مَا تَرَكْتُ بَعْدِي فِتْنَةً هِيَ أَضَرُّ عَلَى الرِّجَالِ مِنْ النِّسَاءِ
«Артыма ер адамдар үшін әйел затынан өткен жаман сынақ қалдырған емеспін».
(Усама ибн Зәйд (р.а.) жеткізген, Бұхари, Никах 17. Мүслим, Зикр 97)
Хадиске түсіндірме
Хадисте ер адамдардың әр кезеңде, әсіресе, ақыр заманда әйел затымен сыналатындығы және бұл сынақтың өзге сынақтарға қарағанда өте ауыр келетіндігіне баса назар аударылады.
Осыған байланысты Құранда Алла Тағала: «Әйелдер, балалар (әсіресе еркек кіндік), қап-қап алтын мен күміс, асыл тұқымды сәйгүліктер, төрт түлік мал мен егінжай сынды дүниелер адамдар үшін көздің құрты етілді. Әсілі, бұлар дүние тіршілігінің (өткінші) қызығы мен болмашы бұйым-боқшасы ғана. Расында, (адам жаны жай табатын) ең тамаша жай Алланың дәргейінде»[1], – деу арқылы адам нәпсісіне ұнайтын бірқатар дүниені жіпке тізіп, құлдарын олардан сақтандырған. Сондай-ақ аятта аталмыш нығметтердің ақиретте берілетін нығметтермен салыстырғанда баянсыз һәм уақытша екені білдіріліп, негізінде адал болған осынау нығметтер адам өмірінің басты мақсатына айналған жағдайда пендені Алланан алшақтатып жіберетіндей деңгейде қауіпті дүниелер екеніне назар аударылады. Аятта нәпсіге ұнайтын нәрселер тізбектелгенде ең алдымен әйелдің аталуы бізге бұл тақырыптың қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек.
Хадистегі «сынақ» сөзі – сын немесе еріксіз еліртіп әкетуші, азғырушы, арбаушы деген мағыналарға саяды. Демек, бұл хадистен әйел затының өз-өзіне, һәм ер адамдар үшін сынақ екендігін аңғарамыз. Себебі, әйел баласы жаратылысынан сұлулыққа әрі бойындағы сұлулығын жарияға паш етуге құштар келеді, ал ер адамдар болса, тумысынан сұлулыққа, әсемдікке құмар. Міне, сондықтан да бойындағы сұлулықты паш етуге деген құштарлығы себепті әйел баласы нәпсіге азып, ардан безсе, болмысынан сұлулыққа құштар ерлер абиыры ашылған әйелді көргенде мас болып, ерік-жігерден айырылып, оп-оңай жолдан таяды. Ендеше, хадисте әйелдің сынақ екендігі оны кемсіту немесе жазғыру мақсатында емес, керісінше, оның ардан безіп, тура жолдан тайған жағдайда һәм өзін, һәм өзгелерді құрдымға батыратындығын аңғарту үшін айтылған. Әсілі, бұл хадистің мәнін түсіну үшін бүгінгі таңда көшеде, теледидарда, журналдарда, ғаламторда, түрлі жарнамалар мен фильмдерде әйел затының ненің құралына айналғандығын көру жеткілікті. Жаратқанның Рахим (аса мейірімді) деген есімін паш етіп, өзгеге мейірім шуағын төгу үшін жаралған нәзік жандар жан сұлулығы және ар-ұждан тазалығымен емес, тек тәнімен, келісті кескін-келбетімен, сыртқы сұлулығымен ғана бағаланып, нәтижеде, қоғамда арсыздық пен күнә атаулының жайылуына себеп болып отыр. Олай болса, әйел затының ерлер үшін қауіпті сынақ болуы оның туа біткен болмысы мен кейбір іс-әрекетіне байланысты деп түсінген жөн. Имам Бұхаридің жоғарыдағы хадисті «арсыз жаман әйелден сақтану» деп аталатын жеке тарауға кіргізуі де тегін болмаса керек. Сонымен қатар, Алла Тағала “Тағабун” сүресінде: «Уа, иман еткендер! Әйелдерің мен бел балаларыңның арасынан сендерге дұшпан болатындар шығуы мүмкін. Ондайлардан сақ болыңдар!»[2] – деп бұйырса, пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде дүние нығметтерінің ең абзалы жақсы әйел екенін айтқан. Олай болса, жоғарыдағы аят-хадистерде әйел баласы бойындағы қасиеттеріне, жақсы-жаман мінезі мен іс-әрекеттеріне қарай бағалануда. Егер әйел жақсы болса, ер адам үшін бұл жалғанда одан асқан нығмет жоқ, ал егер жаман болса, онда оның бұл дүниеде ерлердің басына бәле келтіретін үлкен сынақ болары сөзсіз.
