«Ілімнің қақпасы» атанған хазірет Әлидің (р.а.) айтқан бір сөзі бар: «Ең қиын іс төртеу: ашуланып тұрғаныңда кешіре білу, таршылықта да көмек бере білу, оңаша кезде ұятты сақтау, қорыққанда да, үміттенгенде де ақиқатты ғана айту».
Ардақты сахабаның түйіндеп айтқан осы ойы расында да талдап көруге тұрарлық. Ашуланбайтын адам жоқ шығар. Дегенмен осы ашудың кесірінен ауыр қылмысқа барып, өмір бойы опық жеп қалған адамдар аз емес. Өйткені бабаларымыз ашу бар жерде ақыл тұрмайтынын айтқан. Іс-әрекетін ақыл басқармаған уақыттарда адам түрлі қателіктерге ұрынады. Ал Ислам дінінде ашуды баса білудің сауабы көп болатыны айтылады. Өйткені жайшылықтағы кешірімділіктен гөрі ашуланғанда кешірімді бола білудің артықшылыққа ие екенін сөзсіз. Анығында өзіңді жеңіп, алқымына тығылған ашуды баса білу кез келген адамның қолынан келетін іс емес. Ол үшін адамға берік иман, ақыл, байыптылық пен парасаттылық керек. Осы себепті хадисте ашуланғанда, өшін алуға шамасы жете тұра кешірген адамға қияметте дүйім жұрттың алдында хор қыздарынынан қалағанын таңдауға ерік берілетіні білдірілген.
Ал көмек жасау, қайыр-садақа беру – ол әр мұсылманның қайырымдылығына байланысты. Қайыр-садақаның маңызын білетін мұсылмандар көп жағдайда тиісті көмегін беріп жатады. Бұны сахабалар қоғамынан да жақсы байқаймыз. Әсіресе, ортақ іске жұмылғанда, әр сахаба қолынан келген көмегін аямайтын. Дегенмен жоғарыда жай уақыттағы емес, өзің де қиналып жүрген уақыттарда біреуге көмек бере білудің оңай еместігі тілге тиек етілген. Құранда да өзінен гөрі өзгелерді артық көрген сахабаның қасиеті мақталған. Расында, анық жомарт өзіндегі көптен аз берген адам емес, өзіне жетпей жатса да өзгеге қол ұшын бере білген жан. Пайғамбарымыздың да бір қасиеті – өзінде жоқ бола тұра, жоқ деп айта алмай, тауып беруге уәде ететіндігі болғаны тегін емес.
Мұсылман адам жай кезде де ар-ұятын сақтауы тиіс. Дегенмен оңашада, ешкім көрмеді-ау деген кезде де өзін көріп тұрған бір Алланың бар екенін қаперде ұстай білудің орны ерекше. Зылиха Жүсіп пайғамбарға ғашық болып, оңашада бөлмеге қамап, есік-терезені бекітіп жатып, өзі табынатын бір мүсіннің де бетін жапқан екен. Сонда Жүсіп (а.с.) «Сенің жалған құдайыңнан ұялып жатырсың, мен шын Құдайдан қалай ұялмаймын?!» деп арсыз істен басын алып қашқаны бар. Иә, Алла бәрін де біледі, бәрін де көріп тұрады. Ендеше, оңашада да әдепті болып, ұятты сақтай білудің маңызы зор. Өкініштісі сол, көп адамдар ел көзінше кейбір істі істемегенімен оңашада ол нашар істен бас тартпауы мүмкін. Ал шындығында оңаша кезде де жамандыққа жуымау керек. Ол бірақ оңай шаруа емес. Көптен қысылып адам өзін тежегенімен, жалғыз қалғанда өзін еркін сезінуі мүмкін. Бұндайда бәрін Алла көріп тұрғанын білу адамға көмектесетінін білген жөн.
Ал ақиқатты айту – әр мұсылманның қанына сіңісті қасиет болуы керек. Дегенмен басына қатер төнгенде көп адам жалған куәгер де болып, әуелгі сөзінен тайқып, өтірік те айтып жатады. Немесе әлденеден дәметкенде де сөзінде тұра алмай қалады. Міне, осындай жағдайларда мұсылман адам бәрібір сөздің ақиқатын ғана айтуы тиіс. Хадисте де өзіне зиян тиетінін білсе де бәрібір ақиқатты айтудан тайсалмау керектігі ескертілген.
Әрине, хазірет Әлидің (р.а.): «Ең қиын іс төртеу: ашуланып тұрғаныңда кешіре білу, таршылықта да көмек бере білу, оңаша кезде ұятты сақтау, қорыққанда да, үміттенгенде де ақиқатты ғана айту» деген сөзінің мағынасы терең. Дегенмен өмірде осы төрт мәселеге жіті мән беріп, өзін соған қарай тәрбиелей білген жанның кәміл мұсылмандыққа жақындары сөзсіз.