«Әрбірің жауаптысыңдар»
«Әрбірің жауаптысыңдар»
11 жыл бұрын 4710
Алдаберген Үсен

Ардақты пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіндегі жауапкершіліктің салмағын жақыннан сезінетіндігі соншалық, «Хұд» сүресі түскен уақытта мүбәрак сақалындағы ақ талдар тез арада көбейіп шыға келген. Өзіне «Уа, Алланың елшісі, соңғы уақыттарда сақалыңызды ақ шалғаны көбейіпті» дегенде, «Мені «Хұд» сүресі қартайтты» деп жауап қатады. Қай аяты екендігі сұралғанда «Фастақим кәма ұмирт» «Өзіңе бұйырылғандай тура бол» (Хұд, 11/112).

Ең үлкен жауапкершілік адамы Пайғамбарымыз (с.а.у.) дінді насихаттаудың барлық сатысында тыңдаушыларының жауапкершілік сезіміне көңіл аудартып отырған. Өйткені жауапкершілік сезіміне ие адамдар анағұрлым саналы әрі мұқият әрекет етеді.  

Пайғамбарымыз кейде бүкіл мұсылмандардың қамтитындай, кейде аз немесе көп белгілі бір қоғамды қамтитындай деңгейде адамдардың жауапты екендіктерін білдірген. Кейде бір ғана кісіне жауапкершілігін еске салған. Ал енді осы тақырыпқа қатысты мысалдар бермекшіміз.  

Пайғамбарымыз қоғамдағы әр деңгейдегі кісілердің жауапкершілігі барын білдіріп, ешкімді одан шеткері ұстамаған. «Әрбірің бағушысыңдар әрі әрбірің қоластындағыларға жауапты. Мемлекет басшысы да бағушы. Қарамағындағыларға жауапты. Әркім отбасының бағушысы. Соларға жауап береді. Әйел күйеуінің үйінің бағушысы, әрі солардың бақылауына жауап береді. Қызметші қожайынның малының бағушысы, қолына табысталғандарға жауап береді. Әрбірің бағушы әрі әрбірің қарамағындағыға жауап береді».

Дінді насихаттап, жеткізу тұрғысынан да әр мұсылман жауапты етілген: «Кім бір жамандық көрсе, соны қолымен түзетсін. Күші жетпесе, тілімен түзетсін. Оған да күші жетпесе, тіпті болмаса жүрегімен жақамасын» деген хадис осы жауапкершілікті білдіруде.

Ілім үйрену мен үйретуге үлкен маңыз берген Пайғамбарымыз бұл мәселедегі іс әрекеттік шаралардан бұрын жауапкершілік қырағылығына көңіл бөлген. Бұл мәселедегі жауапкершілік ескертулері іс жүзінде де көрініс тапқан. Сондықтан бұл үдерісті бір жерде бастап, бір жерде аяқтау мәселе емес. Өйткені сол кезеңдегі қоғам да тұрақты түрде болмай, үнемі жаңаланатын, өзгеретін әрі дамитын қасиетте еді. Қоғамның мүшелері бір қалыпта тұрып қалмай, үнемі артқан. Бұл да қажетті мәліметтердің қоғамға жаңадан қосылғандар үшін қайталануын қажет етеді.

Пайғамбарымыздың әр қырынан жауапкершілікке тұспалдайтын көптеген сөздері бар. Білінгеніндей, бір әрекет жауапкершілік сезімімен реттелсе, мақсатына жетеді әрі пайдалы болады. Кері жағдайда жауапкершілікпен реттелмеген әрекеттен анархия мен хаос туады. Ардақты пайғамбарымыз да маңайындағы кісілерді жауапкершілік сезімімен жетілдіріп, оларды қоғамға пайда тигізетін азаматтар етіп қалыптастырған. Сахабалардың барлық іс әрекеттері мен өмір сүруінде Пайғамбарымыз тарапынан тәлім етілген жауапкершілік сезімінің іздерін көруге болады.

Пайғамбарымыз сахабаларына ақиқатты түсіндіруде жауапкершіліктер жүктеген. Сол сахабаларымыздың бірі хазірет Мұсғаб ибн Үмәйір (р.а.) еді. Меккелік дәулетті отбасының баласы болған хазірет Мұсғаб арықша келген, сыпайы әрі көрікті жігіт болатын. Ол отбасының бар байлығын тастап мұсылман болды.

Бірінші Ақаба сертінен кейін Мәдиналық мұсылмандармен бірге Пайғамбарымыз Құран оқыту мен Исламды үйрету үшін хазірет Мұсғаб ибн Үмәйірді жіберді. Хазірет Мұсғаб Мәдинада хазірет Әсад ибн Зүрараның үйінде қонақ болып тұрып жатты.

