Адам баласы Аллаға иман еткеннен кейін, Жәннаттан, Раббысының разылығынан үмітті болса, үлкен күнәлардан бойын аулақ ұстағаны жөн. Абдуллаһ ибн Аббас (р.а.) "Шура" сүресінің 37-аятындағы: "Олар үлкен күнәлардан және бос, мәнсіз істерден бойларын аулақ ұстайды, ашуланған кезінде өкпелерін іштеріне сақтайды, қасындағы адамның кемшіліктерін кешіреді" және "Нәжім" сүресінің 32-аятында айтылған: "Олар, жақсы адамдар, кіші кемшілік пен күнәлар болмаса да, үлкен күнәлардан, пайдасыз нәрселерден сақтанады. Сенің Раббыңның кешірімі ұлан-ғайыр", - деген аяттардағы үлкен күнәлардың мыналар екенін айтады:
- Аллаға серік қосу;
- Алланың рақымынан үміт үзу;
- Алла тағаланың азабына ұшырамайтынына сенімді болу;
- Ата-анаға қарсы шығу, туысқандармен байланысын үзу;
- Жазықсыз жанды және мұсылманды өлтіру;
- Ар-намысы таза, абыройлы, тұрмыстағы әйелге зина жаласын жабу;
- Жетімнің малына қол сұғу;
- Соғыс майданынан қашу;
- Пайыз алу;
- Дуа, сиқыр жасау және жасату;
- Зина жасау;
- Өтірік ант-су ішу және жалған куә болу;
- Соғыс кезінде мемлекетке түскен олжа мен мемлекет қазынасын жымқыру;
- Зекеттің жиналуына кедергі келтіру және зекет бермеу;
- Арақ ішу;
- Біле тұра намаз оқымау;
- Сөзінде тұрмау.