Танымал болу
Танымал болу
10 жыл бұрын 11090
Қайрат Жолдыбайұлы

Бақыт деген жақсы көршім бар. Өз ісіне ұқыпты, бес уақыт намазы түгел иманды азамат. Сол көршім екеуміз қан алу арқылы емдейтін бір кісіге бірге баратын болып шештік. Жол жөнекей Бәкеңнің бір танысы ұшырасып қалды. Қал-жағдай сұрасқаннан кейін Бәкең танысына мына кісіні таныстырып қояйын:  "Қайрат Жолдыбайұлы, көршім" - дей беріп еді әлгі кісі бірден: "Ой, Бәке, Қайрекеңді танимыз ғой" - деп әлгі жерде маған қаратып біраз жақсы сөздерін айтып тастады. Қайтарда Бәкең: "Қайреке мен сізді таныстырайын деп жүрсем, сізді елдің бәрі таниды, атақ-абыройыңыз бар" - деді. Мен: "Бәке, мәселе бұл дүниеде танымал болуда емес қой, ана дүниеде Жаратушы Иеміз "құлым" - деп рақым назарымен қарап, Пайғамбарымыз (с.а.у.) менің үмметім деп, бізді танып жатса, сол нағыз ғанибет! Әйтпесе, мына дүниеде атағыңнан ат үркетін танымал, мүйізі қарағайдай әйгілі бола тұра ақыретте Алланың рақым назарына іліге алмасаң, одан не пайда, қандай қайыр!". Бәкең терең ойға батты. Үндемейді. 

Рас, тек танымал болу жетістік емес. Атақ пен танымалдылық кісіні тура жолдан тайдыратын жылтыр мұз, аяғын аспаннан келтіріп, тоңқалаң асыратын қауіпті фактор. Әйгілі болу, атақ-абырой пендеге Алланың нығмет кейпінде берген жазасы да болуы ықтимал. Алла кейде пендесін жазалағысы келсе, оған атақ пен дәулетті үйіп-төгіп беріп те жазалайды. Көп адам өзінің танымалдығына масаттанып, бар адамдық қасиетінен айырылып жүргенін көзіміз көріп жүр. Атағы дүркіреген небір пенделер ғұмырының бір кезеңінде қор болып, масқарасы шығып та жатады.

Сұрамай келген танымалдылығыңды ел игілігіне пайдалана алсаң, ол басқа әңгіме. Бірақ нәпсі қалауын тояттандыратын құрал ретінде қарасаң, ақыретің қатерде. Атақтың құлы боласың. Жалғыз ғана танымалдылық адамдықтың өлшемі, ізгіліктің безбені емес. Әйтпесе, талай әйгілілер өтті ғой бұл жалғаннан. Жалғанды жалпағынан басып жүрген Алла Пугачеваны танымайтын адам бар ма? Бірақ...

Қияметте үмбетіңді қалай танисың деген сауалға Алла елшісі: "Кісі өзінің қалың жылқысының ішіндегі ала аяқ, қасқа атын қалай таныса, мен де үмбетімді бойларындағы нұрдан солай танимын" - деген. Ендеше, ақыретте Алланың назары түсіп, Алла елшісінің (с.а.у.) жазбай танитын үмбеті болуды жазсын бәрімізге! 

Жұмаларыңыз мүбәрак болғай!

0 пікір