Disney компаниясының адамды шабыттандырар 3 сабағы
Disney компаниясының адамды шабыттандырар 3 сабағы
5 жыл бұрын 2736 bilim-all.kz/

1. «Неге?» деген сұрақты жиірек қойып тұрыңыз

Балаларыңыз бар болса немесе олармен көп сөйлесетін болсаңыз (немесе өзіңіздің кішкентай кезіңіз есіңізде болса), балалардың ең сүйікті сұрағы — «Неге?» екенін әлбетте білерсіз. Ересектер ол сұрақты әлдеқайда сирек қояды. Біз айғақтар мен байыпты деректерге жүгінуге үйреніп алғанбыз, бұл жақсы. Бірақ біздің бәсекелестеріміз де дәл сол ақпаратты біледі. Бұндай жағдайда көбірек нәрсеге қол жеткізу үшін бизнес-стратегияны қалай құрған жөн? «Неге?» деген сұрақты жиірек қоя беріңіз.  

Мысал ретінде адамның бір мейрамханаға не үшін жиі бара беретінін талдап көрейік:  

► Сіз неге сүйікті мейрамханаңызға бара бересіз? — Ол ыңғайлы жерде орналасқан, оған қоса тамақтары сапалы.  

► Бұл тағам сізге неге ұнайды? — Ол дәмді, қымбат емес.  

► Сонда да, маңайда ұқсас орындар көп болса да, сіз неге дәл осы мейрамханаға барып жүрсіз? — Бұл жердің қызметі жақсы.   

► Сізге бұл жердің қызметі неге ұнайды? — Жақсы сыйлайтындары сондай, көңілім жайланып шыға келеді.  

► Бұлай сыйлағаннан неге көңіліңіз жайланады? — Мейрамхана менеджері адамның атын есінде сақтап, күліп қарсы алады. Даяшылар ешқашан асықтырмайды және шын көңілімен күннің қалай өткенін сұрайды. Кейбіреулері тіпті әдетте қандай тағамға тапсырыс беретінімді де біледі.

► Бұл неге сізді қайта-қайта осы мейремханаға бара беруге мәжбүрлейді? — Бұл жерде өзімді отбасы мүшесіндей сезінемін, бұл қазіргі кезде өте сирек болатын жағдай.   

Қайта-қайта сұрақ қоя отырып, мекемеге деген көңіл бұрушылықтың себебі нақты бір тағамдар мен олардың бағасында ғана емес, сондай-ақ сол жерде өзіңді қалай сезінетініңе де байланысты екенін байқадық. Қай салада жұмыс істеп жүрсеңіз де, сіз үшін клиенттеріңіз бен олардың қандай сезімде болатыны бәрінен де маңызды болуы тиіс. Сонымен қатар «Неге?» деген сұрақ клиенттеріңізді жақсырақ түсініп алуыңызға сеп болады.  

2. Миыңыздың альфа-толқындарын іске қосыңыз  

«Егер жаңа ынталар пайда болмаса, жаңа идеялар да болмайды», — деп Walt Disney Company инновациялар және шығармашылық бөлімінің бұрынғы басшысы Дункан Уордл (Duncan Wardle) әлденеше рет айтқан. Шынымен де солай. Үнемі бір нәрсені істей беріп, сіз өзіңізді жаңа бірдеңе ойлап табу мүмкіндігінен айырасыз.  

Өзіңіздің әдет болып қалған күн тәртібін өзгертіп, миыңыздың альфа-ырғағын іске қосуға тырысып көріңіз. Ми толқындарының бұл түрі тыныш жағдайдағы сергектік күйде пайда болады. Ғалымдар олардың (альфа-толқындардың) жоғары деңгейлі креативтілікпен байланысты екенін дәлелдеді. 

Біз босаңсып, еркін жүрген кезде: ваннада, серуендеп жүргенде немесе жаттығу жасау кезінде басымызға керемет идеялар қонақтайды.  

Жұмыс күні ішінде альфа-ырғаққа ену былай тұрсын, тыныш отырып бір дем алудың өзіне уақыт болмай қалып жатады. Бұндай жағдайды өзгертуге тырысыңыз. Мысалы, Google компаниясының қызметкерлері уақыттарының 20% ойланып-толғануға жұмсай алады, осының арқасында Gmail, AdSense және «Google жаңалықтар» пайда болды.  

Альфа-толқындарды қолдануға болатын жұмыс жағдайын жасаңыз. Мысалы, команданың бүкіл мүшелерінің жиналысын бірлесіп істелетін жаттығуға ауыстырыңыз. Егер бұл сіз үшін асыра сілтеу болып табылса, жиналыс кезінде музыка ойнатып қойсаңыз болады. Сондай-ақ жиналыстарды ресми түрінен гөрі жай әңгімелесу ретінде өткізіп көріңіз.   

3. Әр адамның шығармашылық тұрғыда әлеуеті зор екенін есте ұстаңыз  

Шығармашылық — тек «креатившілердің» құзыреті деп білетін басшылар жиі қателесіп жатады. Бірақ бұндай әлеует әркімде де бар. Жасампаздық әлеуетінің көзі ашылуы үшін қолайлы жағдай тудыру қажет.  

Кеңсе дизайнын өзгертіп тастаңыз. Әр-алуан бөлімдерде істейтін адамдар бір бірімен кездейсоқ жолығып қалып, әңгімелесіп кете алатындай етіп жұмыс орнын құрыңыз. Дәл осындай аяқасты болған әңгімелер кезінде жаңа идеялар өте жиі пайда болып жатады.  

«Жақсы» идеяның түсінігін өзгертіңіз. Бір қарағанда қанша жерден ақылға қонбайтын болып көрінсе де, жұрттың ұсынғанын кері ысыра бермеңіз. Адамның қазіргі айтып тұрған идеясы нашарлау болса да, келесі идеясы керемет идея болып шығуы мүмкін. Оның идеяларын салған жерден сынап тастай берсеңіз, келесі жолы ол ойындағысын айтпай қоюы мүмкін.  

Пайымдау түрін өзгертіңіз. Басшылық немесе креативтік бөлім командадағы басқа адамдардан шығармашылық тұрғысында артық деп ойлаудың жөні жоқ. Компанияда бір біріне септесу, қолдау мәдениеті дамыған, ал адамдар бір бірін тең көретін болса, қызметкерлердің әлеуеті арта түседі.  

Технология + Креатив = Сыйқыр

Жасанды интеллекттің дамуына байланысты миллиондаған жұмыс орындары автоматтандырылады. Бірақ креативтіліктің құны арта береді. Бұл сіздің брендіңіздің суырылып алға шығуы үшін ғана емес, сондай-ақ кейін басқаларға жем болмауы үшін де қажетті ингредиент.  

Қазіргі өз командаңыздың тапқырлығын барынша қолдап, болашақта барлығыңыз бірлесіп өз сыйқырларыңызды жасау үшін командаңызға инвестиция салатын уақыт. Уолт Дисней айтпақшы: «Жоспар жасай беруге немесе әлемдегі ең ғажайып жерді түзуге болады. Бірақ арманды ақиқатқа айналдыру үшін адам қажет». 

0 пікір