Көптеген адамдар өте ақылды, дарынды және еңбекқор, бірақ олардың қолынан түк келмейді. Ал ақыл-парасаты орташа, қабілеті аздау адамдар жетістікке жылдам жетіп жатады. Бұндай әділетсіздіктің себебі неде? Қалауына жетуге мүмкіндік бермейтін ақылдылардың батылсыздық тұзағы.
Өзіңізді бір орыннан жылжи алмай тұрып қалғандай сезініп жүрсіз бе? Сілікпеңіз шығып, құр айналып жүгіріп жүргендей сезім бар ма? Көптеген ақылды, білікті және еңбекқор адамдардың проблемасы неде? Неге олардың қолынан түк келмейді де, таланты мен ақылы аздау адамдар көбірек табысқа жетіп жатады? Себебі біреу-ақ. Бұл батылсыздық тұзағы.
Ақылды, қабілетті адамдар әрекетсіздік, ұзақ талдап-сараптау, жағдайды басқаша ойлап көру және қолайлы сәтті күту деген батпаққа батып қалған. Ақылы мен қабілеті төмендеу адамдардың жетістікке жетуіне олардың белсенді ұстанымы мен жылдам әрекеті себеп болады. Іс жүзінде кез келген әрекет тартыншақтық пен батылсыздықтан анағұрлым тиімді.
Ақылдылардың батылсыздық тұзағы
Қате әрекеттен гөрі, батылсыздықтың кесірінен көбірек жоғалтасың.
Сопрано әулеті
Ақылы аздау адамдар мүмкіншіліктің бәрін көре бермейді. Олар анығырақ, тиімдірек болып көрініп тұрғанды таңдай салады. 2-3 есіктің ішінен дұрыстауын таңдайды да, алғай қарай зырылдап жылжи береді. Олар қателесіп, маңдайын соғып жатады, дегенмен алға жүре береді.
Ақылдылау, зиялылау адамдар басқаша әрекет етеді. Олардың көрген есігі мен әрекет нұсқаларының саны көбірек. Нәтижесінде олар көптеген нұсқаларды қарастыра бастайды, алдағы жасалар қадамдардың түр-түрін ойластырып, ең қолайлы сәтті күтуге кіріседі.
Ақылды адамдардың сарабы мен талдауы көп, бұл өз кезегінде ақпараттың көбейе түсуіне, соған байланысты есептің одан сайын күрделенуіне апарып соғады. Ал шексіз талдау әдетте шешімнің қабылданбай қалуына себеп болады. Есептеуде белгісіздік пен кездейсоқтық өте көп, ал ақылдылар мұндайдан сескенеді. Ақылды адамдар шешім қабылдағанның өзінде, көбіне кешігіп қалады. Ол кезде пойыз кетіп қалған.
Өмірде табысты болу үшін шешім жасаудың маңызы
Үрейлі және арманшыл батылсыздық жалқаулыққа ереді де, шарасыздық пен кедейлікке себеп болады.
Уильям Шекспир
Сол себепті ақылды адамдар қаламайтын нәрсемен айналысып, мамандығын немесе қам-қарекет саласын өзгерте алмай жүреді. Сондықтан ақылды адамдар болашағы мүлдем жоқ, жалақысы мардымсыз жұмысты істеп жүре береді. Осылайша талантты адамдар, мегаполис немесе астанаға кетіп, өз армандарын жүзеге асырудың орнына ауыл мен шағын қалаларда өмірін өткізуде.
Ойланып, болуы мүмкін нұсқаларды есептеу жаман емес. Бір жерде тоқтап, қажетті шешімді қабылдамау жаман. Өмір бойы батылсыздық тұзағынан шыға алмау жаман.
Дұрыс шешімді қалай жасау керек?
Ойланып-толғануға жаратылатын ең ұзақ уақытты белгілеп қойыңыз: бір күн, бір апта, бір ай.
Шешімнің жақсы/жаман тұстарын, перспективасы мен қатерлерін талдап, қарастырып шығыңыз.
Шынайы жалпы ахуалды көре алу үшін жағдайды бейтарап, әділ қарастыру.
Қысқамерзімді пайда мен күмәнді ұсыныстарға қызықпау, жоламау.
Ұзақмерзімді перспективаға және болашақ нәтижеге назар салу.
Шешім қабылдауыға ықпал ететін факторларды қарастырып шығу, оларды талдау.
Қолда бар ақпаратқа сүйеніп, бірнеше үздік шешімді таңдап алу.
Жақсы ақыл-кеңес бере алатын табысты кісімен ақылдасу.
Жақсы нұсқаларды егжей-тегжейлі, жете ойластыру.
Ойланып-толғанатын уақыт аяқталды ма? Үрей мен батылсыздық кедергі болуға тырысады.
Қазіргі сәтте ең дұрысы деп қабылдаған шешімді үзілді-кесілді (қайтарымсыз) қабылдау.
Шешім қабылдау әрдайым тәуекелді, екіұшты болады. Бірақ одан өткен қауіп-қатер — еш тәуекел етпей, өмір бойы батылсыздық батпағында өмір сүру.
Батылсыздық пен әрекетсіздікті емес, іс-әрекетті қару ет. Өзіңе ойлануға бір күн, бір апта немесе бір ай бер де, сосын шешім жасап, іске кіріс...
Дереккөз: bilim-all.kz