Ақылдасу – мұсылмандық қасиет
Ақылдасу – мұсылмандық қасиет
10 жыл бұрын 8743
Алдаберген Үсен

Ақылдасу дегеніміз, адамдардың белгілі бір мәселеде пікір алмасып, дұрыс шешім қабылдау мақсатында өзгенің кеңесіне жүгінуін білдіреді. Ұлы Жаратушы Құран Кәрімде: «Олар үшін жарылқау тіле және істеріңді олармен ақылдас» (Әли Имран, 3/159) және «Істерін ақылдасу арқылы шешеді» (Шура, 42/38) деу арқылы шешім қабылдамай тұрып мұсылмандарға ақылдасып алу керектігін бұйырған. 

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) хазірет Әбу Бәкір мен Омарға былай дейтін: «Егер сендер екеуің ақылдасып, ойларың бір жерден шығып, шешім қабылдасаңдар, мен сендерге қарсы болмаймын, қайта келісемін». «Ақылдасқан адамның ешқашан өкінбейтінін» ескерткен Пайғамбарымыз әрдайым үмбетін ақылдасуға шақырған. Өзі де Бәдір шайқасында Әбу Суфиянның әскерінің келіп қалғанынан хабар алған сәтте қандай сақтық шараларын жасайтынын белгілеуде аңсар сахабаның ұсынысына құлақ асқан. Бәдірмен қоса Ухуд пен Хәндәк шайқастарының алдында, Худайбияда, Айша анамызға жала жабылған оқиғада және азан мәселесінде болсын сахабаларымен үнемі ақылдасып отырды.

Бір хадистерінде: «Ешбір қауым ақылдасудан қор болған емес», - деп ескерткен ол  бір мәселеде жеке адамның қателесуі мүмкін, алайда бір топтың, қауымның бәрі бірдей қателесуі мүмкін еместігін алға тартады. Бұған қоса, ақылдасу Алла Тағаланың әмірі әрі сүйікті Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сүннеті. Ата-бабаларымыз да бұл мәселеде: «Ұлы сөзді тыңдаған ұлы асуларды асады» немесе «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп ақылдасудың қажет іс екендігін шегелеп айтқан.

Лұқман хәкім: «Ойға алған ісіңді алдымен жөн білетін, тәжірибелі кісімен ақылдас, өйткені ол өзіне табыс көзі болып отырған бағалы ой-пікірлерін саған тегін береді» дейді. Кімде-кім қаншалықты ақылды әрі тәжірибелі болса да іс-әрекеттерін ақылдаспай істейтін болса, онда ол адам қателеседі. Өйткені, ақыл мен ой-өріс тұрғысынан адамдардың озық ойлысы Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі істерін ақылдасу арқылы шешкен. Кез-келген мәселені ақылдасып шешудің ең кәміл үлгісі «Алтын ғасырда» сахабалардың өмірінен көрініс тапты. Содан бір мысал:

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Бәдір шайқасының алдында өздеріне ең жақын құдықтың маңайын тұрақтайтын орын етіп алуды қалайды. Осы кезде сахабалардың арасынан хазірет Хубаб әл-Жумух Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп былай дейді:
– Уа, Расулаллаһ! Бұл жерді таңдауыңның себебі Ұлы Алла Тағаланың бұйрығы болғандықтан ба, әлде, бұл өзіңнің жеке көзқарасың немесе соғыс тәсілі ме? – деп сауал тастады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Жоқ, бұл менің жеке пікірім әрі соғыс айлам, – деді. Сол кезде сахаба:
– Олай болса, уа, Расулаллаһ! Бұл жер ыңғайлы орын емес. Одан да дұшпанымызға ең жақын тұрған құдықтың жанына барып орналасайық. Сөйтіп, қалған құдықтардың барлығын бекітіп тастайық. Сонда дұшпанымыз сусап, әлсірейді, – деп пайдалы кеңес айтады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):
– Бұл ойың дұрыс екен, – деп, оның пікірін қуана қабылдайды.

Иә, ақылдасу Құранның тікелей әмірі, сол себепті бұл жеке өзі ғибадат болып есептеледі. Құран Кәрімді өзіне жолбасшы тұтқан жан бұл бұйрыққа мойынсұнуы қажет, кез-келген мәселені ақылдасу арқылы шешуге талпынуы ләзім.

Ақылдасудың бір мағынасы адамдар өзара бір-бірлерімен кеңесуге мұқтаж деген сөз. Басқалай айтсақ, бірін-бірі жақсы көретін, бірінің пікірін бірі құрметтейтін адамдардың бірігіп бір мәселені шешуі. Ал, сол шешілуі керек болған істің маманымен ақылдасқан жан жанындағы өзімен бірге істейтін адамдарды көзге ілмейді, оларды қажетсінбейді және өз пікірін олардың пікірлерінен әрдайым жоғары қойғандықтан олардың берген кеңесіне құлақ аспайды деген сөз.

Ешкімді керексінбейтін адамның болмайтыны секілді басқалардың ақылын керек етпеген адамда міндетті түрде осалдық болады, істерінде нұқсандықтар мен кемшіліктер кетеді. Ал, бұл жалғыз адам үшін шынында да қауіпті. Ақылдасуға маңыз беріп, оны өзінің өмірлік ұстанымы ету бұл асылында кемістік емес. Керісінше, бұл адамның парасаттылығын және істер ісін сапалы жасауды көздеген ақылды адамның ісі.

Имам Ғазали былай дейді: «Ақылдасқан адам ақиқаттан мақұрым қалмайды». Өкінішке ұрынбас үшін кез-келген мәселеде шешім қабылдамай тұрып міндетті түрде ақылдасу қажет. Мұсылман адам жеке басына қатысты істерде болсын, қоғамдық істерде болсын ақылдасып шешуге тиіс. Өйткені, бір адамның ақылымен ойлап қабылданған шешім мен он адамның ақылының ойласып қабылдаған шешімі әлбетте бір дәрежеде болмайды. Ендеше, ақылдасусыз еш нәрсе істелмеуі керек. Ақылдаспай іс істегендер өз ақылдарына жүгіне отырып шешім қабылдайды. Бұлай әрекет еткен жағдайда адамның қателесу ықтималы жоғары. Сондықтан да мүмин адам әрбір нәрсенің алдында өз ақылы мен тәжірибесіне ғана емес, ақылдасуға, әріптестердің кеңесіне құлақ асуы ләзім.

Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.а.у.) Ұлы Жаратушымен тікелей байланыста болып, әрбір ісіне жолбасшы ретінде күнделікті уахи келіп тұрса да үнемі сахабаларымен кеңесіп, көпшіліктің ақылдасуымен қабылданған шешімді жақтайтын. Алла елшісі (с.а.у.) кейде өзінің көзқарасы бойынша шешім қабылдаса, кейде сахабаларының айтқан пікірлеріне құлақ асып, соны орындайтын. Ақылдасудың бір ұтымды жері ақылдасудың нәтижесінде қабылданған шешім ақылдасуға қатысқан адамдардың барлығының ортақ шешімі болғандықтан, олардың да бойына белгілі бір дәрежеде жауапкершілік артады. Бұл адамды жауапкершілікті сезінуге итермелеп, нәпсісін тәрбиелейді.   

Сүйікті Пайғамбарымыз (с.а.у.) ақылдасу мәселесіне ерекше мән берген. Бір іске көпшіліктің бірдей кірісуіне ықпал жасады. Бір мәселеге қатысты шешім қабылдау барысында пікір білдірген кез келген жанда сол істің сәтті өтуіне атсалысуға деген ынта да оянады.  

0 пікір