А.Қасым: "Доллар көтерілді. Бұрынғы алған қарызын қай бағаммен өтейді?" (Сұхбат)
А.Қасым: "Доллар көтерілді. Бұрынғы алған қарызын қай бағаммен өтейді?" (Сұхбат)
10 жыл бұрын 6738

- Бисмилләхир рахманир рахим! Құрметті Абдусамат мырза, Өзіңіз білесіз, осыдан бірәз уақыт бұрын (2014 ж.) доллардың теңгеге шаққан құны күрт көтерілді. Бұрынғы бағамы бойынша, дәлірек айтқанда 1 доллардың құны 155-теңге болып тұрған ол, бірден 185-теңгеге көтерілді. Доллар 155-теңгеден болып тұрған кезде берген қарыздарды қай бағаммен өтеу керек деген мәселе төңірегінде сөз қозғасақ деп отырмыз.  

Негізгі сұрағымызға өтпей тұрып жалпы «қарыз берудің шариғаттағы орны» жайында қысқаша айтып өтсеңіз!

- Әлхамдулиллахи раббил ъаламин, уассалату уәссәламу ъаля әшрафил мурсалин Мұхаммәдин уа ъала әлиһи уәсахбихи әжмәъин. Әссәләму ъалейкум уа рахматуллахи уа баракатух!

- Шариғатымызда ақшадан қысылып, қарыз сұрап келген кісінің бетін қайтармай, шама-шарқынша қарыз беру сауапты ісі. Алла тағала Құран Кәрімде: «Кім Аллаға көркем қарыз берсе, сонда Алла (Т.) ол үшін көптеген есе арттырып береді. Алла тарылтады да кеңітеді де. Түбінде сөзсіз Оған қайтарыласыңдар»[1], - дей келе, «қарз хасан» яғни Алла разылығы үшін «көркем қарыз» берген кісіге Алла берекесін арттырып, ақыретте сауапқа бөлейтіндігін айтуда. Аяттағы «қарз хасанға» міндетсінбестен, әрі еш пайыз қоспастан берген қарызды жатқызсақ болады. Өйткені өсімге қарыз беру – харам.

Табаранидің хадистер жинағында келтірілген бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у) былай дейді: «Исра түні Жәннаттың есігінде: «Садақаның – он есе қарымтасы бар, ал қарыздың – он сегіз есе (қарымы бар)», - деп жазылғанын көрдім. Содан Жебреил періштеден: «Неге қарыз садақадан артық?», - деп сұрағанымда Ол (ғ.с.): «(Қайыр) Сұраушы өзінде бола тұра сұрауы мүмкін. Ал, қарыз сұраушы тек мұқтаж болғандығынан қарыз сұрайды (сондықтан оның мұқтаждығын өтеу сауаптырақ)», - деп жауап берді»[2].

Ислам дінінде қарыз беру түсінігі – Алла ризалығына бөленіп, сауапқа кеңелу ұғымына негізделген. Өсімге қарыз ақша беру харам.

Бірақ мынаны да ұмытпау керек, қарыз алған кісі, қарызын өтеуге шамасы келген сәтте, оны дереу өтегені жақсы. Алған қарызын иесіне өтеуге жағдайы келе тұра әне берем, міне берем деп созуға болмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің бір хадисінде былай деген: «жағдайы   бола тұра алған қарызын созып жүре беруі – зұлымдық»[3] (مَطْلُ الْغَنِيِّ ظُلْمٌ). Тағы бір хадисінде: «Кісі қарызын өтемейінше жәннатқа кірмейді», - делінген.[4]

- Бәрекелді. Әбеке, бұрынғы бағамы бойынша, дәлірек айтқанда 1 доллардың құны 155-теңге болып тұрған кезде берген қарыздарды, бүгінде қайтарар болса, шариғат бойынша қайсы бағамды негізге алуы шарт?

- Шариғатта «Қарыздың алған кездегі құны емес, оның берілген сәттегі мөлшері мен берілген валюта түрі өтеледі[5]» деген қағида бар.  Бұл дегеніміз, қарызға берілген ақшаның бастапқы кездегі (берген сәттегі) құнының өсуіне немесе арзандауына қарамастан, алған кездегі түрі мен мөлшері қайтарылады[6]. Ислам ғұламалары арасындағы көпшілігінің тоқтамы осындай. 

Бұл дегеніміз, 1 доллардың құны 155 – теңге болып тұрған кезде қайсы валютамен берген болса, сол валютамен және сол кездегі алған мөлшерде қайтаруы керек. Мысалы, 100000 теңге берілген қарыз, сол теңгелей 100 000 теңге мөлшерінде қайтарылады. Доллар көтерілді деп 185 теңгеге шағып бересін деп талап ете алмайды.

Осыған сәйкес ертеректе Ханафи ғұламасы Имам Сәрәхси (б.ж.с. 1009-1090 ж.) мынадай мысал беріп өткен: «...Кімде-кім, құны жарты дирхам күміске сай келетін мөлшерде фүлус ақшаны [7] қарызға алса, қайтаратын кезде бастапқыда алған мөлшердегі фулусті қайтарып береді. Сол мезеттегі құнының қымбаттауына немесе арзандауына қарамайды. Себебі алынған қарыздың ұқсасы қайтарылуы керек[8]».[9]  

-Түсінікті. Осы тұрғыда Арман Әлменбет деген азамат мынадай сауал жолдаған екен: Мен бір адамға 100 доллор қарызға бердім. Ол кезде доллор 155-тен еді. Енді, доллар бағасы 185 болып кетті. Осы жерде қалай істеуіміз керек? Енді осыған жауап берсеңіз!

