Абай атамыз бір өлеңінде:
Әуелі, мүмін болсаң, иманды бол,
Пендеге иман өзі ашады жол, – дейді. Демек, адам баласына көптеген игіліктің жолын ашатын – иман. Сіз иман арқылы айналаға басқа көзқараспен қарай бастайсыз. Яғни, әр нәрсені фәни дүниенің тар шеңберімен емес, ақирет атты шексіз әлемнің, мәңгі өмірдің өлшемімен өлшейтін боласыз. Бір Аллаға иман келтіріп, Оны еске алумен жүрегіңіз жай табады. Көптеген ғалымдар «Бақыт деген – жүрек тыныштығы», – дейді. Ал жүрек тыныштығына жетудің ең негізгі жолы – иман! Бұл ақиқат Құранда былайша баяндала- ды: «Міне, солар – иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүрегі жай табатын ізгі жандар. Ен- деше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!»
Өміріңізді ұлы мақсаттарға негіздеу арқылы жарқын болашаққа нық қадам басыңыз! Ол үшін бүгінгі күніңіз пайдалы істерге толы болсын. Себебі, пайдалы іске толы бүгінгі күніңіз – ертеңгі бақытыңыздың кепілі!
Кітаппен дос болыңыз! Кітап – нағыз адал дос. Ол сізді ешқашан сатпайды. Сізге тек қана пайда келтіреді. Ой-өрісіңізді кеңейтіп, өмірге деген көзқарасыңызды жақсартады. Адамның өзіне деген сенімін арттырып, замана көшінен қалмауға жәрдемдеседі. Өзіңізді, мына ғажайып әлемді танытатын да кітап! Оқылатын кітап пайдалы кітаптардан болсын. Пайдасыз кітаптан бас тартыңыз.
Өзіңізге ұнайтын спорт түрін өміріңіздің бір бөлшегі етіп алыңыз. Өміріңізде бос уақыт болмасын. Бұл сізді жалқаулықтан, еріншектіктен тосады. Әдемі формаңызды сақтап жүруге де көмектеседі.
Өміріңіз бір қалыпты (монотонды) болмасын. Демалыс күндерін, бос уақыттарды ұтымды пайдалана біліңіз. Күйеуіңізбен жиі серуендеуге шығыңыз. Шамаңыз келгенше өміріңізге жаңалық енгізіп тұрыңыз.
Ұқыптылыққа, тазалыққа қатты мән беріңіз. Бұл – сіздің көркіңізге көрік сыйлайтын фактордың бірі.
Қандай да бір қателікке бой алдырсаңыз, Алланың өте кешірімді әрі мейірімді екенін ұмытпаңыз! Бұл ақиқат Құранда былайша баяндалады: «Сондай-ақ олар жағымсыз іс істегенде немесе күнәға батып, өз-өздеріне қиянат жасағанда, бірден Алланы еске алып, күнәлары үшін кешірім сұрайды. Күнәларды Алладан басқа кім кешіре алады дейсің?! Сондай- ақ олар бір рет істеген күнәні әдейі қайта-қайта істемейді». «Олардың алатын сыйы (қарымы) Раббыларының кең кешірімі мен (жайқалған жасыл бауларының арасынан және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағатын жаннат бақшалары болмақ. Олар сонда мәңгі-бақи қалып, (бақытты ғұмыр кешеді). (Діннен) үйреніп-білгенін іске асырып, игілікті істер атқарғандардың алар сыйы неткен ғажап десеңші!»
Адамдарға жақсылық жасаңыз! Басқаға шынайы ықыласпен жақсылық жасау адамның өмірге деген құлшынысын арттырып, Алла алдында мол сауапқа кенелтеді. Өзгелер үшін қам жеген адам өз басындағы қиындықтарды ұмытып кетеді.
Ешкімді ренжітпеуге және өзіңіз де ешкімге ренжімеуге тырысыңыз. Сонда өмір сүруіңіз де өте жеңіл болады.
Қолда бар нығметтің қадірін біліп, Аллаға шүкір етуді үйреніңіз.
Жаман ойға берілуден сақ болыңыз. Жаман ойға көп берілетін адам өзінің айналасына да жаман көзбен қарай бастайды. Ойыңыз жақсарса, өміріңіз де жақсара түседі. Психолог мамандар: «Адам өзінің кім екенін білгісі келсе, ойлап жүрген ойына қарасын» – дейді. Жақсы ойда болыңыз!
