей айт намазына шықпайтын (яғни, айт намазына шығарда міндетті түрде бірнеше құрма жеп шығатын). Құрманы тақ санда жейтін (яғни, үш құрма немесе бес, не, жеті құрма т.б.)»1.

Мұхаммед пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Құрбан айт күні айт намазына еш нәрсе жемей шықса, Ораза айт намазына керісінше, бірнеше Құрма жеп шығатындығын аталмыш хадистен көріп отырмыз. Және де сахабаның сөзіне қарасақ Пайғамбарымыз ол әдетін әр жылы тастамай орындайтын болған. Сондай-ақ, пайғамбардың (с.а.у.) айт намазға шығарда міндетті түрде бірнеше құрма жеп шығуы, ол амалдың Пайғамбарымыз үшін маңызды болғандығын білдіреді. Ендігі жерде оның мәні неде?

Алла елшісінің (с.а.у.) бұл әрекетінің мәнісін кей хадисші ғалымдар былай деп түсіндіреді:

«Пайғамбардың (с.а.у.) айт намазына шықпай тұрып құрма жеуі - халық арасында "айт намазға дейін ауыз бекіту керек" деген қате ойдың қалыптаспауын қамтамасыз еткен болып тұр».

Бұл өз кезегінде қазіргі біздің қоғамда жиі сұралатын «Ораза айт күні сәресі ішіп, ауыз бекітеміз бе?» деген сауалға да жауап болып отыр. Сүйікті Пайғамбарымыз айт намазына шықпай тұрып құрма жеуі арқылы: «Ораза айт күні сәресі ішілмейді, ораза айт күні ауыз бекітілмейді» дегенді ұқтырған болды. 

Басқа бір ғалым Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бұл амалын былай деп түсіндіреді: 

«Алла елшісінің ораза айт намазына шықпай тұрып, құрма жеуінің тағы бір мәні - Алланың бұйрығын орындауға асығуы болып табылады. Өйткені, Рамазан айында отыз күн ораза ұстауды міндеттеген Жаратушы Иеміз, Рамазан айы біте салысымен айт күні ауыз ашуды да міндеттеген. Міне, сондықтан, Пайғамбарымыз (с.а.у.) Алланың "айт күні ауыз ашу керек" деген міндеттемесін орындауды кейінге қалдырмай, таң ата салысымен айт намазына шейін тезірек жүзеге асырғанды жөн көрген болып отыр».

Бұнымен қатар, дәл құрманы жеп шығуының денсаулыққа да пайдалы тұсы жоқ емес екен. Себебі, отыз күн бойы ораза ұстағаны себепті көз жаңары әлсіреуі мүмкін, ал тәтті құрма көз жанарының қайта қалпына келуіне септігін тигізетін ұқсайды. Осыдан келіп кейбір тәбиғин ғалымдар, тек құрма ғана емес, ораза айт күні балдан да татып шығатын болған. (Тәбиғин - сахабаны көрген дін ғалымы).

Мұның бәрі, әрине құрма жемісін таба алған адамға қатысты. Ал үйінде құрмасы жоқ мұсылмандар құр ғана су ішіп шықса да сүннет амалын орындаған болады.

Демек, Ораза айт күні «айт намазына» шықпас бұрын, табылып жатса бірнеше құрма жеп шығу - Пайғамбарымыздың сүннеті екен. Үкімі - мұстахаб, яғни, ерікті амал, орындаса сауап, орындамаса күнәсі жоқ. Құрма таба алмаған кісілер, айт намазына шығарда су ішіп шықса да сүннетті жүзеге асырған болады. Сонымен қатар, Ораза айт күні сәресіге тұрып, ауыз бекітпейтіндігімізді де осыдан ұғынып отырмыз.

Алла Тағала Рамазан айындағы тұтқан оразаларыңыз бен жасаған құлшылықтарыңызды қабыл етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Имам Бұхари: «Сахих Бұхари». №953 хадис.

 

0 пікір