Әсілі, бұл мәселенің ер адамдарға да тікелей қатысы бар. Ер ер болудан қалса, әйел әйел болудан қалмағанда қайтеді?! Әйелдердің азғындап, бұзылуы негізінен ер адамдардың әлсіздігінен туындайды. Қандай да бір қоғамда ерлер ерік-жігерінен айырылып, әлсіздікке бой алдырып, нәпсінің жетегінде кетсе, әйелдің арбауына түспей қайда барады?! Міне сондықтан, ардақты пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «Расында, бұл дүние сондай тәтті әрі көздің құрты. Шынында, Алла бұл дүниенің тізгінін сендерге ұстатады һәм онда не істеп, не қоятындарыңа назар салады. Міне, сондықтан, қу дүние мен әйел затынан сақ болыңдар! Өйткені, Исрайыл ұрпақтары ұшыраған ең алғашқы бәленің себебі әйелдер еді»[3], – деп ескерткен.
Ендеше, әйел затының ерлердің басына бәле әкелетіндей сынақ болуы күнделікті өмірге көбірек байланысты айтылғанын ұмытпаған жөн. Бұл мәселеге әйелдер тұрғысынан қарасақ, олар өздерінің киім киісінде абиырлары мен әурет жерлерін жауып жүруге, жүріс-тұрысында, сөйлегенде, жұмыс бабымен немесе басқа да заңды себептермен өзгелермен қарым-қатынас жасағанда барынша әдептілік сақтауға міндетті. Әсіресе, бөгде ер адамдардың алдында жүріп-тұрғанда немесе сөйлегенде олардың құмарлығын оятып, елітіп әкететін жат әрекеттерге бармай, өздерінің ең басты байлықтарының ар-ұят екенін бір сәтке де естерінен шығармауы қажет. Міне сонда, әйелдер қауымы қоғамға зиян емес, тек пайда келтіретін, тыныштық пен бейбіт өмірдің ұйытқысы болатын, қоғамның аса маңызды бөлігіне айналады. Сондай-ақ ер адамдар да өз кезегінде, харам істен, харамға қараудан сақтану мәселесінде жігерлілік танытып, бойларындағы құмарлық сезімін сабырмен тежеп, сол арқылы сауапқа кенелудің амалын істеуі керек. Осыған орай, Құранның “Нұр” сүресінде Алла Тағала былай бұйырады: «(Уа, Мұхаммед!): Мүмін ер кісілерге айт: харамға көз салмасын (яғни, бөтен әйелдер мен өзге ер кісілердің әуретіне қарамасын)! Сондай-ақ, абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сол оларға әлдеқайда лайықты. Расында, Алла олардың не істеп, не қойып жүргендерінен толық хабардар. Мүмін әйелдерге де айт: Харамға көз салмасын! Абиырларын ашпасын әрі зинадан сақтасын! Сондай-ақ, еріксіз көрінетін жерлерін (яғни, жүздері мен білекке дейін қолдарын) айтпағанда әшекейлері мен сымбат-көріктерін көрсетпесін һәм орамалдарын омырауларына дейін түсіріп тартсын»[4].
Мүмін ерлер мен әйелдер бүгінгі таңда көздің жүрекке ашылатын терезе екенін, көзге түскеннің бәрі жүрекке де дендеп енетіндігін естен шығармауы ләзім. Міне, сонда ғана ерлер де, әйелдер де Жаратқанның «зинаға мүлде жақындамаңдар» деген пәрменіне тиісінше құлақ асып, мойынсұнған болады.
