Бүгінгі заманның ең үлкен қауіптерінің бірі — сенім мәселесіндегі жеңілтектік пен дүние үшін діннен бас тарту. Қазіргі таңда адам баласы бұрын-соңды болмаған сан алуан азғыруларға тап болуда. Егер адам өміріндегі ең маңызды құндылықтарға деген зейінін жоғалтса, ең басты байлығын — иманын саудаға салу ол үшін түкке тұрмай қалады. Бірақ мұндай «саудадан» кейін ол орны толмас үлкен шығынға ұшырайтынын аңғармай жатады.
Әбу Хурайрадан (р.а.) жеткен «Сахих Муслимдегі» хадисте Пайғамбарымыз ﷺ мұсылмандарға дүние қызығы діни міндеттерден жоғары тұратын заман келетінін ескерткен:
«Ізгі амалдарды жасауға асығыңыздар! Сондай бір аласапыран заман туады, ол кезде адам таңертең мүмін болып, кешке кәпір болып шығады. Немесе кешке мүмін болып, таңертең дінінен айырылып оянады. Өйткені ол өз дінін дүниенің өткінші байлығына сатып жібереді» ("Сахих Мүслім").
Дінді сатудың түрлері
Пәкістанның бас мүфтиі Мұхаммед Рафи Усмани бұл мәселені былайша түсіндіреді:
Дінді сатудың екі жолы бар дейді дін маманы:
- Ақша немесе басқа да пайда үшін Исламнан шығып, өзге сенімге өту.
- Дүниелік пайда үшін діни қағидалардан аттап кету. Мұндай адам мұсылман болып қала бергенімен, өте ауыр күнә арқалаған болады.
Жоғарыдағы хадис — бүгінгі қоғамның нақты диагнозы. Бұл «індет» қоғамның барлық қабатын, тіпті діни білімі бар жандарды да шарпып өтуде.
Адам үшін дүние бірінші орынға шыққанда, діннен шегіну ол үшін қорқынышты көрінбейді. Қазір белгілі бір адамдарға жағу үшін, мансапқа жету немесе мал жинау үшін жалған сөйлеп, қисық жолға түсу тым оңай болып кетті. Біз тіпті бұл ісімізбен дінімізді сатып жатқанымызды сезбей де қалуымыз мүмкін.
Мұндай кезде адамның алдында екі-ақ таңдау тұрады:
-
Дүниелік пайдадан қағылса да, дініне бекем болу;
-
Немесе керісінше әрекет ету.
Осы сәтте ақылмен шешім қабылдағандар ешқашан өкінбейді. Мұндай сынаққа тап боламын деген ойдың өзі бізді мазалау керек. Өйткені, бүгінгі таңда мұндай сынақтан сүрінбей өту — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алла Тағала мұндай жағдайда қате таңдау жасағандар туралы Құранда былай деген:
«Олар тура жолдың орнына адасуды сатып алды. Бірақ бұл саудалары оларға пайда бермеді әрі олар тура жолға түспеді. Олардың мысалы — от жаққан адам іспеттес. От айналаны жарық қылған кезде, Алла олардың нұрын алып кетіп, қараңғылықта түк көрмейтін күйде қалдырды» ("Бақара" сүресі, 16-17 аяттар).
Тарихтан тағылым
Дінге деген адалдықтың жарқын үлгісі ретінде имам Аффан ибн Мүслим Саффардың оқиғасын айтуға болады. Ол кісі атақты хадисші еді. Атақты болғанымен, өте кедей тұратын (дін ғалымдарының көбі кедей болған, өйткені дін мен мал-дүние тоғыса бермейді). Тіпті бірде үйіндегі қырыққа жуық адамын асырау үшін досынан тамақ сұрауға мәжбүр болған.
Сонда кейбір танитындар ғалымнан жергілікті билеушінің Құран туралы дінге қайшы келетін жалған пікірін қолдауын кеңес етеді. Алайда, ол түбегейлі ондай сорақылықтан бас тартады. Сонда олар қазынадан берілетін ай сайынғы жүз күміс ақша көлеміндегі жәрдемақысынан айырылатынын айтып қорқытады. Сонда имам оларға:
«Сендердің несібелерің әрі сендерге уәде етілген нәрселер - көкте» (Зәрият сүресі, 22-аят), — деген аятты оқып, жауап береді.
Ол үйіне оралғанда, аш отырған отбасы бас тартқаны үшін оны сөге бастайды. Алайда көп өтпей есік қағылып, бір бейтаныс адам имамға бір қалта күміс ұстатады да: «Әбу Осман! Сен Алланың дінін қалай сақтасаң, Алла да сені солай сақтасын! Мен саған бұл қаражатты ай сайын әкеліп тұрамын», — деді.
Түйін
Кім дінді қадірлесе, оны Жаратушы Иесі де қадірлі етеді. Ал кім дүние үшін дінін тәрк етсе, ең мұқтаж сәтінде Алла оны жәрдемсіз қалдырады.
Алла Тағала бізді мұндай ауыр сынақтардан сақтасын! Егер сынақ келсе, дүние қызығына алданбай, дінімізге берік болуға күш-қуат берсін. Әмин!
Дереккөз: askimam.ru
(Қазақшалаған islam.kz)