Ауызашар дастарханында болуы керек тағамдар
Ауызашар дастарханында болуы керек тағамдар
5 жыл бұрын 5274 ihsan.kz

Ауыз ашқан кезде алдымен құрмамен, сумен немесе сорпа, ет қосылған көкөніс тағамы сияқты жеңіл тағамдармен ауызашарды бастау керек.  Ас қорытуға 15-20 минут бөлгеннен кейін майы аз, отқа піскен етті тағамдар, бұршақ тұқымдастар, көкөніс тағамдары, салаттар, айран сияқты тағамдармен жалғастыру керек.

Ашығу кезінде адамның жүйке жүйесі, асқазаны тітіркенген жағдайда тұрады. Әлсіреп, шаршап тұрасыз. Сондай кезде, бірден қуырылған тамақ жеуге болмайды. Екіншіден, ащы тамақ жеуге тағы болмайды. Өйткені ашығу кезінде асқазандағы сөл көбірек бөлініп тұрады да, қышқыл бөлу деңгейі сәйкес келмей, астың қорытылуына кері әсерін тигізеді.

 

Рамазан айында жүйесіз тамақтанған адамдарда әлсіздік, депрессия, асқазан ауруы және ас қорыта алмауы, қан қысымының төмендеуі сияқты көптеген денсаулық проблемалары байқалуы мүмкін.

Сондықтан, бүгіннен бастап ащы, майлы, кофе сияқты тез шөлдететін, асқазанға салмақ түсіретін тағамдардан бас тартып, ағзаңызды жеңіл әрі құнарлы тағамдарға үйретіңіз.

Ас мәзіріңізден қою шайды, тәттілерді (кондитерлік өнімдер), газдалған сусындарды алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, қарныңызды тез аштырады. Оның орнына:

– талқан, тары;

– көкөністер мен жемістер;

– күріштен жасалған жеңіл тағамдар;

– қарақұмық, құрма;

– сұлы жармасы;

– табиғи шырындар: морс, каркаде, компот;

– жасыл көкөністер;

– кептірілген өрік, мейіз, жаңғақ;

– жалбыз шайы, көк шай;

– қызанақ, зәйтүн, арпа наны;

– сүт өнімдерін көбірек қолданыңыз.

Суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. Алайда, жатар уақытқа суды тым көп ішуге де болмайды. Тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз.

Сәресіге де уақыт пен орын қалдыруды ұмытпаңыз. Ауызашар кезінде орташа мөлшерде тамақтану Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннет амалына жатады.

Өз уақытында өз мөлшерімен ауызға салған тамақты асықпай жеу адамның өзіне, денсаулығына пайдасы мол. 

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) осы бір сүннетін барша сахабалары мен ізбасарлары  толық орындап келген. Және бізге үмметтеріне де осы қағиданы үлгі етіп қалдырған

0 пікір