Осы орайда, тақуалықты ту еткен кейбір ғұламалардың ертелі-кеш дұғаларында: «Уа, Алла! Бізді әйел затының кесір-кесапатынан сақтай гөр! Бізді әйел затынан келетін бәле-жаладан сақтай гөр! Бізді әйел затымен сыналып, сүрінуден сақтай гөр!», – деп жалбарынуы әйел затының ерлер қауымы үшін үлкен сын екендігінің айғағы. Алла Тағала әйел баласын Өзінің теңдессіз жамалына айна етіп, нәзіктігімен, сұлулылығымен һәм түрлі қылығымен ер адамды баурап алатындай керемет кейіпте жаратқан. Сол үшін кейбір тақуа жандар қандай еркектің болса да құмарлық сезімін оятатын осынау ғаламат жаратылыс алдында жігері құм болып, нәпсіге азып тура жолдан тайып кетпес үшін Жаратқанға ертелі-кеш сиынып жүреді. Әйтпесе, мүміндер әйел баласына заты жаман немесе тек жамандық пен бәле-жала әкелетін кесір жаратылыс деп қарамайды. Осы тұрғыдан алғанда, әйелдің ер адам үшін сынақ болғанындай ер адам да әйел үшін дәл сондай сынақ болып табылады. Сондықтан, мүмін әйелдер де ерлер себепті басына келетін жамандық атаулы мен бәле-жаладан сақтану үшін Хақ тағалаға: «Уа, Алла! Бізді ерлердің кесір-кесапатынан сақтай гөр! Бізді ерлерден келетін бәле-жаладан сақтай гөр! Бізді ер адамдармен сыналып, сүрінуден сақтай гөр!», – деп сиынуына болады. Демек, бұл жалған сынақ мекені болғандықтан ер де, әйел де бір-бірімен сыналады. Құранда осынау үлкен сынақтан сүрінбей өтетін ерлер мен әйелдер былай сипатталады: «Аллаға мойынсұнған мұсылман ерлер мен мұсылман әйелдер; шын жүректен иман еткен мүмін ерлер мен мүмін әйелдер; (Хақ діннің барлық үкімдеріне) қалтқысыз бағынған ерлер мен қалтқысыз бағынған әйелдер; (сөздері мен іс-әрекеттері) түзу әрі шынайы болған шыншыл ерлер мен шынайы да шыншыл әйелдер; сабырлы да табанды ерлер мен сабырлы да табанды әйелдер; (Алланың алдында) өте ізетті әрі кішіпейіл болған ерлер мен сондай инабатшыл әрі кішіпейіл болған әйелдер; (Алла жолында мұқтаждарға) зекет-садақа беретін ерлер мен зекет-садақа беретін әйелдер; ораза ұстайтын ерлер мен ораза ұстайтын әйелдер; арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған ерлер мен арын сақтап, абиырларын күнәдан тыйған әйелдер; сондай-ақ, Алланы көп еске алатын ерлер мен Алланы көп еске алатын әйелдер (бар ғой?!) Міне, Алла осынау ізгі жандарға ерекше кешірім мен үлкен сый-сыяпат дайындап қойды»[5].