Басыңызға қандай да бір қиындық келсе, ұмытпаңыз: қиындыққа тап болуда сіз жалғыз емессіз. Барлық адам өмірде белгілі бір қиындыққа тап болады. Әр адамның өзіндік проблемасы бар. Сіз одан да сол қиындықтан шығудың жолын қарастырыңыз.
Күнә атаулыдан барынша сақтаныңыз. Себебі күнә – қиындық пен түрлі бәле атаулының қайнар көзі.
Басқалар сізді түсінгенін қаласаңыз, сіз де оларды түсінуге тырысыңыз. Адамды бар кемшілігімен қабылдай біліңіз. Өйткені сіз де кемшіліктен ада емессіз.
Жарқын жүзді, жомарт болыңыз! Себебі, бұл екеуі адамға шаттық сыйлайды.
Бойыңыздағы кемшілік пен артықшылықтарды таныңыз. Сол арқылы бойдағы кемшілікті түзетіп, артықшылықты одан сайын дамытуға күш салыңыз! Қай іске ыңғайыңыз бар болса, сол іс арқылы өзіңізге де, басқаға да пайда келтіруді көздеңіз.
Өміріңізді ретке келтіріп отырамын десеңіз, бір сәт жеке қалып өзіңізден есеп алыңыз. Абай атамыз бұл жайында өзінің «Он бесінші қара сөзінде»: «Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» – дейді.
Қалтаңызда кішкентай қойын дәптеріңіз болсын. Өмірден түйгеніңізді, көрген-білгеніңізді, тың ойларыңызды жазып қоюға жақсы. Мұның өзі адамға ермек болатын дүние. Әсіресе тың ойларыңызды жазып отырыңыз, өйткені ол ой екінші мәрте қайтып келмеуі мүмкін.
Тіліңізге сақ болыңыз. Адам баласының «Он қателігінің тоғызы – тілден» екенін ұмытпаңыз. Бір хадисте: «Кімде-кім Аллаға және ақиретке сенсе, көршісіне жақсылық жасасын. Кімде-кім Аллаға және ақиретке сенсе, қонағын сыйлап, күтсін. Сондай-ақ, кімде-кім Аллаға және ақирет күніне иланатын болса, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – делінген.
Алланың бергеніне шүкір етіп, қолда бардың қадірін біліңіз. Қолда жоқ нәрсеге бола уайым жемеңіз. Өмірде бәрі бірден бола бермейді. Ол үшін сабыр қажет.
Өзіңізге ұнайтын, өзіңіз жақсы көретін адамдардың қасында болуға тырысыңыз және оларға жақсы көретініңізді білдіріңіз. Өзіңізге ұнамайтын адам- дар жайында жаман ойға беріліп уақытыңызды алып, өміріңізді құртпаңыз. Ол адамдар бәрібір сіздің олар жайында не ойлап жүргеніңізді білмейді. Айналып кел- генде, зиянды өзіңіз шегесіз.
Кейде өзіңізге ұнамаған нәрседе сіз үшін қайыр бар, ал жақсы деп ойлаған нәрсеңізде қайыр болмауы мүмкін. Бұл ақиқат Құранда былайша баяндалады:«Қайдан білесіңдер, бәлкім, ұнатпаған нәрселерің түбінде өздерің үшін қайырлы болар. Сондай-ақ ұнатқан нәрселеріңнің түбінде өздерің үшін зиянды болуы бек мүмкін. Ақиқатын Алла біледі, сендер білмейсіңдер».
Сіз тойып тамақ жейсіз, өмірде қаншама аш-жалаңаш жүрген адамдар бар!
Тыныш ұйықтайсыз, өмірде тыныштыққа зәру жандар қаншама!
Жып-жылы баспанада тұрып жатырсыз, өмірде далада қонып жүрген қаншама адам бар!
Сіздің бала-шағаңыз бар, өмірде бір балаға зәру боп отырған жандар қаншама!
Сіздің ата-анаңыз бар, өмірде қаншама жетімдер бар!
Алла сізге иман байлығын нәсіп етті, өмірде иман- нан нәсібін ала алмаған қаншама адамдар бар! Расында, Алланың нығметі шексіз! Санап тауыса алмайсыз.
Адам өмірдің құнын таусылғанда барып түсінеді. Өміріңізді бағалаңыз!