- Жоғарыда мынадай қағида айтып өттік «Қарыздың алған кездегі құны емес, оның берілген сәттегі мөлшері мен берілген валюта түрі өтеледі[10]» деген. Осы қағидаға сай берілген 100 доллар, сол 100 доллар күйінше қайтарылады.

18 ғасырда Ханафи құқық мектебінің негізінде жасалған «Мәжәллә» атты Осман империясының азаматтық құқық негіздеріне жазылған түсіндірмеде мынадай мысал берілген: «Әлдекім біреуінің құны 108 (жүз сегіз) Қурушқа тең 50 (елу) Османлы Динарын қарызға алса, кейінен әлгі динардың құны 100 қурушқа түсіп қалса, немесе 120 қурушқа көтерілсе, бұл жағдайға қарамастан қарызға алушы бастапқы мөлшерді, яғни 50 османлы динарын қайтаруы тиіс».[11]

Сондықтан Арман бауырымыздан 100 доллар қарыз алған кісі бүгінде құнының өсуіне (185 теңге) қарамастан, сол күйінше жүз доллар етіп қайтаруы тиіс. Қарызға берген кездегі құны (155 теңге) есепке алынбайды. Әрине, қарыз беруші тарапынан жеңілдік таңытылып, сол бұрынғы бағаммен қайтаруға рұқсат беріп жатса, оның еш айыбы жоқ, қайта сауапты болады. Өйткені, қарыз алушы доллардың күрт көтерілгендігі себепті қиын жағдайға тап болып жатса, оған жеңілдік танытудың өзі сауап.

- Абдусамат мырза, осы ретте тағы бір сауал туындап отыр. Әлгі қарызға берілген долларды, теңгелей қайтаруға бола ма?

- Алда-жалда, әлгі 100 доллар қарызды қайтару сәтінде теңгелей қайтаруды екеу-ара келіссе, бұрынғы бағамын емес (155 теңгені емес) қайтаратын күнгі бағамын (мысалы: 185 теңгені) негізге алады. Бұған мына хадис дәлел: Абдулла ибн Омар былай дейді: «Бақиъда түйені (қарызға) динарға сатып, оның орнына дирхам (күміс ақша) аламын. Кейде дирхамға сатып, оның орнына динар аламын. Осының үкімін білейін деп Алла елшісіне (с.а.у) келдім... Ол (с.а.у): «Ондай әрекетіңде күнә жоқ. Тек бірінің орнына екіншісін алатын кезде, сол күнгі бағамдарын негізге ал. Және бір-бірлеріңе ешқандай бережектерің болмастан сол жерден айырылыңдар», - деді»[12]

Бірақ бұл жерде мына нәрсені де ескеру керек, қарызға ақша беру барысында қарыз беруші: «Бұл қарызды қайтаратын кезде, түгенше бағаммен қайтарасың немесе түгенше валютамен қайтарасың» деп алдын ала шарт жасасудан аулақ болуы тиіс[13]. Мысалы, бір кісіге 100 000 теңге қарыз бердіңіз делік. Қарыз беру кезінде алушыға: «мұны қайтаратын кезде теңгелей емес, долларға шағып бересің немесе қайтару сәтіндегі бағамға сай бересін», - деп өзге валютаға байлауға рұқсат жоқ.  

- Бұл айтқандарымыз: берілген қарыз ақша құнының арзандауына немесе қымбаттауына қатысты болды. Ал ақша мүлдем қолданыстан шығып кетсе, не істейді?

 - Ондай жағдайда Имам Әбу Юсуф (р.а): «қарыздың берілген күнгі күміске шаққандағы құны негізге алынады», - десе, Имам Мұхаммед: «Берілген күнін емес, ақшаның қолданыстан шыққан күнгі құны беріледі», - деген[14].

Аталмыш екі ұлы ғалымның бұл уәждерінің астарында қарызға берген адамның ақысын қорғау мақсаты жатыр.  Бұл мақсатқа жетелейтін (тек күміс немесе алтынды ғана емес) өзге де валютаны негізге ала отырып, қолданыстан шыққан ақшаның құнын қайтарса, ағаттығы болмас.

- Сұрақтарымызға жауап бергеніңізге рахмет! Отбасыңызға амандық, деніңізге саулық, жұмысыңызға береке тілейміз!

 Сұхбаттасқан Мұхтар Тұртайұлы

(05.04.2014 ж.)


[1] Бақара – 245 аят.
[2] Әл-Муъжәмул Әусат – 6715.
[3] Әбу Дәуід: Бәбу фи матл – 3345.
[4] Әл-Мүстәдрак: Китәбул Буюъ – (900)2259.
[5] الديون تقضى بأمثالها لا بقيمتها
[6] Ислам фиқһ ұйымының1988 жылғы Кувейт мемлекетінде өткізген 5-ші кезекті отырысында қабылданған қаулысы:http://www.fiqhacademy.org.sa/qrarat/5-3.htm
[7] Фулус немесе фоллис мыстан жасалған ақша
[8] "المقبوض على وجه القرض مضمون بمثله"
[9] Имам Сәрахси: әл-Мәбсут – 14/30 бет.
[10] الديون تقضى بأمثالها لا بقيمتها
[11] Али Хайдар: Дурарул Хуккәм Шәрху Мәжәлләтиль Ахкәм. 2 том,  86 бет.
[12] Әбу Дәуід: «Бәбу фи иқтиза әз-зәһаб минәл уәрақ», №3354 хадис.; әд-Дәрими - №2581 хадис;  ән-Нәсәи-4582 т.б.
[13] Ясәлунака  гани муамалат –146 бет.
[14] Имам Сәрахси: әл-Мәбсут – 14/29 бет.

0 пікір