“Адам атаны сүріндірген Хауа ана” деген бүкіл батыс қоғамын жайлаған жалған сеніммен әйел затына адамзат тарихындағы ең алғашқы күнәға сеп болған бейбақ жаратылыс деп қарау – адамзат тарихындағы үлкен қателердің бірі. Осынау жалған сенімнің кесірінен орта ғасырдағы батыс қоғамы әйелге сенімсіз, алдап-арбағыш, тегі мен заты нашар жаратылыс деп қарап, оның етеккір көруін, жүкті болуын, толғақ қысып бала табуын аталмыш күнәсінің жазасы деп ойлаған. Сол жаңсақ сенімнің кесірінен орта ғасырдағы шіркеудің мұрындық болуымен қаншама кінәсіз жас қыз-келіншек адам айтқысыз азапқа душар етіліп, қыршынынан қиылғанына қарт тарих куә. Исламға дейінгі араб қоғамында да әйелдің жағдайы мәз емес еді. Ал исламға келсек, ондағы әйел баласына деген көзқарастың ер адамға деген көзқарастан еш айырмашылығы жоқ. Қасиетті Құран адами тұрғыдан алғанда ер мен әйелге бөле-жара қарамайды, керісінше, ол екеуіне бір жаннан жаралған, бірін-бірі толықтырушы, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын екі жарты бір бүтін жаратылыс деп қарайды. Құранның «Әйел» деп аталатын көлемді сүресінде: «Мейлі ер, мейлі әйел болсын, кімде-кім кәміл мүмін ретінде Алла бұйырғандай түзу, пайдалы және өзін һәм қоғамды түзетуге бағытталған игілікті істер істесе, міне, солар жұмаққа кіреді әрі титтей де әділетсіздікке ұшырамайды»[6], – делінсе, “Тәубә” сүресінде: «Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне шын жанашыр дос болып табылады. Олар елге ізгілікті, жақсылық жасауды бұйырып, жамандық атаулыдан тыяды. Намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақытылы оқиды, зекетті толық береді және Алла пен пайғамбарына әрдайым бағынады. Міне, соларды Алла арнайы түрде шексіз мейіріміне бөлейді»[7], – деу арқылы ер мен әйелдің Алла алдындағы дәрежесі тек ізгілікпен өлшенетіндігіне назар аударылады. Ал ер мен әйелдің болмысына байланысты бірқатар ерекшеліктеріне келсек, олар бірін-бірі толықтырсын, бір-біріне бауыр бассын деген мақсатта белгілі хикметпен берілген ерекшеліктер.
Әсілі, пайғамбарымыздың (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) үмбетін әйел затынан сақтандыруының басты себебі – ер мен әйелді бірдей жиренішті күнә зинадан сақтандыру. Ендеше, бұл хадис негізінен, егде кісілерден бұрын бойында шаһуаты мен күш-қуаты тасыған жастарға қарата айтылған десек қателеспейміз. Ардақты пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) жастарды жамандықтан тыйып, жақсылыққа баулуда теңдесі жоқ тәлімгер еді.
Бірде бір жас сахаба оның алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен күнә атаулының қай түрінен болмасын сақтануға бармын, тек әйелге деген құмарлығым біртүрлі басылар емес. Маған зина жасауға рұқсат етіңіз», – деп өтінді. Сонда мұны естіген жұрт оған зекіп, ұрыса бастап еді, Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оларды тоқтатып, әлгі жасты жанына шақырды да жай ғана: «Сенің анаң бар ма?» – деп сұрайды, ол «Бар», – дейді. «Қызың, әпке-қарындастарың бар ма?» – дегенде, ол тағы да: «Әрине бар», – деп жауап берді. Міне, сонда Алла елшісі (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм) оған зинаның қаншалықты жиренішті күнә екенін аңғарту үшін: «Ендеше, біреудің сенің анаңмен зина жасағанын қалайсың ба?» – деді. Ол: «Уа, Алланың елшісі! Сіздің жолыңызға жаным садаға, әрине қаламаймын», – деді. Сонда ол сөзін жалғап: «Біреу сенің қызыңмен немесе әпке-қарындастарыңмен зина жасаса жақсы ма?» – дегенде, ол: «Уа, Алланың елшісі! Сіздің жолыңызға жаным садаға, әрине жақсы емес», – деп жауап берді. Пайғамбарымыз (саллАллаһу аләйһи уә сәлләм): «сен зина жасайтын әйелдер де біреудің аяулы анасы, біреудің қызы, енді біреудің әпке-қарындасы емес пе?! Олар да сен сияқты аналарының, қыздарының, әпке-қарындастарының зина жасағанын қаламайды», – дегенде, әлгі жастың денесі тітіркеніп, тұла бойын кернеген құмарлығы су сепкендей басылды. Содан былай ол зина дегенді ойына да алмайтын арлы жастардың біріне айналды.
Асыл дініміздің ең басты мақсаттарының бірі – ер мен әйелді осынау жиренішті күнәдан тыйып, араларындағы қарым-қатынасты жаратылыс мақсатына сай реттеу арқылы қоғамды тегін білмейтін жетесіз ұрпақтан, аты жаман дерттерден, ар-намыстың аяққа тапталуынан және арсыздық атаулыдан сақтау. Міне, сонда ғана қоғамда тәртіп орнайды, текті һәм дені сау ұрпақ дүниеге келеді, арлылық пен өзге де адами құндылықтар жоғары бағаланып, адам «адам» деген атқа лайық болады.