Бүкіл күш-жігерін Исламды түсіндіруге сарп еткен жауапкершілік адамы хазірет Мұсғаб Әсад ибн Зүрараның жолбасшылығымен Мәдинаның алдыңғы қатарлы адамдарымен жүздесіп, Исламды түсіндірді. Нәтижеде Мәдинада көптеген кісілер мұсылмандыққа өтті. Алайда кең түрде Исламды қабылдау үшін Мәдинадағы алдыңғы қатарлы кей кісілердің Исламды қабылдауы қажет еді.

Әус тайпасының басшысы Сағыд ибн Муаз әлі мұсылмандықты қабылдамаған еді. Ол кезде Исламды ұнатпайтын. Мұсғабтың дін уағыздау ісіне бөгет болу үшін өзі секілді тайпа көсемдерінің бірі Үсәйд ибн Хұдайырды жіберді. «Егер әпкемнің ұлы Әсад ибн Зүрара болмаса, мен оған не істеу керектігін білемін» деуді де ұмытпады.

Үсәйд ашулы күйде Мұсғаб пен Әсад отырған жерге келді. Әсад Үсәйдтің келгенін көргенде, Мұсғабқа оның тайпа басшысы екенін ескертті. Үсәйд келген бойды ашуланып былай деді: «Сендер неге келдіңдер? Өздігінен дұрыс шешім қабылдай алмайтын әлсіз біреулерді алдап, азғырып жатырсыңдар. Тірі қалғыларың келсе, бұл жерден дереу кетіңдер».

Хазірет Мұсғаб болса: «Арыныңды басып, сәл тоқта. Мына жерге отыршы. Айтқандарымды тыңда. Мақсатымызды түсін, ұнатсаң қабылдарсың, ұнатпасаң сол кезде жолымнан тосарсың», - деп өте сыпайы ғана тіл қатты. Үсәйд: «Дұрыс айтасың» деді найзасын жерге қадап, жандарына барып отырды.

Мұсғаб оған Ислам жайлы түсіндірді. Құраннан аяттар оқыды.

Үсәйд өзін ұстай алмай: «Мынау не деген ғажап сөздер», - деп тамсанды. Іле: «Бұл дінге кіру үшін сонда не істеу керек?» - деп сұрады. Мұсғаб пен Әсад мұсылман болу үшін жуыну, киімдерін тазалау, куәлік сөзін айту әрі намаз оқу керектігін айтты. Үсәйд айтылғандарды орындап, мұсылман болды. Сөйтті де «Мен барып сендерге бір кісіні жіберейін. Егер ол да иманға келсе, бұл аймақта иманға келмеген ешкім қалмайды» деп сол жерден кетіп қалды. Ол Сағыд ибн Муаз бен қауымына барды. Сағыд «Не істедің?» деп сұрады. Үсәйд былай деді: «Әлгі екеуіне айтылуы керек жайттарды айттым. Уаллахи, олардан бір оғаш қылық байқамадым». Сағыд «Сен маған көңілімді көншітетіндей хабар әкелмедің» деді де өзі тіке Мұсғаб пен Әсадтың жанына барды. Ашулы түрде: «Әй, Әсад, егер арамызда туыстық болмағанда, тайпамызға әкелген мына жаманшылығыңа шыдамас едім» деп қорқытты. Мұсғаб оған да сыпайы ғана «Сәл тоқтаңызшы. Отырып құлақ салыңызшы, егер айтқандарымды ұнатсаңыз, қабылдарсыз, ұнатпасаңыз сіз ұнатпаған жайтты біз сізге ұсынудан бас тартамыз» деді. Бұны естігенде Сағыд отырып, Мұсғабтың айтқандарына құлақ салып тыңдай бастады. Мұсғаб оған Ислам дінінің ерекшеліктерін түсіндірді, Құран оқыды. Құран оқып жатқанда Сағыдтың өңі бірден өзгеріп сала берді. Жүзінен иманның белгілері байқалды. Дереу: «Сендер бұл дінді қабылдарда не істедіңдер?» - деп сұрады. Хазірет Мұсғаб оған Ислам дінінің негіздері мен жөн-жобасын түсіндірді. Ол дереу куәлік сөзін айтып, мұсылман болды. Хазірет Мұсғабтың осындай сыпайы әдісі мен шынайы талпынысы арқылы Мәдинада Ислам дәріптелмеген шаңырақ қалмады.

0 пікір