Бұлай айту да үлкен қателік. Біріншіден, «ғибадат» сөзі дінге ғана қатысты нәрсе. Кез-келген бір іске ғибадат деп айту үшін Аллаһ немесе пайғамбар тарапынан бұйырылуы керек. Біле жүріңіз, Құранда да, сүннетте де «намаздың орнын жұмыс істеп, еңбек ету алмастыра алады» деген сөз айтылмаған. «Нұр» сүресінің 36-37 аяттарында: «Сауда-саттық адамдар үшін Аллаһты еске алуға, намаз оқуға, зекет беруге кедергі болмайды. Олар жүрек атаулы ауызға тығылған, көздер қан жылаған күннен қорқады» – делінген.
Жоғарыдағы аяттар жұмыс пен сауда-саттықтың намазға кедергі келтірмейтіндігінің айқын дәлелін көрсетіп отыр. Шынтуайтында әрбір адамға сауда-саттығын жасай жүріп, немесе түрлі шаруалар атқарумен қатар құлшылықтарын да толық орындауға мүмкіншілік бар. Бес уақыт намаз оқуды әмір еткен Раббымыз біздің жұмыс істейтінімізді, бала-шағаларымыздың барын ескермеген деу орынсыз. Ол барлығын да естуші, көріп-білуші екенін естен шығармайық.
Рас, жұмыс істеу ғибадат, тіпті ниетіңізге қарай барлық ісіңізді ғибадатқа айналдыруға болады. Дегенмен ақыретте алғаш сұралатын намазды оқып, адал еңбекпен нан тауып мамыражай тірлік кешкенге не жетсін?! Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Аллаһ елшісі (с.а.с.):
«Қиямет күні Аллаһтың алдына дүние тіршілігінде ірі тұлға болған еңгезердей бір алып денелі адам келеді. Алайда оның Аллаһтың алдында шыбынның қанатындай да (яғни қаңбақ құрлы) салмағы болмайды» – деген. (Сахих Бұхари). Өйткені дүниеде қанша бай болып, адамдар алдында беделді көрінсе де, ақырет қамын ойлап, Аллаһты күніне бес мәрте есіне алмағаны үшін ақыретте еш бағасы болмайды екен.
Нұрлан Сайлауұлы, Еркебұлан Ыбырайымұлы: "Намаз - діннің діңгегі".