Ғапыл және өлі жүректердің белгісі
Ғапыл және өлі жүректердің белгісі
4 жыл бұрын 6743
Абдусамат Қасым

Ғапылдық деп – өзін жоқтан бар еткен Жаратушысын ұмыту және өлімді, ақыретті еске алмау десек болады. Бір сөзбен айтқанда: Ғапылдық - ақыреттік бейғамдық деген сөз. Жүрегінде ғапылдық пердесі пайда болған адам ақиқатты ұғына алмайтындай жағдайда болады екен.  

Әзіреті Мәуләна Ж. Руми өзінің бір сөзінде:

«Ақымақ адам әркімнің өлгенін ести тұра, өзінің өлетіндігін еш есіне алмайды...»,

- дейді.

Ғапылдық пердесі көкірек көздерін көр еткен адамдардың назарында өлім - тура бір басқа адамдардың тағдыры іспетті, өлімнің оған еш қатысы жоқ сияқты көрінеді. Өмірінде қаншама жаназа, қаншама жерлеу көріністеріне куә болса да ешқашан өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көрмейді. Өзінің де бір күні жаназасы оқылып, суық әрі қараңғы көрге кіретіндігін бір сәт те ойлағысы келмейді. Ажал оны айналып өтетіндей сезімде жүреді. Бір сөзбен айтқанда өлімнің мәніне үңіліп, одан ғибрат алмайды. Бұл болса, ғапыл және өлі жүректердің белгісі екен.

Исламның алғашқы жылдарында Мекке мүшріктері Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, егер ол ақырет жайында айтуын, харам нәрселерден тыюын және пұттарға тиісуін қойса, оны мойындайтындықтарын және оның соңынан ілесетіндіктерін білдірген еді. Бүгінде ақыретті естігісі келмейтін, өлімді еске алудан қашатын, ғибадат-құлшылықтан ұзақ, жауапкершіліксіз өмір сүргісі келетіндердің қатары аз емес. Рухани жұтаңдық тұрғысынан қарағанда құдды Исламнан алдыңғы надандық дәуіріне қайта оралғандаймыз.

Мысалы, қоғамда мешіт құрылыстарына қарсылық танытып, оның орнына басқа ғимараттар салуды артық көретіндер немесе мешіт мұнараларынан естіліп жататын азан дыбыстарынан мезі болғандарын айтып, шу шығарып жататындар кездеседі. Тіпті «мына азанның дауысы пәле болды, күнде ұйқы бермейді» дейтіндер де жоқ емес. Бұл олардың көкірек көздерін ғапылдық шелі басып, жүректерінің рухани өлгендігінің белгісі.

Өлімді еске алу көп адамның рахатын бұзады. Өлім туралы айта қалсаң «өлімді айтып қорқыта бермеңдерші» дейді. Мақсат қорқыту емес. Мақсат - ерте ме, кеш пе, дәм-тұзы таусылып, фәни (өткінші) өмірден, бақи (мәңгі) өмірге аттанатындығын есіне салу. Ақыреттік сапарына әзірлік жасай алды ма, жоқ па, сонысын ескерту. Бізге ескерту - міндет.

Бүгінде құдды құдайсыздық түсінігінен нәр алатын қоғамда өмір сүріп жатқандаймыз. Материалистік және капиталистік жүйенің ұсынған жарнамалары, сән және түрлі басылымдар мен теледидар арналары, бәрі  - адамның ақыретін ұмыттырып, о дүниесі жоқ бір дүниеде қалауынша өмір суруге баулуда. Мысалы, теледидар арналарының о дүние жайында, ақыреттегі есеп-қисап жөнінде сөз еткендігін көрдіңіз бе? Мәселен, елімізде кем дегенде 60-70 теледидар арнасы жұмыс істеп тұр. Бірде-біреуінде ақыреттік ескертулер айтылмайды. Керісінше басым көпшілігінен имансыздық самалы есіп тұр. Екі-үш сағат теледидар алдында отырсаңыз қасықтап жинаған иман нұрыңыздың бір пәсте қалай сарқылғанын байқамай қаласыз. Есеңгірейсіз. Өз-өзіңізге қайта келуіңіз үшін намаз оқып, біраз уақыт Құранды тиләуәттап, зікір-тәспихат айтуыңыз керек болып тұрады. Бір пәс теледидарға термілген діндар деген адамның өзі ондағы имансыздық самалынан есеңгіреп жатса, діннен ұзақ қандастарымыздың күйін ойлай беріңіз...

Бұл дүниенің өмірі қысқа екендігі сөзсіз. «Қамшының сабындай өмір», «жалған дүние», «алдамшы дүние» деген сөздер бекер айтылмаған. Өлім - хақ. Оны ешкім жоққа шығара алмайды. Біз қанша жерден «о дүниедегі» жағдайымызды ойлағымыз келмесе де, қанша жерден өлімді ойламауға тырыссақ та, бәрібір барар жеріміз сол жақ. «Аллаға қайтарыласыңдар», «Түбі барар жерлерің сол жақ» делінеді Құран аятында. Ал енді, шындыққа көз жұмып, өлім мен ақыретті ойламау арқылы құтылып кетемін деу – өз-өзін алдау ғана. Ешкім Алланың есеп-қисабынан құтыла алмақ емес. «Сол күні әр нығметтен әлбетте сұраққа тартыласыңдар» - делінеді Құранда. («Тәкәсур» сүресі, 8 аят).

0 пікір